Нұрбол Жұмасқалиев: «Ақтөбеге» ауысуым мүмкін еді»

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Серік Жейлітбаев, Олег Литвиненко, Игорь Авдеев, Нұрмат Мырзабаев, Руслан БалтиевАсхат Қадырқұлов, Нүркен Мазбаев, Виктор Зубарев сындыкеңес футбол мектебінің түлектері ел құрамасында жүріп Азия чемпионатында атой салды. «Осылар кеткен соң футболымыз қалай болады?», «Еуропада ойнау қиынға соғады» десті жанкүйер. Дегенмен, ғасыр алмасар тұста ел футболында талантты бір буын қалыптасып келе жатты. Соның басында «Тобылдың» басты «көзірі» Нұрбол Жұмасқалиев тұрды.Оның спорттық өмірінің өрелі жолы футбол қазақтың қанына дарымаған дейтіндердің сөзін осыдан ширек ғасыр бұрын-ақ жоққа шығарып қойған-ды.
Соңғы жаңалықтарға үңілсек, Жұмасқалиев «Тобылдағы» қызметін қайта жалғастырады, клубтың спорт директоры болып тағайындалды. Біз де аңыз футболшыны жаңа жұмысымен құттықтай бардық. Ол өзінің спорт мансабындағы жаңалықтарымен бөлісті, «Тобылдың» бүгінгі жай-күйі туралы ақтарыла сөйледі. 5c24f540ab5ab
 
Несіп пен «Намыс»
 
–Былтыр «Тобыл» сегіз жыл үзілістен соң ішкі біріншілікте жүлделі орынға ілікті. Сонымен бірге сіз де мансабыңызды аяқтадыңыз. Шыны керек,жанкүйерлеріңіз бұл шешімді оңай қабылдаған жоқ. Жасыл алаңда кемі бір жыл жүреді деп ойлаған едік.
–Мұны аяғасты шешім деуге болмас еді,мансабымды аяқтау туралы былтыр көп ойландым. Өзімді іштей дайындадым. Өмірімді футболға арнадым, «Тобылмен»бірге есейдім. Соңғы ойында «Қызылжардың» қақпасына гол соққан кезде бәрін түсіндім. Мансабымды әдемі нотада аяқтағандаймын. Бұған қоса, клуб басшылығымен алдағы жоспарлар туралы келісіп, ары қарай «Тобылда» қызметімді жалғастырамын. Бәріне шүкір деймін. Команданы марапаттау рәсімінде толқып, көп нәрсені айта алмаған шығармын. Сіздердің газеттеріңіз арқылы Қостанайдың жанкүйерлеріне шексіз алғыс білдіремін. 
– Қоштасу матчы өтетін шығар?
– Оны осы жылдың көктемінде өткіземіз. Өзгеше етіп ұйымдастырғым келеді. Ол жағы әзірге құпия қала тұрсын.
– Шыны керек, былтырғы маусымда сіз маңызды матчтарда құрамнан көрінбедіңіз. Әсіресе, Еурокубок ойындарында орныңыз ойсырап тұрды.
– Негізі, бапкердің философиясына қажет ойыншы құр қалмайды. Ол өзіне керек ойыншыны таңдайды. Сол себепті бапкер менің орныма басқаларды шығарды. Оған өкпе арта алмайсың. Мен бұған дайын едім. Футболда мәңгілік ештеңе жоқ. 
– Түсінікті. Енді өткенге шегініс жасайықшы. Аяқ-допшылардың өмірбаянына үңілсеңіз, көбінің қазіргі кәсібі аула футболынан басталғанын көреміз.Ал сізде қалай? Футболға кім әкелді?
– Біз де жасыл алаңға бірден топ ете қалған жоқпыз. Менің футболға келуім Несіп Жүнісбайұлының есімімен байланысты.Ол кісі 1991 жылы «Спорт» газетіне бас редактор болып барған кезінде «Намыс» футбол клубын құру туралы қазақ халқына үндеу жариялады. Содан клуб 1992 жылы құрылды. Команда 5 жыл бойы ойнады. Нес-аға баста еліміздің барлық аймағын аралап жүріп 100 бала іріктеп алды. Соның ішінде мен де бармын. «Намыста» ойнау үшін Оралдан Алматыға келдім. Біраз уақыт Несіп ағаның үйінде жаттым. Негізі бұл өзі бір қызық оқиға. Әуелде ата-анам менің Алматыға барып, доп тебетініме қарсы болды. Содан Несіп ағамені өзінің үйіне жатқызып оқытуға уәде беріп, әрең көндірген екен.Менімен бірге Диас Кәмелов, Абай Аманбаев сияқты белгілі футболшылар Несіп ағаның үйінде жатты. Қалаға үйренген соң интернатқа ауыстық. Сол «Намыс» футбол клубы арқылы Айдар Күмісбеков, Мұрат Тілешев, Әлібек Бөлешев де көпшілікке танылды. Бәріміз «Намыстың» мектебінен өттік.Алғашқы жаттықтырушым – Болат Шалаев. Болат ағай әуелі мені шабуылшы шебіне дайындады.D1dn38Yaba0
– Қазақ спортының дамуына журналистика саласы арқылы үлес қосқан, әсіресе, тасада қалып қойған талай мықтыны жарыққа шығарған білікті маман Несіп Жүнісбайұлының еңбегі шексіз. Бәріңізге футбол әліппесін үйреткен «Намыс» тараған соң не болды?
– Футболдан бір сәт те қол үзген жоқпын. 16 жасымда Оралдың «Уралец» командасымен алғашқы келісім-шартқа отырып, Қазақстанның бірінші лигасында ойнадым. Қателеспесем, 6 ойынға қатысып, 1 гол соқтым. 1998 жылы командамыз атауын «Нарын» деп өзгертті. Кейін Берік Арғымбаевтың шақыртуымен Талдықорғанның «Жетісу» командасына ауыстым. Мұнда 24 матчта гол соға алмаппын, соған қарағанда сол кезде менен мықты шабуылшы шықпаған шығар.
2000 жылы «Тобылға» ауыстыңыз. Содан бері Жұмасқалиевтің футболдағы жарқын ғұмыры осы қостанайлық командамен тікелей байланысты.Сол уақытта басқа командалардан да шақырту түскен шығар?
– Анау айтарлықтай ұсыныстар болған жоқ. 24 ойында гол соға алмаған шабуылшыны кім алғысы келеді. Оған қоса «Жетісуда» ойнап жүргенде ауыр жарақат алып қалдым. Ойда жоқта Қостанайдан шақырту келді. Хәлімжан Ержанов пен Болат Ысқақов хабарласты. Досым Абай Аманбаев екеуміз ойланбастан«Тобылдың»құрамына келдік. Бұл тағдыршешті кезең еді. Өйткені қостанайлық команданың сапында «сен тұр, мен атайындар» болды. Өзімді көрсетіп, негізгі құрамда ойнаймын, не болмаса, мансабымды күйретіп, қосалқы командаға көшемін.Дәгенмен, сәтін салып, «Тобыл» жанкүйерлерінің алдында еңсе көтеріп жүретін жағдайға жеттім. Осылайша, саналы ғұмырым «Тобылмен» байланысып келе жатыр.QXZvVigCTQI
 
Нұрбол не үшін кетті?
 
–Жанкүйерлер «Тобылдың» чемпионаттағы сәтті «жорығын» басталуынНұрбол есімімен байланыстырады.Тіпті, команда Еуропаға танылды. Ел ішінде «алтын құрам»аталып кеткен жігіттер сол кезден жасақталған сияқты. Қалай ойлайсыз?
Біз «қола» жүлде әкелген 2002-2003 жылғы футбол маусымын жанкүйер қауым ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын. Өйткені, біздің клуб қазақ футболының тарихына енді.2002 жылы маған команда капитаны міндетін атқару тапсырылды. Осы жылы Интертотокубогы аясында Еуропаның бірнеше «ортанқол» командаларына өзімізді таныттық қой. Ішкі біріншілікте де азулы командалардың алды болдық. Бас бапкер Владимир Мұқанов сайдың тасындай жігіттерді жинады. Алаңның әр шебінде мықты ойыншыларымыз тұрды.Негізгі құрамға шығу үшін талас жүрді.Ақыры, дегенімізге жеттік. 2010 жылы «Тобыл» Қазақстан чемпионатын жеңіп алды.
– Бірнеше бапкердің тәлімін алдыңыз. Шыныңызды айтыңызшы, кімнің кәсіби шеберлігі жоғары болды?
– Әр бапкер ойынды әрқилы көреді. Тиісінше, футболшылар да өздеріне керектіні алып қалуға тырысады. Мәселен, тәртіп жағынанДмитрий Огайды ерекшелер едім. Оның бірбеткейлігі ұнайтын. «Тәртіп асханадан басталады» деген сөзі есіме түсіп отыр. Жаттығу алаңдарында әр бапкер өздерінше әдістемелерін ұсынды. Біреуді бөле-жара айтқым келмейді.
–  Чемпион болған жылға оралсақ, сіз бірден Астанаға қоныс аудардыңыз. Бұның нақты себебі бар ма?
– Мен «Тобылдан» екі мәрте кетіп, қайта оралдым. Бұл менің өмірімдегі ең қиын шешімдер болды. Екі жағдайда клубтан кетемін деп үзілді-кесілді шешім қабылдаған жоқпын. Жағдай соған итермеледі. Сіздердің газеттеріңізді пайдаланып жанкүйерлерге айтқым келетіні, әр футбол клубының ішкі «асханасы» болады. Сондықтан айтылмауы керек нәрселер және бар.Қалай болғанда да, Астанаға кетер кезде спорттық тұрғыда дұрыс шешім қабылдадым. Мұны кәсіби мамандар түсінеді.
– Бұған дейін де, тіпті, шетелдік командалар қызығушылық танытты. Бұл қаншалықты рас?
– Мәскеудің  «Спартагы» пен Қазанның «Рубин» клубына бардым. Бастапқыда екі ұжымның да бапкерлері келісім-шартқа отыратындарын айтқан. «Спартактан» хабар болмаған соң, Қазанға бардым. Бас бапкер Құрбан Бердыев Түркияға шақырды. «Рубиннің» оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Ол футболдың барлық параметрі бойынша командасының ойын жүйесіне сай келетінімді айтты. Кейін білсем, қостанайлықтар мен үшін қомақты қаржы сұрапты. Бір жылдары Англиядан қоңырау шалды. Англия Чемпионшипінің бір командасының өкілі шығып, өздеріне шақырды. Бұдан дейін Қазақстан-Португалия кездесуінен кейін әлдебір ұсыныстардың шеті шықты. 2008 жылы Братиславаның «Слован» және Түркияның «Карабюкспор» клубтарынан шақырту келді. Неге келіспегенімді өзім де білмеймін. Сөйтіп,бұлар да жабулы күйінде қалды.
– Бір жылдары сізді «Ақтөбе» құрамына алынды деген сыбыс шықты. Ондай қадамға баруыңыз мүмкін бе еді?
– Жасырып қайтемін, 2011 жылы мұндай ұсыныс түсті. Көп ойландым. Ақыры, «Тобылдан» кетеді екенмін, сондай деңгейдегі клубта ойнағым келді. Дегенмен, сол кездегі «Локомотивтің» ұсыныстары көңілге жақты.521135_1541989670
 
«Әуелі, өзіңе есеп беруің керек»
 
– УЕФА-ға өткелі Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының,әлем біріншілігінің іріктеу турнирлерінен қалмай келеді. Отандық футболдың бүгінгі жай-күйі қалай?Ұлттық құрама халықаралық жарыстарда құлап-сүрінуден жазбай келеді. Бұған кім кінәлі? Жас түлектердің арасынан таланттарды таба алмай, соларды дұрыс баули алмай отырған футбол төңірегіндегі менеджерлер емес пе?
– Бәлкім, бір себебі шығар. Қазір біздің құрам толығымен жаңартылды. Жас футболшылар іріктелді. Бір жылдары шетелден ойыншылар әкеліп, азаматтық ұсынды ғой. Мен бұған қарсымын. Не де болса, өзіміздің жігіттерге сенім арту керек. Әр жылдары ұлттық құраманы өрге сүйреткен мықты орындаушылар болды.  Мысалы, 2004 жылы біз гректермен ойнадық. Сол кезде Олег Литвиненконың қарап, қызығатынбыз. Әр қимылы сүйсіндіреді.Сондай футболшылардың бірі – это Бауыржан Исламхан. Оның шетелге шығып, тәжірибе жинауына мүмкіндігі жетеді. Меніңше, ол комбинациялық футболға жақын. Қалай болғанда да ұлттық құраманың болашағына сенімді жоғалтпаймын. Бауыржан сияқты жастардың төңірегіне жігіттерді жинап, ойын үйлестіру қажет.Инфрақұрылым және жанкүйерлермен жұмыс мәселесін де електен өткізу қажет.
– Құрама сапындағы алғашқы матч есіңізде ме?
– Әрине, 2001 жылдың 14 қарашасында Эстония құрамасына қарсы ойнадық. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Құрама сапында бүгінге дейін 58 матч өткізіп, 7 гол соқтым.
– Ұлттық құраманың бас бапкерлері Шторк пен Беранек сізді шақыртқан жоқ. Бұл туралы талқылау талқыладыңыздар ма?
– «Мені шақырыңдар» деп сұранған емеспін. Дегенмен, бұл бапкерлермен жақсы қарым-қатынаста болдым. Алдымен өзіңе есеп беруің керек. Бапкер шақырмаса, кінә өзімнен деген сөз.
«Тобыл» өткен еуромаусымда сүреңсіз ойнады. Жеребе тартылғаннан-ақ, білікті футбол мамандары «Тобылды»Еуропа лигасының топтық кезеңіне дейін жеткізіп қойған-тын. Бірақ, бәрі керісінше болды. Бірі бапкерге кінә тақса, енді бірі «сайда саны, құмда ізі жоқ» легионер футболшылардың шеберлігіне мін айтты. Сіздіңше, «Пюник» сондай алынбас қамал ма еді?
– Мұны әр тұстан саралауға болады. Футбол атмосферасы үлкен рөл атқарды. Оған алаңның сапасы мен құбылмалы ауа райын қосыңыз. Сондықтан «Пюник» басқа әдіске көшті. Біз бұған дайын емес едік. «Пюник» футболшылары бізді қорғанысқа көшуге мәжбүрледі. «Тобылдың» жастары қателік жіберуден қорықты. Жеңілістің бір факторы осы. Екіншіден, Қостанайда өз қақпамызға гол кіргізбегенде қалай еді дейсің. Кейде тығырықтан шыға алмай қалатын сәттер болып қалады. Бұл – футбол. Түсіністікпен қарау керек. Команда 90 минут бойы қорғанып, қосымша уақытта гол соғып кетіп жатады.
– Қорғану демекші, соңғы жылдары «Тобылдың» ойын жүйесі түбегейлі өзгеріп кеткен сыңайлы. Чемпион атанған уақыттарда команда ашық ойынды, шабуыл тактикасын ұстанбап па еді?
– Әлгі бапкердің шешіміне, ұстанатын бағытына қайта ораламыз. «Ең жақсы қорғаныс – шабуыл» деген тәмсіл бар ғой. Өзіме қорғанысқа мән бере ойнағаннан гөрі, шабуылда жақынырақ. «Тобыл» өткен он шақты жылдар ішінде осы тактикамен ойнады. Бәлкім, бапкерлер сол кездері шабуыл шебіндегі Мәзбаев пен Бақаевтарға сенім артқан болар.  Әйтпесе, «Тобыл» шабуылдаушы футболды ешқашан жатырқап, жатсынбаған.
– Қостанай стадионына жанкүйер неге аз келеді? Мұның бір-ақ себебі бар дейміз. Команданың ойыны. Алайда, биыл «Тобыл» ел чемпионатында жүлделі орыннан көрінді. Әлгі мәселенің басқа да себептері бар сияқты ма?
– Мен де бұл сұраққа жауап таба алмадым. Команда үздіктер көшінен қалмады. Мүмкін керемет ойын өрнегін көрсете алмаған болармыз. Бәрі айналып келіп жанкүйерлік етудің мәдениетіне келіп тіреледі. Футболы дамығанАнглия чемпионатын алайықшы.Команда турнир кестесінің төменгі сатысында болса да, стадион лық толы. Неге? Өйткені, жанкүйерлер өздерінің қаласы үшін, спорты үшін жаны ашиды. Осындай ірілі-ұсақты себептер көп. Бастысы, команданың жарқын ойыны. Алдағы жылдан үміт көп. 
– Футболшы мансабыңыздағы ең есте қалатын ойын қайсы?
– Ұлттық құрама сапында ойнап жүрген кезімде Сербиямен болған ойынды айтар едім. Интертото кубогындағы әрбір матч есте қалады. 2010 жылы «Атырауға» қарсы керемет ойын көрсеттік. Осы «мұнайшыларға» қарсы бұрыш добынан гол соққаным бар. Ол негізі пас болатын. 2018 жылы ел чемпионы «Астананы» ұттық. Осылай жалғаса береді.
– «Ютуб» желісінде «Нұрболдың айып доптары» деген бейнеролик бар. Расымен де, айып добын орындаудың арнайы әдіс-тәсілдері бар ма?
– Алғашқы бапкерімБолат Шалаев Оралда жүрген уақытта осы айып добын тебуге көп дайындады. «Бос уақытыңда қабырғаға допты дәлдеп тебуді үйрене бер. Доптан бес метр шегініп, айналдыра тебуге тырыс», – деген еді. Бұдан басқа әдіс-тәселдерді үйренген жоқпын. Ойындарда айып доптарын тебуді маған ұсынатын. Уақыт өте келе машықтанып алдым.
– Осы соққы жасау жағынан біреулерге еліктедіңіз бе?
–Самат Сымақовтың тебу мәнері бөлек. Алаңның әр шебінде тұрып соққы бағыттай алатын. Руслан Балтиев сияқты айып добын тебетін жігіттер аз. Мен бұл екеуімен де ойнадым. Үйренгендерім көп.
– Қазір «Тобылдағы» жас футболшылар көңіліңізден шыға ма?
– Әруақытта жастарға дұрыс бағыт беруге тырыстым. Ұжымда өзіңді қалай ұстау маңызды. Ал жасыл алаңға шыққанда ағалық ақылың артық етпейді. Төрешінің ысқырығын естісімен, гаджет-смартфондарына асығатын жастар бар. Бәлкім, біздің кезімізде мұндай мүмкіндіктер болмаған, дегенмен ойыннан соң сені қолдауға келген жанкүйерлерге алғыс айту керек.ijigImZTHEg
– Кезіндегі әріптесіңіз Нүркен Мәзбаев «Қостанай таңына» берген сұхбатында былай дейді:«Бапкер ешқашан төлқұжатқа қарамайды. Керек ойыншысын алады. Кәсіби футболшы болғандықтан өзіңе-өзің сұрақ қойғаның дұрыс. Сен командаға керексің бе? Әркім өзінің шамасының қай тұсқа дейін жететінін біледі».Сіздің жағдайда қалай?
– Әр нәрсенің уақыты болады ғой. Отыздан асқан соң физикалық тұрғыда шаршай бастайсың. Екіншіден, жастарға орын беру керек. Осы тұрғыдан алғанда дұрыс шешім қабылдадым.
– Алдағы уақытта өзіңізді басқа салаларда байқап көргіңіз келмей ме? Танымал футболшылар телеарналарға немесе бизнеске кетіп жатады.
– Өмірімді футболға арнаған соң, басқа салалар туралы ойланбаппын. Бәрін уақыт көрсетеді.
 
«Ой-отауда» сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттер футболшының жеке архивінен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓