Қашардың қауқары қандай?
Биыл Рудный қаласына қарасты Қашар кентінде үш балалар алаңы бой көтеріп, негізгі және аулаішілік жолдарды жөндеу жалғасады. Сондай-ақ, қаңырап бос тұрған үй ғимараттарын консервациялау қолға алынады. Бұл туралы халықпен есептік кездесуінде әкім Арман Алдоңғаров мәлімдеді.
Бүгінде кен байлықтың үстінде орналасқан Қашар халқының саны табиғи өсім мен ішкі көші-қон есебінен 12 683 адамға жетті. Еңбекке жарамдыазаматтар саны 4903. Оның ішінде жұмыспен қамтылған4233 адамның басым көпшілігі қала құраушы кәсіпорын «ССКӨБ» АҚ Қашар тау-кен өндіру кешеніндежұмыс істейді.
Басшы баяндамасындағы елеулі оқиғалар мен сандарға тоқталсақ. Былтыр көктемде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қостанайлық меценат, «Ермек-К» ЖШС директоры Сабит Жайлаубаев көпбалалы Бүркітбаевтар отбасына үш бөлмелі жаңа пәтерді сыйға тартып, асқан жомарттық үлгісін көрсетті. Іле-шала жергілікті кәсіпкерлер Александр Адамчук, Лилия Орлова мен Ринат Багаутдиновтар қоныс иелеріне тұрмыстық техника сатып алып берді.
Денсаулық сақтау саласына келсек, 2019 жылы кент ауруханасына 15 млн теңгеге үш жедел жәрдем көлігі, 4,8 млн теңгеге зарарсыздандырғыш пен биохимиялық талдағыш сатып алынды. Аурухананың дәрігерлік диагностика бөлімшесі жөндеуден өтіп, ақ халаттылар қатары үш маманмен толықты. Дегенмен терапевт және балалар дәрігері тапшылығы әлі байқалады. Кадр мәселесін шешу үшін әкімдік өткен жылы аурухана балансына екі пәтерді өткізді. Биыл тағы екі пәтер беру жоспарда бар.
Қашарлықтар үшін басты жаңалық – 40 жыл жөні дұрыс жөндеу көрмеген «Юность» мәдениет үйінің адам танымастай өзгеруі болды. Бұған Қостанай облысы әкімдігі мен ERG арасындағы өзара әріптестік туралы меморандумға сәйкес 289 млн теңге бөлінді. Қазір мәдениет ошағындағы 23 шығармашылық клубқа 300-ге тарта ауыл тұрғыны қатыстырылған.
Жастар жылына орай 2019 жылдың күзінде «ССКӨБ» АҚ бастамасымен 2-ші шағынауданда скейт саябағы салынды. Осылайша экстремалды спорт түрімен айналысушылар заманауи, қауіпсіз алаңда шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.
Ауыл экономикасында да оң өзгерістер байқалады. Қашарда 200 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның 2-і банк филиалы, 5 дәмхана, мейманхана, сауда ойын-сауық орталығы, сақтандыру компаниясы мен нотариалдық қызмет көрсететін екі ұйым.
Бюджетке салық және басқа түсімдер көлемі 28 млн488 мың теңгені құрады. Сонымен қатар республикадан – 29 млн 841 мың теңге, облыстан 489 млн теңге (жолдарды орташа жөндеу мен мәдениет үйін жаңғырту), ал қалалық бюджеттен 497 млн 988 мың теңге көлемінде трансферттер түсті.
Арман Алдоңғаров бюджеттік қаржының неге, қандай мақсатқа жұмсалғанын тиынына дейін есептеп берді. Ал, кеттік…
Мемлекеттік мекеме-ұйымдардың капиталдық шығындары 51 млн 460 мың теңге, абаттандыру мен көгалдандыру– 41 млн 580 мың теңге, ойын және спорттық алаңдарын сатып алу және орнату–11 млн 954мың теңге, жарықтандыру – 16 млн 228 мың теңге, скейт парк құрылысы 12 млн 953 мың теңге және тағысын тағылар.
Айта кетейік, жолдарды жөндеуге облыстық қазынадан 200 млн теңге бөлінген болатын. Конкурс қорытындысы бойынша 161,1 млн теңге көрсетіп, жеңіске жеткен мердігер ұйым 41 653 шаршы метр тас жолды жаңартты. Үнемделген қаржы облыс қазынасы қайтарылды.
Жылу және құбыр желілерін жөндеу, кәріз-сорғыш стансасының жабдықтарын ауыстыру, газ тарту, қар тазарту тағы басқа жұмыстар жоспарға сай жүзеге асырылды. Жалпы айтқанда, кенттегі саяси-экономикалық жағдай тұрақты, халықтың тұрмыс-тіршілігі жаман емес. Жарты жылға толар-толмас қызметінде отырған Арман Алдоңғаров халқына жақын әкім екендігін сөзбен емес, іспен көрсетуге тырысып жүр. Әрине, бұл бастамасы ғана деп бағалайық.
Айта кететіні, есептік кездесуге Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязовпен қатар ҚР Президенті әкімшілігінің инспекторы Бауыржан Қасенов қатысты.
Баяндамадан соң халық көкейдегі сұрақтарын қойды. Тұрғындар көбіне коммуналды саладағы түйткілдер: құрылысы аяқталмай бос жатқан ғимараттарды жою, көп қабатты тұрғын үй шатырларын жөндеу, жеке секторға коммуникация тарту, жаздыгүні ыстық су беру мәселесіне алаңдаулы.
Қашар кентінің әкімі Арман Самұратұлы сауалдарға жауап бере отырып, аталған мәселелердің оң шешімін табуға ықпалдасатындығын алға тартты. Ал жыл бойы ыстық су беру жылуэлектр орталығы қатты отыннан табиғи газге көшкенде мүмкін болмақ.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ