Борышкерлер ыстық судан қағылмақ
Қостанай жылу энергетикалық компаниясы алдағы жылу маусымында шаш етектен қарызы барлармен күресті осылай бастағалы отыр. Жалпы, коммуналдық қызмет көрсету мамандарының айтуынша, тамыз айына дейінгі дебиторлық қарыз 390 миллион теңгені құрайды. Оның 288 миллионы жеке тұрғындардың, ал қалған сомасы заңды тұлғалардың берешегі.
Ал жылу беруші компания жыл басынан бері облыс орталығындағы пәтерлерге 90-ға жуық рейд жүргізіп, кейбір қарызы қордаланған тұрғындарды жылудан ажыраттық дейді. Осындай мақсатта қаладағы жиырмадан астам кәсіпорындардың мәселесі де жіті қаралыпты. Бұған қоса, заңды тұлғалар арасында жаңадан тұрғын үйлер салып жатқан мердігер компаниялардың да айтарлықтай борышы бар екен. Тіпті, жылу беру мекемесіне миллиондаған берешектері барлармен жалғыз ғана сот орындаушысы күресіп келеді.
Компания өкілдері сонымен қатар, ыстық суға қарыздың да көп екенін, берешегі бар тұрғындарға құбырдан ажырату туралы 271 мың ескерту таратылғанын жеткізді. Тек үстіміздегі жылдың бірінші тамызына дейін 126,7 миллион теңге қарызы бар 3 мыңға жуық пәтерге ыстық су беру тоқтатылған. Қостанай жылу энергетикалық компаниясының директоры В.Шмыглов ыстық судан ажыратылған пәтер иелері тек қарыздарын толық көлемде өтеген жағдайда ғана құбырларының қайта қосылатынын ескертіп отыр.
Шұға Қоңқабай