Шенеунік пен шенділер шайқасы
Полиция бөлімшелерінің басшылары мен аудан, қала әкімдерінен құралған командалар арасында ұйымдастырылған шағын футболдан жолдастық кездесу өтті. Аяқдоп сайысы 4:2 есебімен, шенділердің жеңісімен аяқталды. Спорттық кездесу ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының Қостанай облысы бойынша филиалында "Басшыларды оқыту бағдарламасы" аясында өткізілгенін айта кеткен жөн.
Академия базасында алғаш рет 25 полиция басшысы оқудан өтті. Осы уақытта әкімдер де білімдерін тереңдетіп жатқан еді. Шенділер мен шекпенділерді футбол алаңында тоғыстыру – оқу ордасының идеясы.
Сонымен, ойынның алғашқы минутында есепті Арқалық қаласының әкімі Эльдар Күзенбаев ашты. Екінші голды Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Асанов соқты. Тәртіп сақшыларының тынысы тек ойын ортасында ғана ашылғандай, үш доп қатарынан қарсыластар қақпасына саңылау тапты. Ал төртінші жеңіс голын Қостанай қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Болат Шубаев соқты.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ