Шалғайдағы шаттық
Ұлтымыздың мерейін өсіретін, дәстүр-ғұрпымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі Амангелді ауданы, Қарынсалды ауылында да дүркіреп өтті. Қарынсалды ауылы облыс орталығынан 500 шақырымдай қашықта жатыр. Басты кәсіп көзі – егін және мал шаруашылығы. Шағын ауылдағы Наурыз тойына "Қостанай таңы" газетінің тілшісі барып қайтқан еді.
Таң атысымен ұлттық киім киген жаршы жастар атқа мініп, көше жағалап, халықты тойға шақырды. Орталыққа жиылған қария-қартаңдар төс қағыстырып, амандық-саулық сұрасумен бастады. Ауыл әкімі Салтанат Ембергенова жиылған жұртты ұлттық мейраммен құттықтады.
Мұнда тұрғындар үш ауылға бірігіп, өзара сайысқа түсті. Балабатыр, Нәмен және Қазығұрт ауылдарының өнерпаздары бірнеше кезеңнің тапсырмаларын орындады. Ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыз шашу шашты. Беташар, бесікке салу, тұсау кесу сияқты салт-дәстүрге куә болдық. Күй тартылып, әсем әндер шырқалды. Ұлттық тағам түрлерінен ұйымдастырылған дастарханнан халық дәм татты.
Нәтижесінде, Қазығұрт ауылы барлық тапсырманы мүлтіксіз орындап, жеңімпаз атанды. Екінші орын – Нәмен ауылында. Үздік үштікті Балабатыр ауылы түйіндеді.
– Биылғы той ерекше өтті. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ұлық мерекемізді тойлауға атсалысты. Ақсақалдарымызға алғыс. Жалпы, өткен жылбіз үшін табысты болды. Жаңажылдан да үміт көп. Бастысы, халықпен бірігіп, ауылдың дауы үшін аянбай жұмыс істеу. Наурыз бәрімізге құтты болсын, -деді Салтанат Ембергенова.
Салтанат Сәрсенқызы наурыз көже дайындау бойынша сынға түскендерді марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Ұлыс күні балалардың тай жарысымен аяқталды. Көне әдет-ғұрыптарды дәріптейтін бұл мерекеге жиылған тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі. Жұрт арқа-жарқа тарасып жатты.
P.S. Салтанат Ембергеновадан ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде сұрап-білген едік. Ауыл әкімінің сөзінше, округ бойынша барлық ауылшаруашылық жер көлемі – 833387 га, ал шабындық жер – 271 га, жайылымдық жер – 7187 га. Ауыл Аманкелді ауданы егіс алқабының 54,8 пайызын алып отыр. Әкімшілік аумақтық бөлініс бойынша 2 елді мекен бар. Барлығы 38 шаруа қожалығы тіркелген. Өңірдің басқа да даму көрсеткіштері туралы газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген автор