Жер – жеке меншігің емес
Пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді тексеру және алып қою мәселелері бойынша республикалық жұмыс комиссиясының Қостанай облыстық ведомствоаралық кіші тобының алтыншы отырысы өтті.
Отырыс барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Бейімбет Майлин және Денисов аудандарының әкімдері есеп берді.
Жұмыс қорытындысы бойынша облыстың барлық өңірлерінің әкімдеріне жерді тиісінше пайдалану қажеттілігі туралы түсіндірілді. Тиісінше пайдаланылмайтын жерлерді ғарыштық мониторинг арқылы анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жерді өзге мақсатта немесе мүлдем пайдаланбай жатқан субъектілер анықталған жағдайда олармен жұмыс жүргізілетін болады. Қажет болған жағдайда жер мемлекет меншігіне қайтарылады.
Облыстың Жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, бақылау нәтижесінде 188 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер телімдері анықталған. Соның 143 мың га мемлекет меншігіне өтіп, ауылшаруашылық айналымына енгізілген.
Сондай-ақ, Департамент жалпы ауданы 45,4 мың га 24 жер учаскесіне қатысты заңбұзушылықтарды анықтап, сотқа жүгінген. Жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Қазірдің өзінде сот шешімімен Жітіқара ауданындағы жалпы көлемі 1,4 мың га құрайтын 3 жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Жер учаскелерін пайдалану мәселелері бойынша консультацияларды Қостанай қаласы, Амангелді көшесі, 93А, 205-кабинетте орналасқан «Jer adaldyg alany» фронт офисінде алуға болады.