7-ден 127-ге дейін
Қостанайда бірінші ҰБТ өткен сенбіде жүргізілді. Ең жоғарғы балл – 127. Десе де, мұндай үздік көрсеткіштің иесін ЖОО тек ақылы негізде ғана қабылдай алады. Яғни осы тестілеуде небәрі 7 балл жинаған сынақтасынан оның айрымашылығы аса көп еместей, әзірге… Естеріңізде болса, біз осыған дейін ҰБТ-ның Қазақстанда қаңтар, наурыз, маусым және тамызда өтетінін хабарлаған едік. Соның алғашқысы 15-20 қаңтар аралығында жүргізілді. Деректерге сүйенсек, елде 74 тест тапсыру пункті жұмыс істепті, олардың үшеуі біздің облысқа тиесілі. ҚМПУ базасында 219 адам, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-де 586 оқушы және Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында 53 түлек сынақтан өткен.
Нәтижесінде, бес пән бойынша облыстағы орташа балл 55-ке жетіп жығылды. Үздік нәтижені С.Мәуленов атындағы гимназия түлегі көрсетті, оның еншісінде – 127 балл. Ал ең төменгі көрсеткіш – 7 дұрыс жауабы бар бланк иесіне тиесілі.
Айта кетейік, қаңтарда және наурызда мектеп түлектерімен қоса, шығармашылық мамандықтардан басқаға ауысқысы келетіндер, сондай-ақ ЖОО-на шартты түрде алынған талапкерлер тестілеуден өте алады. Дәлірек айтқанда, бұрын ҰБТ-дан сүрінген, бірақ қазір ЖОО-да оқитындар. Маусым айында өтетін тестілеуден басқасы ақылы, бір сынақтан өту құны – 2242 теңге. Мамандар пікірінше, оқушыларға сын-сағатқа дейін даярлықтарын үлкен деңгейде бір бақылап, кем тұстарын жетілдіруге мұның берер пайдасы мол.