«ALTYN OIMAQ» – тың жоба

Біздің өңірде талантты дизайнерлер өте көп. Алайда, олардың қолынан шыққан брэндтік өнімдер жоқтың қасы. Бірінің шығарған өнімі өтпейді, екіншісі кадр тапшылығын тартып отыр. Енді бірінің айналымға салар артық ақшасы жоқ. Маңызды мәселе жақында Қостанайда өткен «ALTYN OIMAQ» Ұлттық байқауына қатысушылар арасында  талқыланды.IMG_1619
            «Атамекен» ҰКП мен Әйел кәсіпкерлігін қолдау қорының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға танымал дизайнерлермен қатар, істі жаңа бастаған жас мамандар да шақырылды.
            Соңғылары үшін «ALTYN OIMAQ» байқауына қатысу кәсіби шеберлікті шыңдай түсу үшін аса қажет. Оның үстіне, құны 1 млн теңгелік жүлде өзіндік брэнд қалыптастыруға таптыртпас мүмкіндік.IMG_1665
           -Байқауға қатысу тегін. Бұл жай әншейін жылтырақ бағдарлама емес. Мұнда өз бағыңды сынап көруге болады. Біз іскер әйелдер қауымдастығы атынан дизайнерлерге өз кәсібін табысты етуге қол ұшымызды береміз. Өкінгішке қарай, өңірлердегі дизайнерлер өз беттерінше жұмыс істейді.Сондықтан осындай шаруа ұйымдастырып, әлеуеті зор кәсіпкерлермен кездесіп, кеңес беруді ұйғардық, – дейді байқаудың жобалық тобының жетекшісі Диана Бостаева.
           Байқаудың шарттары қарапайым. Алғашқы екі кезеңде – 4 наурыздан 15 мамырға дейін және 10 маусымнан 15 қыркүйек аралығында өтінімдер іріктеледі. Байқау «Ұлттық оюдың элементтері  бар іскерлік киімдер», «Ұлттық элементтері бар спорттық костюмдер», «Ұлттық ою-өрнек салынған үй жағдайындағы киімдер» тәрізді  алты аталым бойынша өтпек.
           Әлеуетті тапсырыс берушілерден құралған қазылар алқасы әр аталымнан 2 үміткерді таңдап алады. Олардың тағдырын одан әрі халықтың дауысы шешеді.
Байқаудың идеясы қостанайлық дизайнерлерге ұнаған сыңайлы.
         -Бұл – біз үшін үлкен жаңалық. Дизайнерлік сала мен тігіншілердің мәселесі жылдан-жылға қордаланып барады. Ол – шикізаттың жетіспеу, кәсіби тігіншілердің тапшылығы және жарнаманың аздығы. «ALTYN OIMAQ» байқауы – біздің «made in Kazakhstan» киімдерін үнемі  киіп жүруге  жасалған батыл қадам, – дейді Қостанайдағы танымал сән салонының директоры Мәликә Төлемісова.IMG_1653
      Ол аталған мәселелерді шешу үшін қауымдастық құруды ұсынады.
       -Жеңіл өнеркәсіп – шындығында ауыр жұмыс. Салалық қауымдастық жүйелік мәселелерді шешуге көмектеседі. Қазір елімізде құрылысшылар қауымдастығы мен туризм, мейрамхана және қонақ үй қауымдастықтары жемісті жұмыс істейді. Сіздерге де көмегіміз дайын, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер талқыланған соң, кезек шағын таныстырылымдарға келді. Жұртқа көрсетілген жобалар әртүрлі әрі қызықты. Мәселен, лисаковтық Светлана Қаратаева кездесуге өзі басқан текеметін, жастықтар, үлдір матадан тоқылған шалмалар  әкелген.IMG_1659
      -Мына текемет «Жыл мезгілдері» деп аталады. Мұны жасауға мені Лисаков қаласының түбінен табылған андроновтық қоныс итермеледі. Мен андроновтық символдарды – күн мен шексіз әлемді бейнеледім. Жастықтарды да осындай стильде жасадым. Айтпақшы, мұның бәрі өзіміздің малдың жүнінен тоқылған, – дейді кәсіпкер.
Әзірге, «ALTYN OIMAQ» байқауына қостанайлық сегіз кәсіпкер өтініш білдіріпті.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓