Гуманитарлық көмек жолға шықты
Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында Қостанайдан 20 тонна ұн, 7 тонна макарон мен 3 тонна кондитерлік өнімдері бар авто керуені жолға шықты. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Архимед Мұхамбетовтің басшылық етуімен арнайы жедел штаб құрылған болатын.
– Жайсыз хабар жеткеннен-ақ Тобыл өңірінің жұртшылығы қиналған ағайынға қолдау білдіріп, қол ұшын беруге асықты. Мұқтаж жандарға қол ұшын созғысы келетін жекелеген адамдар «Nur Otan» партиясы филиалы жанынан құрылған арнайы бекетке бара алады.Сын сәтте ынтымақ таныту маңызды, – дейді партия төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисембаев.
Партияластар мен мекеме қызметкерлері бір күндік еңбек жалақысын Арыс тұрғындарына көмектесу үшін арнайы шотқа қаражат аударған болатын. Қаржылай көмек көрсеткендердің арасында қостанайлық кәсіпкерлер де бар.
Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкер, «Nur Otan» партиясының мүшесі Сергей Блок жағдайды естіген бойда бір миллион теңге, «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, ҚР Еңбек ері Азамат Тұрсынов ол басшылық ететін «Қарасу» ТПК серіктестігінің қызметкерлері 3,5 миллион теңге аударғанын атап өтті Жаңабай Жолтайұлы.
Жиырма тоннадан астам ұнды «Олжа – Агро» серіктестігі арнайы көлікке тиеп жөнелтті.
-Аптаның соңына дейін қосымша 40 тонна жөнелтілетін болады,- дейді «Олжа Агро» серіктестігінің басшысы Айдарбек Ходжаназаров.
Алғашқы гуманитарлық керуен Арыс қаласына жол тартты. Алайда қол ұшын беремін деген жандарға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында күні-түні қабылдау пункті бар.
Сонымен қатар, көптеген қостанайлықтар азық-түлік пен киім-кешектер әкеліп жатыр. Біздің белсенділер тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Азық-түлік, алғашқы қажетті тауарлар, жеке гигиена құралдары және дәрі-дәрмектерді жинауға меценаттар, демеушілер, кәсіпорындар және өңірдің тұрғындары көмек қолын созуда. Қазірдің өзінде қала-аудандардан, кәсіпкерлердің атынан жеткен жүктер бекет басына жинақталып жатыр. Бұл жұмыстар Арыстағы жағдай тұрақталғанша жалғаса беретінін айтады ұйымдастырушылар.
Әсел ҚИБАШ