Торғайдан Созаққа
"Хан кененің әскерінің ізімен: Торғайдан Созаққа" атты экспедиция жолға шықты. Бұл туралы Фейсбук желісіндегі "Айналайын Торғайым" тобына Еркебұлан Жаулыбаев жазады.
"Экспедиция бүгін сағат 08:30-да Торғайдан Түркістан облысының Созақ ауданына аттанды. Үш адамнан тұратын топ 900 шақырымнан астам жолды 1 апта көлемінде еңсермек. Аталмыш экспедиция «Qazaq Epos» ұлттық жобасының "Тұлпар мініп, ту алған!" байқауын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Айта кететін жайт, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында қазақтың соңғы ханы Кенесарының Торғайдан Созаққа жылына бір емес, бірнеше рет барып-келетіні туралы айтылады. 800 шақырымнан астам жолды оның әскері 1 аптаның көлемінде жүріп отырады екен", – деп жазады Еркебұлан Жаулыбаев.
«Егер хан Кене қазіргі заманда өмір сүрсе, біз оның әскерінің қатарында болуға жарар ма едік, ол 1 аптада еңсерген жолды біз де жеті күн ішінде жүріп өте аламыз ба? Хан мен оның әскері қандай қиындықтарға тап болды, қай жерлерге тоқтады – осының бәрін өз басымыздан өткізіп, тарихымызды қайта жаңғыртуды мақсат етіп отырмыз», – дейді экспедиция жетекшісі Бақытжан Тұрлыбек.
Үш адамнан тұратын экспедиция 4 жылқымен жолға шыққан. Бір жылқы ас-суды тасымалдау үшін ілестірілген. Олар 27 сәуір күні Созақ жеріне аяқ басуды көздеп отыр.