«Қазақ пен жылқыға қарыздармын»

Ертеректе көпшілік елді мекендерде орталықтандырылған су жүйесі болатын. Ауыл ішінде әр-әр жерде шошайған колонкалар басқышынан тұщы тіршілік нәрін ағызып ала беретінбіз. Жазда суағардан аса бейнет көре қоймайсың, қыстың күндері шүмектен түсетін тамшылар жинала-жинала келіп, құдық маңын дөң қылып жібереді. Немесе көбінің құтысының аузы берік жабыла қоймайды да, су олай да былай шашылып, колонканың орта белінен төменге қарай мұз болып кетеді. Құты суағардың аузына сыймайтындай болған кезде мұз томпақты ойып жатқаның. Одан қалды, мұз құрсанған суағар қатып қалады да, оны от жағып жылытасың.1502946239_article_b_1500_
Шамасы, он бір-он екі жасым болса керек, бірде қыстың күні сабақтан кейін шанамның үстіне отыз бен қырық литрлік құтыларымды салып алып, құдық басына тарттым. Келсем, әріректе көршілес отыратын Роберт есімді неміс шал екі тізерлеп, қолындағы сом темірмен суағар сыртындағы мұзды ұрғылап ойып жатыр екен. Теріс қарап отырған қарияға естілер-естілмес қана аузымды жыбырлатып амандасып едім, оның маған бұрылып қарайтын түрін көрмедім. Соған қарағанда, сүйменнің гүрсілінен амандығымды естімеген де, тіпті, мені байқамаған да болу керек. Мен анау кісінің мұзды соққылағанын қызықтап қарап тұрмын.
Әлден уақытта Роберт ағай тізерлеген күйі бүкіл денесімен маған бұрылды да, қолындағы сом темірді алдыма тастап келіп жіберді.
– Әкеңнің ғана аузын!.. Бағанадан бері атаңның басына қарап тұрмысың?! «Әй, ақсақал-ау, қолың талды, тізең сіресіп қалды, суық өтіп барады, мен де мұз оюға жәрдемдесейін» деген ойың да жоқ, жатыпішер боқмұрын неме! Үлкенге деген қайырым жоқ сендерде, – деп мені әбден жерден алып, жерге салды. Қазақша жеті атаңды желдей көшіріп боқтағанда, өзге түгіл, өзімізді сүріндіріп жіберетін мына шалдың тілінің ащысы-ай!
Ұзын денелі, ат жақты, тұздай көк көзді, қоңқақ мұрынды сұсты қарияның екі құлақшынын артына қайыра киген цигейкасынан күмістей самай шашы, оның арасынан шыққан тер, күрзідей қолдарына қараған кезде құдды мені жеп қоярдай көрінді. Зіркілдегенін баспаған күйі:
– Мен мына сенің жасыңда колхоздың жылқысын баққам. Қолыма құрық алдым, асау үйреттім. Бала күнімізде көрмегенді көрдік. Ешкім басымыздан сипамады. Ауыр жұмыстарға салды. Қайта фашистік Германиядан Қазақстанға жер аударылып келгенде көзіміз ашылды. Әйтпегенде, ана жақтаға өміріміз не болар еді, бір құдайға аян. Әйтеуір осында келіп, елге пайдамыз тисін деп, буынымыз бекімеген жастан еңбекке араластық. Қыстың мынадай аяздарында үстімізге ілетін дені дұрыс киім де болған жоқ. Тіпті, қатты үскіріктерде иен далада паналай қоятын ештеңе болмағасын, ығып тұрған жылқының арасына кіре кетем. Табан, тобықтан ызғар өткенде, керзі етікті шешіп жіберіп, жылқы шаптырып кеткен жерге барып ыстық буына аяғымды жылытып алатынмын, – деген Роберт ағайдың сөзі аздап жіби бастады. – Мен сол себепті, қазақ пен жылқыға қарыздармын. Қазақ болмағанда, аштан өлетін едім, жылқы болмағанда, аяқ-қолым үсіп, қазір «шолақ Роберт» атынып жүрер ме едім, кім білсін?..
Сол Роберт ақсақал жайында кейін естідік, соғыс жылдарында Қазақ жеріне айдалып келген көп жетімек немістің бірі екен. Қазақ арасында өсіп, тілімізді, салт-дәстүр, дінімізді тез үйреніп, бойына сіңірген. Той-томалақтарда тілек айтқанда, небір әзіл әңгімелерімен жұртшылықты қыран-топан күлкіге көміп отыратын. Ал ас-дұғаларда құран оқып, қол жайып бата беретін дейтін білетін жұрт.
Роберт қарттың қашан қайтыс болғаны, қайда жерленгені есімде жоқ, бірақ көзі жұмылғанша қазақ пен жылқыға алғысын айтумен кетті.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАН
Иллюстрациялық сурет

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓