ҚОЛАЙЛЫ ЖЕР – ҚОСТАНАЙ
Қазақстанның кәсіп жүргізуге қолайлы қалалары анықталды. Мұндай рейтингті Дүниежүзілік банк сарапшыларының түзіп отырғанын айта кеткен жөн. "Капитал.кз" ақпарат порталының хабарлауынша, Дүниежүзілік банктің ұлттық субъективті зерттеу жүргізуіне әлем қауымдастығының Қазақ еліне деген қызығушылығы себеп болған.
– Қазақстанның бизнесті жүргізуге негізделген жаһандық көрсеткіші өте жоғары, жетекші отыз елдің қатарына қосылған. Бастапқыда тек Алматы қаласы ғана бизнестік сараптама талдауына алынған болса, қалталы азаматтардың қызығушылығының артуына байланысты мемлекеттің ірі қалалары мен аймақтарын да саралап, тізімге алуға тура келді, – деді Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік банктің зерттеу қорытындысын жариялаған Жаһандық индикаторлар департаментінің басшысы Рита Рамальо.
Ол жеке кәсіптің кез келген елдің экономикалық өсуінің қозғаушы факторы екенін, сондықтан «кәсіптік климаттың» жақсартылуын, осы бағытта атқарылар іс-шаралардың ерекше маңызға ие екендігін атап өтті. Дүниежүзілік банк инвесторлардың құқықтарының қорғалуын, қаржыларының қайтарымдылығы мен салымдарының сәттілігін қамтамасыз етуге мүдделі болғандықтан, осы тектес зерттеулерді жүргізуге тура келетіндігін жеткізді.
– Субъективті ұлттық зерттеуге Қазақстанның сегіз аймағы – Қостанай, Алматы, Өскемен, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары алынды. Сараптау барысында аймақтардың деңгейлерінің әр түрлі екені аңғарылды. Мәселен, Елорда мен Алматыны салыстыру барысында айырмашылықтарының алшақтығы байқалды. Жалпы алғанда, барлығында да оң өзгеріс бар. Нақты атқарылған жұмыстар мен нақты қолға алынған бағдарламаларды сараптай келе, айтулы елді мекендердегі "кәсіп жүргізуге қолайлы климаттың" жақсарғанын аңғардық. Аты аталған елді мекендердің арасынан Нұр-Сұлтанның көрсеткіштері керемет көрінеді, – дейді Дүниежүзілік банк сарапшысы.
Бас қаламыздан кейінгі көрсеткішке Алматы қаласы ие. Тобыл өңірі сол тізімнің бел ортасында. Ал кәсіп ашуға ең қолайсыз аймақ есебінде Жамбыл облысы аталыпты. Кәсіпке қолайлы аймақты анықтау барысында Дүниежүзілік банк сарапшылары төрт көрсеткіш бойынша салыстырмалы талдау жасаған. Атап айтқанда, кәсіпорындарды ашу, құрылысқа рұқсат алу, электрмен жабдықтау жүйесіне қосу және меншікті тіркеу критерийлері қарастырылған. Қостанай облысы осы талаптардың барлығына да сай келіп тұр.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ