Айдос Үкібай: Әлеуметтік бастамаларға ерекше назар аударылып отыр

Қазақстан өзінің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған дамудың барлық стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғастыратын болады. «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі қарсаңында ТАСС агенттігіне эксклюзивті сұхбат берген Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай осылай айтты.
«Nur Otan» партиясының орталық аппаратында жақында өткен кеңесте және Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің алдағы уақытта дамудың стратегиялық бағдарламасын жалғастыратынын атап өтті. Сонымен бірге, партия съезінде ұсынылған әлеуметтік бастамаларға ерекше назар аударылып отыр. Қауіпсіздік кеңесінің әрі «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев үшін азаматтардың әл-ауқатын арттыру және Қазақстанның өркендеуі жұмысының басты бағыттары болып қала береді», – деді Айдос Үкібай.
5025657
Оның айтуынша,  Елбасының алдағы барлық қадамдары осы айқындалған міндеттерді орындауға бағытталады. Елдегі билік сабақтастығына қатысты сұраққа жауап берген баспасөз хатшы Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – «өмірлік мол тәжірибеге және мемлекеттік басқаруда негізгі дағдыларға ие адам» екенін атап өтті.
«Елге қызмет еткен жылдарында Қасым-Жомарт Кемелұлы сеніп тапсырылған барлық учаскеде нәтижелілікті көрсете отырып, өзін білікті менеджер ретінде таныта білді. Кейбір сарапшылар айтып жүргендей, Тоқаев Президент лауазымына тағайындалған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы Конституция нормаларына сәйкес, өкілеттікті алды. Енді іс басындағы Президент Елбасы бастаған ел дамуының стратегиялық міндеттерін орындауға кірісіп кетті», – деді Айдос Үкібай.
2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағаны белгілі.
«Елбасы өзінің көрегендігімен және даналығымен билікті басқарушылардың жаңа буынына бейбіт түрде тапсыру жағдайын жасады. Әлемдік қауымдастық пен еліміздің азаматтары Елбасының бұл шешіміне терең түсіністікпен және үлкен құрметпен қарап отыр», – деп атап өтті Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы.
Ол өз сөзінде әлемдегі көптеген саясаткерлер Қазақстанның табыстылығын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырып отырғанын айтты. Ресей Президенті Владимир Путин мен Германия Канцлері Ангела Меркель телефон арқылы сөйлескен кезінде қазақстандық көшбасшының шешіміне байланысты өкініштерін білдіретінін жеткізген. Бұл ретте, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы болып қала береді. Оның мәртебесі мен құқықтары «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» тиісті заң нормаларымен реттелген.
«Елбасыға тарихи миссияға сай мемлекеттік құрылым мәселелесі жөніндегі бастамаларымен ел халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға шығу құқығы өмір бойына беріліп отыр. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Парламентте және Үкімет отырысында сөз сөйлей алады. Бұдан бөлек, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты негізгі бағыттар бойынша бастамалар Қазақстанның Тұңғыш Президентімен келісілуі тиістігіне ерекше назар аудару керек», – дейді А.Үкібай.
Ол сонымен қатар, елдің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асыруда Қауіпсіздік кеңесінің кеңейген рөліне тоқталды. Заңнамаға сәйкес, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Баспасөз хатшысы Назарбаевқа шет елдердің мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардан көптеген жеделхаттар мен шақыртулар түсіп жатқанын тілге тиек етті.
«Көптеген басшылар Елбасыны құрметті қонақ ретінде көргісі келетіндері құпия емес. Нұрсұлтан Назарбаев – халықаралық күн тәртібінде өзінің нақты ұстанымдары бар әлемдік деңгейдегі абыройлы саясаткер. Сол себепті Елбасы өзінің жұмыс кестесінен халықаралық шаралар мен шетелге, соның ішінде стратегиялық серіктес елдерге сапарларды алып тастаған жоқ», – деді ол.
Дереккөз: tass.ru

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓