Қ.Тоқаев: Қиындықтарды бірге еңсереміз!

ҚР жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге ант беріп, қандай маңызды мәселелерді шешуге күш жұмылдыратынын баяндады.5cffa435551cb
«Президент ретінде мен үшін экономикалық дамудың жалпы цифрлары емес, халқымыздың нақты игілігі маңызды. Сондықтан стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдарда халықтың пікірі назарға алынады.  Біздегі мемлекеттік билік формуласы – күшті әрі өкілетті Президент, беделді және әрекетке бейім Парламент, халыққа есеп беруге міндетті Үкімет. Дәл осындай саяси жүйе күрделі геосаяси ортадағы мемлекетіміздің қажеттіліктеріне сай келеді, алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді атқаруға көмектеседі», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент салтанатты іс-шара барысында әлеуметтік мәселелерге де тоқталды. Соның бірі – тұрғын үй түйткілдерін шешу жолдарын сөз етті.
"Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды. Содан кейін әділетті әлеуметтік саясат. Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта ең алдымен не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау, барлық тұрғынға сапалы медицаналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар", – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ол мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылданатынын айтты. Тоқаев олардың құықығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдайлар жасалады.
Тағы бір өзекті мәселе – жемқорлықпен күрес. Бұл қоғамдық кеселдің алдын алу арқылы ғана елдің қарыштап дамуына кепіл бар екенін бұған дейін тілге тиек етіп:
"Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен өсім бізге не үшін қажет? Терең түсінуіміз қажет. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс", – деген еді ол.
Тоқаев жастарға қолдау көрсету мейлінше ден қоймақ. Ол баяндамасы барысында әсіресе "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жастарға бағыттау керек екенін айтты. 
"Рухани жаңғыру құндылықтары біздің басты рухани бағыт-бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады. Бәсеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет", – деді Мемлекет басшысы. 
«Қымбатты отандастар! Алдымызда ауқымды әрі жалпыхалықтық міндеттер тұр. Мақсатымыз – айқын, жолымыз – ашық. Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар еліне айналды. Оның игілігін жастар мен келешек ұрпақ көреді. Біз – бабалар дәстүрін қастерлейтін, жаһанның озық жетістіктеріне ұмтылатын халықпыз. Бұл – біздің күш-қуатымыздың діңгегі. Біз алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз. Біз қуатты әрі гүлденген Қазақстанның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз. Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы қарызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін. Баршаңызға амандық, құт-береке тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін», – деп түйді сөзін ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓