Отбасы – өмір аясы
"Отбасы – ошақ қасы" демекші, мен үшін отбасы қасиетті ұғым. Көктерек негізгі мектебінде оқып жүргенімде әр түрлі іс-шаралар болып тұратын. Отбасы күнін ата-аналарымызбен бірге тойлайтынбыз және өте қызықты болатын.

Қазақта: "Отан отбасынан басталады", – деген дана сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек. Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды ұя. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы үйде қаланған. Жанұяның береке-бірлігі әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Міне, осы мерекеге барлық ата-аналар, көненің көзі ата-әжелер немере-шөберелерімен бірге сабаққа қатысып, топ-топтарға бөлініп, әр түрлі сайыстар өткізді. Ата-әжелер немерелерімен бірге жүгіріп, доп ойнағаны тіпті қызық болды.
Сынып сағаттарында отбасы туралы айтылған қазақтың мақал-мәтелдерін талқылап,ата-аналарымыз жайында өте керемет әндер шырқадық. Маған оқу жылының басталуы өте қатты ұнады.
Алтынай Серікбаева,
Ғ.Жұмабаев атындағы орта мектептің
10 сынып оқушысы.
Меңдіқара ауданы.