Биылғы Рамазан – 30 күн
Мамыр айының 6 жұлдызында басталып, 4 маусымда аяқталады. Бұрынғы жыл мұсылман қауымы 29 күн ораза тұтқан болса, биыл толық 30 тәулік ауыз бекітпек. Ал 6 маусым Ораза айт басталады. Қостанай облысының барлық мешіттерінде Айт намазы таңғы сағат 7.30-да оқылады. Биылғы қасиетті айдың бұдан басқа артықшылықтары жөнінде өңірлік коммуникация қызметінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет пен Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Мырзақанов айтып берді.
Қостанай облысы еліміздің оразаны ең ұзақ тұтатын аймағының бірі. Алғашқы күнгі таң сәресі сағат 3.43-те, яғни, таң намазынан 10 минут бұрын ішіліп болады. Ал күн батып, ақшам намазымен қатар келетін ауызашар кешкі сағат 21.27-де. Осылайша бір ай бойы кей күндері бір, кейде екі минуттан қосылып, соңғы күні 22 сағат 10 минутқа сәйкес келмек. Ал мұсылман жамағаты Қадір түнін 31 мамырдан 1 маусымға ауған түні күтеді.
– Оразадан бір күн бұрын, яғни, 5 мамыр күні құптан намазынан кейін жалғасып оқылатын тарауық намазы түнгі сағат 11 жарымнан басталмақ. Қазіргі таңда облыстың аудан-қала әкімдіктерімен тарауық намазынан кейін көлігі жоқ құлшылық етушілерді үйіне жақын маңайдағы аудандарға автобустармен тегін жеткізу келісілді. 13 мешітке құранды толық жатқа оқитын қарилар шақырылып отыр. Олар отыз күн бойы кәлам-шәрифтен құран қатым түсіреді. Биыл өңіріміздің 18 мешітінде ауызашар дастарханы жайылады. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекіткен биылғы жан басына берілетін пітір садақаның мөлшері – 300 теңге. Бірақ бұл сома 300 теңгемен шектеліп қалады деген сөз емес, әр адам Алла разылығы үшін қалағанынша бұдан да көп мөлшерде садақа беруіне болады. Ал белгілі себептермен (үнемі дәрі қабылдайтын, созылмалы ауруға ұшыраған, ораза тұтуға шамасы жоқ қарт адамдарға) ауыз бекіте алмайтын жандар үшін дінімізде фидия садақа, яғни, бір мезетте 60 адамды немесе отыз күн екі адамнан тамақтандыру жеңілдігі қарастырылған, – деді Б.Тәжімбет.
Мына сілтемеден Қазақстан қалаларына арналған рамазан айының ораза және намаз уақыттарының кестесін көре аласыз – https://www.muftyat.kz/kz/news/17029.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев