Кәсіпкерге қолдау көп
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Қостанай ауданына барды. Делегация Қостанай ауданындағы жұмыспен қамту және xалыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты.«Азаматтарға арналған үкімет» корпорциясының облыстық филиалының басшысы Сағдат Бектұровтың айтуынша, 2018 жылы корпорация қызметкерлері бірыңғай байланыс орталығы арқылы берілген өтінімдерге сәйкес 2899 қызмет көрсетті. Оның ішінде 43 мүмкіндігі шектеулі адамның үйлеріне барып, мемлекеттік қызмет ұсынды. Орташа есеппен алғанда, облыс бойынша ХҚКО күніне 6000-8000 адам, ал Қостанай ауданында 400-600 адам келеді.
Гүлшара Әбдіxалықова орталыққа келген азаматтармен сөйлесіп, қызмет көрсету барысын қадағалады. Ол тұрғындарға уақытылы әрі сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.
Премьер-министрдің орынбасарына облыстағы жұмыспен қамту көрсеткіштері мәлім етілді. Былтыр өңірде "Бастау бизнес" бағдарламасымен 2311 адам бизнес курстарынан өтсе, оның 667-сы шағын несие алды. Ал облыс бойынша тұрғындарға кәсіптерін ашу үшін 1039 шағын несие берілген. Оның нәтижесі жаман емес.
Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында шаруасын дөңгелеткен кәсіп иелерінің қатары артқан. 2018 жылы 1543 жас кәсіпкер кәсіби оқу орталықтарынан білім алды. Бұл облыс экономикасының дамуына үлкен серпін береді дейді мамандар.
Гүлшара Әбдіхалықова өз сөзінде Үкімет мүшелерінің өңірлерді аралауының басты мақсаты аз қамтылған отбасылардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қордаланған мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысу екендігін атап өтті.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев