Арзан сауда алаңы
Бүгін Қостанай қаласының орталығында азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Кең ауқымды сауда-саттық шарасына, әдеттегідей, барлық аудан-қаланың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты.
Таңғы сағат 9.00-де басталған жәрмеңкеге тұрғындар көп жиналды. Олар қақаған қыс кездеріндегідей асығыс-үсігіс үстінде емес, күннің жылылығын пайдаланып, арба-дорбаларын сөрелерді аралап, таңдап жүріп толтырды. Берекелі шараға қостанайлықтар ғана емес, жақын маңдағы елді мекендерден келген адамдар да жетерлік. Өйткені мұндағы азық-түлік бағасы анағұрлым арзан – қарапайым халыққа әр саудадан 20%-дап пайдаға шығуға болады.
Белгілі болғандай, бүгінгі жәрмеңкеге, басқа өнімдерден айрықшалап айтқанда, 26 тонна ет, 25,5 тонна көкөніс және 150 мың данаға жуық жұмыртқа әкелініпті. Ең өтімді болған тауарлардың бағаларына тоқталсақ, жұмыртқаның он данасы 160 теңгеден, картоптың келісі 60, ұнның келісі 90 теңгеден сатылды. Нарықтағы құнынан 20% арзан сиыр, жылқы, тауық еттері мен балық саудасы да жақсы жүрді.
Айта кету керек, жәрмеңке жұмысын бақылауға, бағаларды бағамдап, халықпен жүздесуге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеутай Ержанов арнайы келді. Ол бере кеткен мәліметке сүйенсек, жалпы, жыл басынан бері облыс көлемінде осындай 152 жәрмеңке өтіп, 200 мың тоннадан астам азық-түлік сатылыпты.
Жұртшылық та билік өкіліне бұйымтайларын жеткізіп жатты. Бірі сауда-саттық орнының көпке қолайлы болғанын қалайды. Енді басқалары жәрмеңке өтер уақыттың кестесі әдеттегіден ертерек жарияланса дейді. Арзан сауда алаңына тұрақты келушілер саналатын зейнеткерлер сол кесте құрылар болса, зейнетақы қолға тиер кезге тұспа-тұс келуі ескерілгенін өтініш етті… Бірақ, әзірге, келесі шараның қашан және қайда өтері белгісіз.
Суреттер Бағдат Ахметбековтікі