Өңір шаруашылығындағы өзгерістер
Биылғы жылы облысымызда жазғы егіс алқабы 17 мың гектарға ұлғаяды. Астықты аймақ жоспар бойынша жалпы көлемі 4,7 млн гектар жерге дән сіңірмек. Шаруашылықты әртараптандыру мақсатында өңір дихандары майлы дақылдар мен жем-шөп алқаптарының көлемін арттыруды көздеп отыр. Аймақта дәнді-бұршақты және жарма дақылдарының көлемі де 26 мың гектарға, жем-шөп азығына арналған алқап 22 мың гектарға артады деп күтілуде.
– Майлы дақыл былтырғымен салыстырғанда 5 мың гектарға көбейеді. Мұның сыртында көкөніс көлемі де біршама арта түседі. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш біршама жақсарған, – дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының бас маманы Диас Қабдышев.
Қостанай облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үлесі бойынша республикада бірінші орында (17,1%) тұрғандығын айта кетейік. Басқарма мамандарының айтуынша облыста көктемгі егіс науқанына даярлық аяқталып келеді. Ауылшаруашылық техникаларының 98 пайызы сақадай сай тұр екен. Биылғы жазғы егіс науқанына 22 мың трактор, 25 мың дән сіңіргіш, 765 егін егетін заманауи кешен мен өзге де техникалар жұмылдырылмақ.
Қасқырбай Қойшыманов