«АМАНАТ» азаматтық платформасы құрылды
Президент сайлауына қоғамдық мониторинг жүргізуді көздейтін «Аманат» азаматтық плаформасының облыстық штабы өз жұмысын бастады. Оның құрамында сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қалайтын қоғамдық ұйым өкілдері, сарапшылар, қоғам белсенділері мен жастар бар. Штаб сайлауды өткізуге дайындық, заң қызметін көрсету, алғаш рет дауыс беретін жас сайлаушыларға тренинг өткізу, әрбір сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылау желісін құру жұмыстарын атқарады. Сайлау аяқталғанға дейін өңірде «Аманаттың» облыстық штабы, 35 мобилді капитан, 770 бақылаушы жұмыс істейді.
Азаматтық платформаның Республикалық штабының өкілдері Қостанайға келіп, облыстағы мобилді капитандарға тренинг өткізді. Президентікке үміткерлердің штабына барды. Сондай-ақ сайлауға бірінші рет дауыс беретін жастармен кездесті.
– «Аманат» алдына 5 міндет қойып отыр. Бірінші міндет – сайлауға жалпы дайындық. Сайлаудың басынан бастап, аяқталып, соңғы қорытындысы шыққанға дейінгі үміткерлердің дайындығы, жергілікті билік өкілдерінің дайындығы, жалпы сайлауға жауапты мекемелердің барлығының дайындығын бақылаймыз. Екінші міндетіміз – сайлаушылардың құқығын қорғау. Осы саяси науқанда ел бойынша 2 миллионнан астам сайлаушы бірінші рет дауыс береді екен. Мұндай азаматтарға тікелей және әлеуметтік желілер арқылы оқу семинарлары мен тренингтер ұйымдастырып жатырмыз. Үшіншіден, әр сайлау учаскесін тәуелсіз бақылаудың ұлттық желісімен қамтамасыз етуді көздейміз. Республикадағы барлық сайлау учаскесінде өзіміздің бір-бір бақылаушымыз болады. Ол бақылаушыларымыз алдын-ала оқу курсынан өтеді. Мәселен, бүгін Қостанай облысындағы бақылаушылар мен мобильді капитандарға арналған оқу тренингі өтіп жатыр. Төртіншіден, сайлаудың өту процесі туралы талдау-сараптама жүргіземіз. Бесінші міндетіміз – қоғам мен биліктің арасындағы сенімді қалыптастыру, кейде биліктің айтқанын халық, халықтың үнін билік естімей жатады. Біз әлеуметтік желілер арқылы челенж шақырып, сол арқылы сайланатын президентке аманат жолданады. Мұнда сайлаушы өзі дауыс берген үміткерге болашақта одан нені үміт ететінін айтып, 5 аманат жолдайды, – «Аманат» азаматтық платформасының мүшесі Әкім Тұрсын.
Нұрқанат Құлабаев