ЖАЗБА АЙТЫС: Жауынбай мен Алтынай
"Құтты мекен – Қостанай" республикалық жазба айтысының екінші айналымын түйіндейтін ақындар жұбы – қостанайлық Жауынбай Жылқыбайұлы мен алматылық Алтынай Қанапия. Қос үміткердің қайсысы үздік шығып, үшінші айналымға жолдама алар екен? Оқып, лайықты бағасын беріп көрейік.
Жауынбай:
Қостанай таңы күліп нұрланады,
Шашылған қызғалдақтай қырда қаны.
Жангелдин, Батпаққара, Арқалықта
Топжарған топ ақындар шындалады.
Ақындық көш бастаған Уақ Жұмабай,
Біледі ел Есенжолдай шын дараны.
Сейдахмет, Күдері, Ақмолданың
Істеген ерен ісі тым бағалы.
Ал Әбіқай, Құбаша, Мәтібай ақын
Өлеңі мен өмірі жұмбақ әлі.
Кешегі Нұрхан, Сәт пен Омар Шипин
Айтысына ел берді шын бағаны.
Нұржан, Құтжан, Ғафу, Сырбай, Қайнекейдің
Еркіндік, Тәуелсіздік жырлағаны.
Ахаң, Жахаң, Әлмұхамед, Файзолланы
Кеңес елі "ұлтшыл" деп сынға алады.
Салықұлы Жүсіпбекті ел білмеуде
"Айнакөлге сапар" деп тұрған әні.
Ассалаумағалайкум, ар ма, ағайын,
Сарқыты де солардың бұл баланы.
Мәңгілік тарихыңда қалатұғын
Міне, осы Торғайдың тұлғалары.
Патша емес ақын боп туу керек
Жүрекпен сүю үшін бұл даланы.
Іргесін балаң қызбен тең тіктірді,
Демендер бүгін қызды жемтік қылды.
Экранның әр жағынан айтысқан соң,
Дауысым жаңғырған жоқ желпіп қырды.
Бірінші қарсыласым шықпай қалып,
Екінші қарсыласым ентіктірді.
Қостанайда тұрған соң бүгін балаң,
Баспасөздің есігін серпіп кірді.
Болып жатқан айтыста жазба ақындар
Арқаларын қоздырып елпіп тұрды.
Айтысқа апарар жан бар ма мені,
Қазақтың өлкесіне ертіп түрлі?
"Қостанай таңына" мың рахмет,
Байланыс-тырып жатқан жер түкпірді.
Жан едім қара сөзге шын білікті,
Дайындалар айтысқа тыңғылықты.
Алматының аруы Алтынайдың
Байқасам маңдайынан күн күліпті.
Суреттен сипаттап ем бет-бейнесін,
Сол менің жүрегімді мұң қылыпты.
Қара шаш, аққу мойын, пісте мұрын,
Сендегі байқатып тұр шын қылықты.
Гауһар көз, маржан тісін, ақық ернін
Көрсетіп, көзге сұлу үн қылыпты.
Сыртын сұлу көрсе шын көз тоймайды,
Ал ішкі жан дүниеңді кім біліпті.
"Қыздың қырық жаны бар" деген қазақ,
Қарсылас болып отсың тым күдікті.
Қыз бен жігіт айтысын жасап бүгін,
Өлтірмейік қазақи құндылықты.
Жалынды жастар бүгін ержетуде,
Жер-ана құшағымен тербетуде.
Ай десе аузы, күн десе көзі бардай,
Келіскен көркем екен келбетің де.
Алтынай он алтыдан асты биыл,
Ал енді бұл Жауынбай он жетіде.
Алла бәрін жаратқан сыңарымен,
Аққу да жалғыз журмес көл бетінде.
Бар әлемді құшағына сыйдыратын
Жаралған ана бесік тербетуге.
Алатаудай созсам да қол жетпейтін
Сендей сұлу жоқ шығар жер бетінде.
Алтынай:
Ұнаймын деп жұбымыз бұл аруға,
Жақсы-жақсы өлеңдер шығаруда.
Бейнемді әп-әдемі суреттедің,
Болмас сірә көңілге мұң алуға.
Мен де сені жақсылап суреттейін,
Көңіліңнің ақ туын жығамын ба?
Талтаңдай басып жатқан аяғың ба,
Қалқандай болып тұрған құлағың ба?
Қаймыжықтай қан-сөлсіз еріндерің,
Көздеріңнен сөніпті шырағың да.
Таңба басқан тырнақтай меңің де бар,
Орналасқан көзіңнен мың адымда.
Ал шашың жанып кеткен орман екен,
Аршасын мекен етер тұрағың ба?
Талай қызға бітпеген шыбық мүсін,
Күшің бар ма шыбынды жыға алуға?
Терісің өңі кеткен шүберектей,
Темір жоқ па қаныңның құрамында?
Түр-сипатың осындай, опа-далап
Көмектеспес, қарсылас, сірә мұнда.
Тең-теңімен деп тағы дәп-дәл айттың,
Өз сөзімен Жауынбай сыналуда.
Алатауға қол созсаң жетпейтұғын
Аққу құс сыңар емес құладынға.
Екеумізді сөз еттің сәл үн қатып,
Мен де онда сөйлейін жалындатып.
"Алтынай он алтыда, ал мен болсам
Он жетіде" – деп айттың дамылдатып.
Қосылуға, қалқатай, құштарсың-ау
Ойыңды жіберейін сағымдатып.
Есіміміз тұр екен түсіндіріп,
Себебімнің салмағын ауырлатып.
Сен Жауынбай болғанда, мен Алтынай,
Амал не, айта алмаспыз шағым да түк.
Алтын айдың кетпей ме құты қашып,
Қара бұлт келгенде жауындатып?!
Шегі жоқ маxаббатқа xалық лайық,
Халыққа жалған өлең дарытпайық.
Қадірлі оқырмандар, армысыздар,
Сіздерді жыр етуден жалықпайық.
Екінші айналым да келіп жетті,
Ақиқаттан кетпесін бағыт тайып.
Сіздермен екінші рет жолықтық қой,
Әнің боп аспаныңда шарықтайық.
Қостанайдың төрінде болмасақ да,
"Қостанайдың таңында" қалықтайық!
Жыр дода шабытымды тасытқан сан,
Жалғандыққа бүгінде асық қаншаң.
Жауынбай көрмей жатып мақтады-ай кеп,
Суретіңнен көрдім деп қашықтан сан.
Онсыз да ғаламторда танысатын
Қазірде қаптап кетті "ғашықтар" сан.
Желілерде "сүйем де күйем" дейді,
Телефонның түймесін басып қалсаң.
"Сендей сұлу жоқ шығар" деп өтірік,
Хабарлама жазады ашықтан сан.
«Сенен басқа ешкімді сүймеймін»,- деп,
Ғаламтордың артында жасық қаншаң.
Екі-үш қызда "жалғызым" деп тұрады,
Байқамай инстаграмын ашып қалсаң.
Сондықтан сөздеріңе сене алмаймын,
Сұлусың деп мейлі көп тасып-толсаң.
Экранның ар жағында отырып ап,
Көпірмей шын дәлелде ғашық болсаң.
Арам торға түсуің ғажап емес,
Ғаламторға осылай машықтансаң.
Жауынбай:
Тындадым сөздеріңді шын ұғына,
Тәтті екен еркелеген қылығында
Ол рас, бейнемізді суреттедік,
Қиғаш қас, ұзын еді бұрымың да.
Қос құлағым қалқиып кеткен шығар
Сендей сұлу болмаған соң сыныбымда.
Қырық айла қондырған бір басына,
Бойламас ұзын екен құрығың да.
Сөзіңнен ұстазыңның бу ұрып,
Ақ сазандай ойнақтайсын тұнығыңда.
Аузымның суы құрып отырғанмен,
Арманым кетпес езу жырығында.
Жеңгені болар қыздың қырсыққаны,
Ақтарылса санаңнан жыр шоқпары.
Қара өлеңнің ұйқасын тере бердің,
Басыңа тимеген соң ұр тоқпағы.
Кемшілікті бетіне баса берсең,
Жамалмайды қазақтың жыртықтары.
"Түр-сипатың осындай опа далап",
Деп Алтынай өлеңін ұршықтады.
Аспанға көзді жұмып түкірмеші,
Бетіне түседі ғой былшықтары…
Мен сені суреттеп ем тіл сындырып,
Жасарын Жауынбайдың білсін бүлік.
Қалқан құлақ, талтаң аяқ, бұйра шаш деп,
Жаратқан бір Аллаға жүрсің күліп.
Қуатымды тексерген адамдайсың,
Қайтейін, менменсіген құрсын қылық.
Өлген жанның шырағы сөнуші еді,
Көңілімді жібердің күрсіндіріп.
Күшімді көз алдыңа елестетіп,
Тұла-бойдан тудырдың тылсым қылып.
Өтірікті сыбырлап айтпасын деп,
Шырылдап шындық айтам бір шыңғырып.
Болмасын мынау елде қаралы аспан,
Мүддемізге жан едім араласқан.
Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,
Бөріге еріп демендер бала адасқан.
Ішіп жүрген ағалар толып жатыр,
Ініге ақыл айтуға жарамастан.
Мешітке кел, намаз оқы, үйрен десең,
Жастарым көп ат-тонын ала қашқан.
Оянатын қыздар жоқ, ғашық боп жүр
Боянатын ерлерге қарамастан.
Ал тәрбие бере алмай әкелер жүр,
Қапыда қара ұлы қара басқан.
Әке тұрып ұл сөйлеп төрде отырып,
Шеше тұрып қыз сөзге жағаласқан.
Мақсат тұлпар, талап қамшы бола алмай,
Әке мен бала осылай араны ашқан.
Күншілдер мен міншілдер, діншілдер бар,
Дәмеленіп жүргендер көп адал астан.
Өрге биік шығам деп зерделейік,
Аталы сөзге болмай сараң асқан.
Іріткі сап ішімізден ірімейік,
Бірігейік деп сұраймын бар Алаштан.
Келеді қыз алдында сыр ақтарғым,
Жырымды тындайды екен бірақ та кім?
Сыңғырлаған дауысың ғажап шығар,
Құрышын қандырған сан құлақтардың.
Ғашық болсаң дәлелде дейсің маған,
Келмейді ел алдында сірә ақталғым.
Қара өлеңнен асқан дәлел жоқ та шығар,
Бейнеңді көз алдыма құрап та алдым.
Мен жалған атақ-даңққа құнықпаймын,
Мәңгілік бұл өмірде тұрақтар кім?
Сеніменен, ару қыз, қол ұстасып,
Бәрінен өткім келер сынақтардын.
Бір көргеннен сүйдім десе сенбеуші едім,
Сен маған бір көргеннен ұнап қалдың…
Алтынай:
Жауынбай, айдындағы кемесің бе,
Өлеңіңді өрнектеп төгесің бе?
Ұнап қалдың дей бердің Алтынайға,
Қара бұлттай басыма төнесің бе?
Ал мен сені, қысқасы, ұнатпаймын,
Ұнамайды жүзің де, елесің де.
Қара өлеңнен асатын дәлел жоқ деп,
Өзің айтқан нәрсеге сенесің бе?
Алматыға пойызға билет алып,
Әр айтыста қолдауға келесің бе?
Апта сайын қыдыртып әр жерлерге,
Үй жағыма гүл әкеп бересің бе?
Біреу-міреу тиісіп жатса егер,
Өзің тауып күшіңмен жеңесің бе?
Әр мейрамда бағалы сыйлық жасап,
Айтқанына бұл қыздың көнесің бе?
Мен жайлы жырларыңды кітап қылып,
Мәңгі қалдырасың ба ел есінде?
Жоқ әлде телефонмен байланысып,
Маған тек қара өлең тересің бе?
Дәлел жоқ деп құр сылтау іздемей-ақ,
Бәлкім, қалқам, тырысып көресің бе?!
Қостанай, жеріңде құт, төрің көктем,
Бас иемін қастерлі елім деп мен.
Қазақтың маңдайына сыймай кеше,
Қаншама сенен туған ерім кеткен.
Бейімбетім жасынан жетім қалып,
Тағдырдың тауқыметті шегінде өткен.
Қазақтардың сауатын ашу үшін
Кітаппен меңгеруді жеңілдеткен.
Поэзия, проза мен драмадағы
Еңбегінің өнімі көрінбек тең.
Халықтың күйін күйттеп еңбек жазып,
Азаттықты арман қып, терін төккен.
Ақыры репрессия құрбаны боп,
Нар тұлғамның түбіне өлім жеткен.
Осынау ұлы адам Бейімбеттей
Қостанайдың қастерлі жерінде өткен.
Қазаққа орны толмас тұлға берген
Топырағың киелі сенің неткен!
Шындықтың шырқалады қашан әні,
Тасқа таңба басқандай қашалады,
Бейімбет те газетке атсалысқан
Халыққа қызмет болып жасағаны.
"Қазақ", "Айқап", "Жас алаш" кездерінде
Халықтың ақиқат еді асағаны.
"Қостанай таңының" да күні ертең,
Биік-биік шыңдардан асар әні.
"Халық көзі – газет деп" Ахмет атам,
Болжап еді "сананы ашар әлі".
Халық көзі оқылмай жатқан жай бар,
Сана арнасы теңіздей таса алмады.
Оны қазір телефон, теледидар
Не түрлі бағдарлама тасалады.
Міне, осы еленбей жатыр қазір,
Халыққа көп болса да жасағаны.
Қазағым газетпенен тіріліп ед,
Мәңгүрттіктен арылып тасадағы.
Не сұмдықты көрсеткен бағдарлама
Айтыңдар, қандай үлгі шаша алады?
Бірте-бірте қайтадан өлтірмей ме,
Қазағым сонда қашан жасарады?
Соқыр болып шел басқан біздің көзді
Тек қана "халық көзі" аша алады.
Атым ақын болған соң затым да айқын,
Кез келді ақиқатқа жақындайтын.
Әр ақын жеке өзі бағдарлама,
Таңдарын бір қызықсыз атырмайтын:
Аслан аға «Айтуға оңай» шоуы
Жөні жоқ әңгімені сапырмайтын.
Злиxа апай "Ас болсын" шоуы емес пе,
Дәмсіз өлең -жырлардан татырмайтын.
Батырландай ағамыз "Мәселе" ғой
Әр нәрсені дәлелдеп тақылдайтын.
Таңжарықтай ағамыз «Таңшолпан» ғой
Қабағы қашан болсын шатылмайтын.
Ал сен болсаң «Қалаулым» шоуысың ғой
Көп сөйлеп, көп нәрсені қатырмайтын.
Ештеңе шықпайтынын білсе-дағы
«Маxаббат, маxаббат» деп қақылдайтын.
Жауынбай:
Ақын ек сөзге құмар, іске бейім,
Қалайша қыздан бүгін сес көрейін.
Жеңілді қыздан деген жақсы ат емес,
Жеңу де мақсат емес, ескерейін.
Сені іздеп Алматыға барар болсам,
Төмендеп кетпес одан күш деңгейім.
Талай жанның жүрегін жұбататын
Тіл турары белгілі тістен кейін.
"Тырысып көр, бір мүмкіндік берем" дедің,
Алтынай, ер кезегі үшке дейін….
Болмасын елдің бізге сыйы мұңды,
Ағайын, қолдап отыр жиі ұлыңды.
Мен ''Қалаулым'', сен болсаң "Кел, келінім'',
Жыртқанша төбелесер киіміңді.
Эфирден боқтап, соттап, даттап жатқан
Бүгінде сол қыздардың күйі мұңды.
Ерлер әйел, әйелдер еркек болса,
Бағындырмас, елім-ай, қиырынды.
Ар-намыс бойға бүгін сіңбей қалып,
Бөлшектеніп бөлек бір жиырулы.
Қотыр атқа соқыр ат боп отырмыз,
Байқаттың сен де, міне, пейіліңді.
Басты арманым уламай жастар жанын,
Адастырмай таптырса екен үйіріңді.
Барлық сәби жүрекке бір жаратқан
Орнатса екен һидаят, мейірімді.
Әділ іс ағын судың арнасындай,
Әділ сөз болат семсер алмасындай.
Осы өңірде туылған ерлеріміз
Болған еді тарихтың жалғасындай.
Шын сөзден сан жеткісіз еткен залал,
Шулаған өлімтіктің қарғасындай.
Бейімбет, Тұрар атам шешім кылған,
Өгіз өлмес дей қылып арба сынбай.
Алты Алашқа белгілі ақындарым
Жанында болды жақын жолдасыңдай.
Кешегі Ахаң, Жахаң, Мағжан, Мұхтар
Сөздері болған еді қорғасындай.
Бейімбеттің кейінгі ұрпақтарын
Қорған болып жаратқан қолдасын жай.
5 күндік бұл өмірдің 4 күнінде
Кеткен еді басынан сор басылмай.
Ай өткізіп артынан, жыл жылжытып,
Қатал тағдыр камады торға сұмдай.
Өлеңі байлық бізге, бағасы артық,
Жолдары болған екен толған сындай.
Аса артық билікке ашу бітер,
Арыннан бұғып аққан ормасындай.
Қалдырып кеткен мәңгі жырды артында,
Ұлы өнердің еді ғой жорғасындай.
Міне, осындай тұлғалардың арқасы ғой,
Қара өлеңге қылған қазақ ордасын бай.
Ісің болды берекелі бір тынбай әр,
Құлқынды емес жан едің жұртынды ойлар.
Бес арысым, үш бәйтерек кеткеннен соң
Бұл күнде қаптап кетті Мырқымбайлар.
Жырын ылғи Бейімбет сай тереді,
Қазақтын қара нары, бәйтерегі.
Облыстық кітапхана атын мынау
Сол кісіге бере салса қайтер еді?
Өткен күн қайта айналып келмес бүгін,
Дедің сен Жауынбайдың теңдесімін.
Мен кешегі атағы дүркіреген
Құтжан, Ғафу, Сырбайдың жерлесімін.
Сен туған жер Алматы ару қала,
Торғайым туған жерім, төл бесігім.
Ақындар қаласында тұрып жатсаң,
Биіктерден көрінеді енді есімің.
Тындады сөздерімді тұнған Алаш,
Қызыл тіл қынсыз қылыш тыр жалаңаш.
Ақынның бар парызы – шындық айту,
Шындық айтып өлгенді кім қаламас?
Алтынай осы менен қош аман бол,
Демесін ел айтысты мылжаламаш.
Қыз бен жігіт айтысын жасап едік,
Жырларымыз болмасын сынған ағаш.
Сахнада кездескенше қош аман бол,
Созбақтап жатқанымыз бұл жарамас.
Алтынай:
Жауынбай, жалын жырға бөлемедің,
Осы ма ару қыз деп елегенің?
О бастан "маxаббаттап" қоймаған соң,
Мен сені "Қалаулымға" теңеп едім.
Аяқ асты "Кел, келінімсің" ғой" деп,
Құнымды түсіресің неге менің?
Бар мақсатың – әйтеуір тең көрсету
Өзің тіпті білмейсің не керегін.
Негізсіз оған мені теңейтіндей
Төбелесіп алдыңда бөгемедім.
Не болмаса бойдақ қыз-жігіттерді
Үйлендіріп жіберем демеп едім.
Күннен-күнге руxани азғындамай,
Руxани жаңғырсақ деген едім.
"Қотыр атқа соқыр ат" деп қоясың,
Болғың келсе өзің бол, керек едің.
Аққумын деп отырған ару қызды
Бұның не, қотыр атқа теңегенің?
Қостанай талайларды ғашық еткен,
Жаратқан бар киені нәсіп еткен.
Бейімбет, Омар сынды нарлар туған
Киелі жері, сайы, тасы неткен!
Қазағымның байрағын көтерсінші
Әрбір жан топырағыңды басып өткен.
Жауынбай, азамат бол "елім" деген,
Тілек бар ма осыдан асып өткен?
Ертеңің жарқын болсын, Қостанайым,
Жастарын игі іске асық еткен.
Бұйырса, әлі талай жолығармыз,
Шабысын аламанда xас үдеткен.
Хақ тағалам әрқашан бұл өлкені
Сақтасын жамандық пен қасіреттен!