БАЙТҰРСЫНОВ ОҚУЛАРЫ: РУХАНИЯТ, БІЛІМ, ИННОВАЦИЯ

Биыл Байтұрсынов оқулары «Ұлағатты Ұлы дала: рухани жаңғыру, білім және инновация» тақырыбында өтті. Қазақстан, Ресей, Германия, Хорватия ғалымдары бас қосқан халықаралық конференцияда рухани-мәдени байланыс, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.DSC_6147
«Еуразиялық экономикалық одақ аясында халықаралық ғылыми-инновациялық білім беру кластерін құру қажет. Жаңа құрылым  ЕАЭО-қа мүше елдердің ғылыми-технологиялық ынтымақтастығын нығайтып, ауылшаруашылық өнімдері экспортын арттыруға жол ашады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына сапалы кадр даярлауға, ғылым мен тәжірибені тиімді ұштастыруға қол жеткізеді». Ғылыми жиынның алқа мәжілісінде баяндама жасаған мәскеулік ғалым осындай ұсыныс айтты. Профессор Иван Сандудың  айтуынша, бүгінде Ресейде ауылшаруашылық кадрларын даярлайтын 54 ЖОО бар. Олардың бірі мал дәрігерін, бірі агрономды, енді бірі инженерді жақсы даярлайды. Білім ошақтарын белгілі бір салаға бейімдеп, нақты бір мамандық түрін даярлауға бағыттағанда ғана сапалы кадр мен тиімді ғылыми-инновациялық жобаларға қол жеткізуге болады. Ғалымның бұл бастамасына Ахаң атындағы ҚМУ ректоры да қолдау білдірді. «Бұл бағытта біздің ұжым жұмыс істеп жатыр. Сіз айтқан кластерге кәсіптік білім берумен айналысатын колледждерді де енгізу керек. Бұл жаңа моделді әлі де пысықтап, әбден жетілдіріп алып, министрлікке ұсынамыз» – деді Алма Досжанова.DSC_6148
Жиында «EBG gGmbH» кәсіптік және әлеуметтік білім беру мекемелері еуропалық қауымдастығының уәкілі (Германия) Вальтер Гаукс шағын және орта кәсіпкерлікті кешенді дамыту және сапалы кадр дайындау, тәжірибе алмасу мақсатында А.Байтұрсынұлы  университетімен ынтымақтастық орнатуға ынта білдірді. «Шағын және орта бизнес Германия экономикасының негізі болып есептеледі. Бұл салада көптеген инновациялық жобалар мен техникалық жаңару процестері іске асып жатыр. Германияда  орта буын мамандары мен университет деңгейіндегі мамандарды дайындауға баса мән береді. Біз сіздермен тәжірибе алмасуға дайынбыз» – деді ол.DSC_6164
Конференция барысында хорватиялық ғалым Мария Пенава өз елінің мәдени мұра саласындағы цифрландыру тәжірибесімен бөлісті. Небары 4 млн халқы бар шағын ғана еуропалық мемлекетте Әлемдік маңызы бар мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген 4 тарихи ескерткіш бар екен. Бұл мемлекетте тарихи-мәдени мұраны жинау, сақтау ісі ХҮІІІ ғасырдың орта тұсында басталған. Бүгінде Хорватияда жалпы саны 281 музей, музейлік коллекциялар мен галереялар жұмыс істейді. Олардың көбі жекенің меншігінде. Ғалымның айтуынша, мәдени мұраны сақтап, насихаттауда цифрландырудың маңызы зор. Бұл тарихи құжат түпнұсқасының мейлінше ұзақ сақталуына көмектеседі. «Бүгінде Еуропалық Одақ көмегінің арқасында Хорватияның мәдени-тарихи мұрасы толығымен цифрлық жүйеге көшті. Бұл салада біз мол тәжірибе жинақтадық. Дубровник университетінің кітапханасы да қазір толық цифрлық жүйеде жұмыс істейді.  Бұл салада  қос университетті ынтымақтастыратын мәселе көп» – деді  шетелдік ғалым.
Ғылыми жиын соңында А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ мен Ресей, Германия және Ховатия елдерінің ЖОО-ы  арасында ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓