Қорға қанша қаражат жиналды?
Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмектесу үшін құрылған "Қайырымдылық KZ" қорына қазақстандықтардан 500 млн теңгеге жуық қаражат жиналған. Қорға түскен қаржы Әулиекөл және Қарасу аудандарындағы өрттен жапа шеккен тұрғындарға және елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалады. Бұл туралы қор құрылтайшылары арнайы брифингте айтты.
"7 қыркүйектегі есеп бойынша, қорға 491 млн 614 мың теңге түсті. Мәселен, "СарыАрқаАвтопром" ЖШС 70 млн теңге, Petro Retail ЖШС 50 млн теңге аударса, елдегі ең ауқатты 50 кәсіпкердің тізіміне енетін Данияр Әбілғазин 50 млн теңге жіберді. Сондай-ақ, "Арип-Авир" ЖШС 5 млн теңге бөлді", — дейді облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов.
Бұған дейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қос ауданда өрт жалмаған үйлер бюджет есебінен қалпына келтірілетінін айтқан. Оған резервтен 820 млн теңге бөлінбек. Ал қалған жетіспейтін дүниелерді сатып алумен қор айналысады.
"Әзірге жалпы шығын көлемі әлі есептелген жоқ, процесс жүріп жатыр. Аудан және ауыл әкімдіктері жанынан құрылған комиссия залалдың ресми сомасын шығарғаннан кейін ғана қор қаржысын жұмсауды бастаймыз. Яғни комиссия соманы белгілеп, қорға қаржыландыру жөнінде өтінім жібереді. Өтемақыға баспаналарына жартылай нұқсан келген тұрғындар да ие бола алатынын айта кетейік", — дейді облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Қапенова.
Айта кету керек, "Қайырымдылық KZ" қоры Қостанайда 9 мамырда құрылған болатын. Соңғы оқиғаға дейін жабық тұрған еді. Жекелеген жинақ көздерінің көбейіп кетуіне байланысты бірыңғай қорды ұйымдастыру шешімі қабылданған. Құрылтайшылар қор жұмысының ашықтығын қамсыздандыру үшін қанша қаражат жиналғаны жөнінде үнемі мәлімет беріп отырады.