Ақбөкендер тікұшақпен бақылануда
Өңірімізде ақбөкендерді қорғауға арналған шаралар ұйымдастырылуда. Қостанай облысы бойынша ақбөкендер тікұшақпен бақылау 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл туралы бүгін облыстық прокуратурада өткен брифингте облыстық прокуратураның бірінші басқарма прокуроры Д.Бисембаев айтты.
– Соңғы жылдары Қызыл кітапқа енген киіктер саны облыс аумағында біршама көбейген. Заңсыз киік аулаушылардың да саны артқан. 2010 жылы өткізілген есептеу қорытындысы бойынша елімізде ақбөкендердің жалпы саны 97 400-ден 256 700-ға жеткен. «Алтын дала» табиғи резерваты аумағындағы киіктерді тікұшақпен бақылау 1 тамыздан басталды,- деді Д.Бисембаев.
Брифингте белгілі болғандай, жыл басынан бері заңсыз аң аулаудың 14 дерегі тіркеліп, 99 ақбөкен жойылды. Мемлекетке келтірілген шығын 22 млн. теңгені құрады. Соңғы рет Науырзым ауданы аумағында 38 киіктің өлексесі табылды, олардың кейбіреулерінің мүйіздері кесілген.
Сондай-ақ құзырлы орган өкілдері көпшілікке киік аулау, мүйіз сатумен айналысатын тұлғалар туралы деректерді дереу жеткізуді сұрайды.
Шұға Қоңқабай