ОРТАҚ МАҚСАТ ЖОЛЫНДА
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет өкілдері Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс тобының құрамында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бар. Астаналық меймандар астықты өңірде жаңа әлеуметтік шараларды іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді көздейді.
Гүлшара Әбдіқалықова "Әуежай" шағын ауданындағы көп балалы отбасының пәтеріне барды. Жақында 8 бала тәрбиелеп отырған Жанна Шәкіроваға меценат Игорь Ким үш бөлмелі пәтер алып берген еді. – Осы уақытқа дейін балаларыммен 80-90 мыңға пәтер жалдап тұрдым. Оған күнделікті тұрмыстық шығындарды қосыңыз. Енді кәсіпкер көмегінің арқасында көптен күткен қуанышқа кенеліп отырмыз, – дейді Жанна Шәкірова.
Вице-премьерге «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Жыл басынан бері 2 мың отбасыға материалдық көмек көрсетілсе, 14 аз қамтылған отбасыға пәтер сыйға тартылды. Гүлшара Әбдіхалықова алдағы уақытта мұндай сарындағы жұмыстар жалғаса беретініне тоқталды. Сонымен қатар, өңірлерге шығу Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын тиімді жүзеге асыру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кең ауқымды жүргізу мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.– Мемлекет басшысының Үкіметтің алдына қойған ең басты міндеттерінің бірі – экономиканың өсу қарқынын төмендетпеу, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздыққа жол бермеу. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды игерудің арқасында мемлекет өз халқының алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін қазіргі таңда толығымен орындап отыр. Жұмыспен қамту, жұмыссыздыққа жол бермеу жөніндегі Үкіметтің атқарған жұмыстарының негізінде барлық өңірлерде халықты жұмыспен қолдау жөніндегі кешенді жоспарлар бекітілген, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Үкімет мүшелері бекітілген кестеге сай халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстарымен танысады.
Мұнан соң елордалық қонақтар Затобол кенті мен Мичурин ауылына барып, көп балалы отбасылармен кездеседі.
Жұмыс тобының бірінші күні Е.Өмірзақов атындағы филармониядағы жалпы жиынмен түйінделеді. Басты тақырып – өңірде «Еңбек» бағдарламасының орындалуы.