5 орман өрті тіркелді
Бұл туралы бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен баспасөз жиынында аталған ведомство бастығының орынбасары Азамат Орымбаев мәлімдеді.
– Алдын алу жұмыстарының күшейтілгеніне қарамастан, бүгінгі таңда аймақта 1522 гектар аумақты құрайтын 5 орман өрті тіркелді. Олардың ең көп отқа оранған жері – Қарабалық ауданының Михайлов орман мекемесі аумағы. Онда 900 гектарға жуық орман массиві отқа оранды. Бүгінгі таңда өрттердің шығу себептері мен келген шығынды және кінәлілерді анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды.
А.Орымбаевтың айтуынша, 12 сәуірден бастап өңірімізде өрт қауіптілігінің алдын алуға 33 мобильді топ жұмылдырылған. Олардың қатарында азаматтық қорғаныс, жергілікті полиция қызметі, орман мекемелерінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Қазіргі таңда департамент облыстық әкімдік бекіткен жоспар бойынша мемлекеттік орман алқаптарындағы өрттің алдын алуға бағытталған бірқатар шаралар өткізуде. 19 сәуірге дейін департамент құрамында 500 адаммен бірлескен 14 рейд жүргізген. БАҚ арқылы да хабарландырулар, ескерту жұмыстары, дөңгелек үстелдер мен тауар өндірушілер арасында кездесулер ұйымдастырылуда екен. Өйткені, дала өртінің шығуына алқаптардағы қалдық шөп-сүрлемді, тұрмыстық қалдықтарды өртеу басты себеп болып табылады.
Айта кетейік, былтыр дәл осы мерзімде өңірімізде үш өрт оқиғасы тіркеліпті. Биылғы жылғы тілсіз жаудың жиілеуіне қардың ерте еріп, даланың тез құрғауы себеп дейді департамент мамандары.
Ал ертең, яғни, 24 сәуір күні облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіптілігінің алдын алу мақсатында саяжайларға рейд жүргізуді жоспарлап отыр.