Ең үздік мемлекеттік қызметші анықталды

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Үздік мемлекеттік қызметші – 2019» атты облыстық байқау өтті. Биыл 13-ші рет ұйымдастырылып отырған шараға облыстың әр түпкірінен келген 18 адам қатысты. Олардың ішінде аудандық, қалалық әкімдіктерде қызмет етіп жүрген мамандар бар. Байқау барысында мемлекеттік қызметшілер кәсіби шеберліктерін ғана танытып қоймай, өздерінің шығармашылық қабілеттерін де көрсете білді. Үздіктерді Рима Ғабдолова, Ерлан Қалмақов сынды білгір мамандар бастаған қазылар алқасы анықтады. Қатысушылар әуелі өздері алдын ала дайындап әкелген бейнекөрсетілім арқылы күнделікті атқаратын қызметтері туралы баян етті. Одан кейін әр қызметші өзін өзі таныстырып, шығармашылық өнерлерін көрсетті.   Bezymjannyj5-11-775x420"Үздік мемлекеттік қызметші» байқауына жас мамандармен қатар, еңбек өтілі жоғары тәжірибелі қызметкерлер де қатысып отыр. Басты мақсат – мемлекеттік қызметтің абырой-беделін көтеру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін кеңінен насихаттау, үздік кәсіби білімі бар озық тәжірибелі мемлекеттік қызметшілерді анықтап, ынталандыру, олардың уәждемелік жүйесін жетілдіру", – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Салауат Мүксімов.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған мемлекеттік қызметшілерге дипломдар мен арнайы кубок табыс етілді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқарма басшысы Ерлан Салықбаевтың айтуынша, аталмыш байқау мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың тиімді тетіктерінің бірі саналады. Байқау шарты бойынша қатысушылардың мансаптық саты бойынша өсуіне де мүмкіндік қарастырылған.  Мысалы, өткен жылғы байқаудың жеңімпазы қазір Қытайда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білімін жетілдіріп жатыр.
Байқауда облыстық еңбек комитеті департаментінің бас маманы Жанар Боқышева да бақ сынады. 13 жыл бойы мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен білікті маман үздік қызметкердің қандай болу керектігін жақсы біледі.
"Мемлекеттік қызметшінің бойында кісілік пен табандылық, кәсіби біліктілік сияқты қасиеттер үйлесім тауып жатса игі. Өйткені біз халықпен жұмыс істейміз. Жұмыс барысында түрлі мәселе бойынша алдымызға келген тұрғындармен тілдесіп, түсінісіп, олардың қажетін өтеуіміз керек", – дейді ол.  
Байқау қорытындысы бойынша облыстық статистика департаментінің бас маманы Еркебұлан Тіленбаев ең үздік мемлекеттік қызметші атанды. Екінші орынды Науырзым аудандық әкімдігінің бөлім басшысы Асыл Қарабасова иеленсе, жүлделі үшінші орын Қостанай қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Әсем Есжановаға  бұйырды.
Бір әттеген-айы, конкурсқа қатысқан мемлекеттік қызметшілердің дені мемлекеттік тілді білмейтін болып шықты. Конкурсқа қазылық еткен Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов  осы мәселеге көңіл аудару қажеттігін айтты. Ол өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына:
«Байқауға қатысушылардың көпшілік алдында сөйлеуге дайын болмағаны қынжылтты. Тіпті күнделікті қызметте қолданылатын, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік саясаттың бағыттарына қатысты тақырып бойынша 5-6 сөйлем құрай алмаған қыз-жігіттер де кездесті. Халықпен жұмыс істеп, мемлекет саясатын түсіндіруге жауапты тұлғалардың бұл қылығы бізді ойлантуы тиіс деп санаймын. Құрметті Салауат Сыйлыбайұлы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы негізінде шешендік өнерге баулитын арнайы курстар өткізіп, жас мамандарға арнайы шеберлік сабақтарын өткізуді ұсынамын. Өз тарапымыздан, осы сабақтарды өткізуге І.Омаров атындағы қазақ драма театры мен орыс драма театрының әртістерін жұмылдыруға әзірміз» – деп жазды.
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓