Сапар сәтті болды
І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ташкент қаласына гастрольдік сапармен барып келді. Бүгін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов өнер ордасының ұжымымен бірге гастроль барысы мен алдағы жоспарларды тілшілермен бөлісті.Ілекең атындағы өнер қарашаңырағы Ташкент академиялық театры сахнасына «Хан Кене», «Әнім сен едің» (Шәмші туралы тамшылар), «Мұңмен алысқан адам» спектакльдерін ала барыпты.
– Көрерменнің ықыласы өте керемет болды. Өзбек ағайындардың біздің өнерімізге деген құрметі шексіз. Арасында өзіміздің қазақ ағайындар да көрермен болып отырды. Тіпті, қандастарымыздың бірі біздің ұжымға дастархан әкеліп жайып, ілтипаттарын көрсетіп жатыр, – деді театр актері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров.
Труппа елге қайтарда жолда Түркістан облысына да соғып, Отырар ауданының ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов туған ауылда «Әнім сен едің» (Шәмші туралы тамшылар) спектаклін қойып келіп отыр.
– Бұған дейін Шәмші ауылында қазақ вальсінің падишаһы жайында қойылым сахналанбаған екен. Жерлестер бізді зор ықыласпен қарсы алды, – деді театр актері Әлімхан Мырзахан.
Айтпақшы, Әлімханның өзі де осы Шәмші елінің тумасы. Сол себепті, ауылдастардың алдында ол «Қазақ мәдениетінің қайраткері» деген төсбелгі тағып келді.
Сапар барысында ұжым Өзбек академиялық театры, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы, Түркістан облысының әкімдігі, «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалы мен аталған ауданның мәслихаты атынан алғыс хаттармен марапатталып келіп отыр. Өнер ордасының гастрольдік сапары мұнымен тоқтап қалмайды. Алда жоспар көп.
Қ.Қиысханұлы