Мұрат Бидосов: «Кейкі мерген» – көркем туынды»

Он алты сериядан тұратын «Кейкі мерген» тарихи фильмі ұлттық арнадан берілді. Телехикая басталысымен-ақ, жұрт әлеуметтік желілерде әр алуан пікір жазды. Көрермен сөзі екіге жарылды. Мақтағандар да, мін тауып даттағандар да көп. Көрермен көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеп, «Кейкі мерген» фильмінің бас режиссері Мұрат Бидосовпен әңгімелестік.
img-20180911-wa0017
– Турасын айтайық, «Кейкі мерген» фильмін сынға алғандар аз болған жоқ. Тіпті, ауыл ақсақалдары өзіңізге тікелей хат жазды. «Біткен іске сыншы көп» десек те, әр сыни пікір жауапсыз қалмауы тиіс дейтін қағида тағы бар. Қалың бұқара желіде жазғандарына жауап естігісі келетіні белгілі. Жұрт пікірлеріне не дейсіз?
– Мен жұрттың пікірін әр уақытта обьективті қабылдаймын. Халық – басты сыншы. Фильмде кейбір детальдар бар. Олар фильмнің концепциясына, тарихи мазмұнына бәлендей зиян келтірмейді деген ойдамын. «Фейсбуктегі» қауым «Кейкі мергенді» қай тұрғыда сынап отыр? Соны анықтап алайық. Бір-екі сағаттық көркем фильм мен сериал – екі бөлек дүние. Фильм қысқа мерзімде, ықшам мазмұнда түсіріліп қояды. Ал телесериал сол түсірілген туындының «терісін» айналдырып шығарады. Тек, көрерменге ұсынар ойды сақтасаң болғаны. Сериал арқылы оқиғаның атмосферасын өзгертіп жіберуге болады. Сериал экранға илеуі қанып жетеді. Содан кейінгі оның бағасы көрерменнің қолында. Біз бұл сериалда тарихи тұлғаның өзін ғана емес, сол кезеңдегі қара қазақтың тұрмысын көрсетуге тырыстық. Қолдан келгені жасалды. Ұлттың азаттығы үшін күрескен Кейкі тұлғасына деген халық сүйіспеншілігі енді-енді артып келеді. Бұған біз де шамалы үлесімізді қоссақ, шүкір деймін.
a53e7c3a-57c2-452f-9ee6-77ac37f18672
– Аға, ұлт-азаттық көтерілісі туралы әңгімелер бала кезімізден құлаққа сіңді. Осы он алты бөлімде Кейкінің бейнесі толығымен ашылды ма?
– «Кейкі мергеннің» түсірілім жұмыстарына небәрі үш айдан астам уақыт жұмсалды. Бұл сериал үшін өте көп уақыт емес. Тапсыру мерзімі таяп қалған соң бірнеше оқиғаларды қысқартып тастауға тура келді. Әсіресе, мергеннің қашып жүрген кездерін аз қамтыдық па деп ойлаймын. Көркем фильмде басты кейіпкердің жан дүниесін, оның сезімі мен ой иірімдерін көрсету үшін уақыт жеткіліксіз. Көтеріліс хронологиясының толық сақталмауы сондықтан. Өзгерістер енді. Мысалы, Роккидің киносын білесіздер. Онда бастан-аяқ бокс туралы көрсетілмейді ғой. Арасында махаббаты мен саяхаты бар дегендей. Біздің фильмге Торғай өңірінің өлкетанушысы Шөптібай Байділдин ағаң кеңесші болды. Берік Әбдіғали де сол төңіректі жатқа біледі. Сценарийдің соңғы нұсқасы жазушы, драматург, Дулат Исабековтың алдынан өтіп, ұлттық арнаның сарапшылар кеңесінде талқыланды. Осы кісілердің кеңесімен қажетті оқиғалар жиынтығын қостық. Маңызды емес дегендерін алып тастадық. Әлгі «Фейсбукте» сын жазушы қауымның көбі Кейкінің әр қимылын аңыз қылып айтатындар ғой. Мысалы, Түркістан мен Жетісудың қарапайым халқы Кейкінің ерліктері туралы мүлде хабарсыз ғой. Осыған түсіністікпен қарау керек. Тіпті, кейбірі Кейкіні халық батыры емес, барымташы, саудагер деп тануы мүмкін. Біз бұл киноны тек Торғай тұрғындары үшін емес, күллі қазаққа арнап түсірдік. Драматургияның заңдылығы бойынша, көркем фильмнің оқиға болған жерден берілуі негізгі рөл атқармайды. Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарынан Торғай даласына ұқсайтын жерлерді іздедік. Негізі тарихи деректерді қарасақ, Торғай қамалының, Дуанның дәлме-дәл суреттері жоқ. «Кейкінің үңгірін» өз көзіммен көрдім. Оны қазір көркем фильмге пайдалануға келмейді. Себебі, үңгір реставрациядан өткен. Кірпішпен қаланыпты. Оны көркем туындыға жарату қиындау. Тарихшылардың кеңесімен сол үңгірге ұқсайды-ау деген жерді алдық. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан жеріміз бір-біріне ұқсас келеді. Әрине, Торғайдан бір-екі кадр алуға болар еді. Бірақ, локация мен логистика деген бар. Массовкаға жергілікті өңірден адам табармыз, бірақ, басты образдарды ойнайтын актерлерді сонау Торғайға апару үшін қаншама қаражат керек. Олардың ішіп-жейтіні, тұрып-жүруі бар. Негізі мынаны ескермей жатамыз, егер шығармашылық адамға материалдық жағдай жасамаса, сол арзан күлкілі, жадағай сөзді ортаға итермелеп, оларды той-думаннан табамыз. Қанша жерден дарынды актер болса да, оған сахнадан гөрі той-томалақ қымбат, әрі қызықты. Өйткені, жақсы өмір сүруіне қаражат табады. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» күн кешуді әдетке айналдырады. Қасиетті сахна, кино алаңы актер үшін келіп кететін, мардымсыз айлық алатын «жерге» айналады. Мұның арты үлкен трагедияға апарады. Айналып келіп, сол ақша мәселесіне тірелеміз.
«Кейкі мергенде» он екі қанатты үйлердің пайдаланылмағаны рас. Ондай үйлерге тапсырыс беру үшін қазіргі бір үйдің құны кетеді. Жалпы, тарихи фильм түсіргенде декорация мен киім-кешек көп қаржы сұрайды. Сол уақытта «Томирис» пен «Қазақ елі» фильмдері бізбен параллель түсіріліп жатты. Бәріміз киімдерді «Қазақфильмнен» жалға аламыз. «Кейкі мергеннің» бюджетін «Қазақ хандығы» немесе «Томирис» сериалдарымен салыстыруға келмейді. Ұлттық арнаның күшімен ғана түсірілді. Торғайлықтардың ренішін түсінемін. Бастысы, көркем фильм Торғай даласы, соның тұрғындары туралы түсірілді. Соған да риза болайық.
d2779c68-5fd1-4dc8-9185-18bdfe3be373
Актерлер қосынына тоқталыңызшы? Басты кейіпкерді таңдау неліктен Дархан Сүлейменовке түсті?
– Бұл туындыға «Тар заман» телехикаясында ойнаған актерлерді алдық. Кейкі мергенді Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов сәтті сомдады деп кесіп айта аламын. Кейкінің рөліне келетін адамды көп іздедік. Біразы кастингтен өтпеді. Түрі келіскенімен, ішкі дүниесі нағыз батырды көрсете алмады. Батырдың бәрі Қодар емес, тиісінше актердің бәрі Асанәлі емес. Бастапқыда Дарханды басқа рөлге, Бірәлінің баласын сомдауға қойып көрдік. Келмеді. Кеңесшілермен ақылдасып, оны Кейкінің рөліне салдық. Бір жағынан Дарханның ат құлағында ойнайтыны бар. Ал бұл – басты кейіпкерге керек басты қасиет.
1529324005_20180618154720
– Қожбан мен Мария жиынтық образдар ғой?
– Ол кезеңді отарлық саясат дейміз ғой. Қоныстанушылар көп болған. Көпестер келіп, қазақ даласына сауда-саттықты енгізді. Мария неге қазақша сөйлейді? Бұл таңғалатын нәрсе емес. Жергілікті халықпен тіл табысу үшін орыс көпестері қазақша үйренген деген деректер бар. Сол себепті персонаждарды қазақша сөйлетуге тырыстық. Тағы бір қосарым, фильмге дубляж жасалған жоқ. Дыбыс бірден түсірілім алаңынан жазылып отырды. Далада жазылған дыбысты өңдеудің қиындығын кино мамандары, телевизияны түсінетіндер жақсы біледі.
Адъютанттың қасында жүрген тілмаш Хамза да көркем образ. Кісі жағалайтын, жағымпаз адамдар сол уақыттарда да болған шығар. Бүгін олар көбейді.Ал Қожбан ұста Кейкінің әлеуетін күшейту үшін алынды. Басты кейіпкерді көмекші образдарсыз алып шығу әсте қиын. Оны әр қырынан көрсету керек. Мәселен, мергенге орыс қыздар да ғашық болған шығар. Кейкі Марияның адалдығына сеніп, оны жақын досы Қожбанға қосты. Көпестер де – көмекші кейіпкердер. Тағы бір мысал, көпес Козловтың баласы Александр қарындасын Қожбанға беруге қарсы болады. Ол Қожбанға емес, қазаққа беруге қарсы. Отарлық саясат деп қалдық қой. Астарын түсінерсіздер. Әбдіғапар мен Амангелді образдарын жақсы таңдай алдық. Елубай Өмірзақовтың Амангелдісі басқа, біз Әбілхан Қастеевтің портретіне келтірдік. Ал Әбдіғапар – лидер. Актер сериал бойы осы қасиеттен айырылған жоқ.
5caeabeb-4091-48d3-b532-077196f61ea4
– Кейкіні көтереміз деп, Амангелдіні аласартып алған жоқпыз ба? Он бес мың қолдың бас сардарының образы тым аңғал, есерсоқ  болып сомдалғандай. Қалай ойлайсыз? 
– Олжас Сүлейменовтің «даланы мадақтаймын деп, тауды төмендетіп алмайық» деген сөзі есіме түсіп отыр. Бастапқы серияларындағы оқиғаларға қарап, керісінше, Кейкі Амангелдінің «көлеңкесінде» қалып қоя ма деп ойладық. Қайталап айтамын, Кейкі мергеннің өмір тарихын Тобыл-Торғайдың жұрты ғана біледі. Ал Амангелді меткеп оқулықтарында кеңінен жазылған. Сол себепті, әсіресе, жастар үшін Кейкінің бейнесін шама-шарқымызша ашуға тырыстық. «Кейкі мерген» – деректі фильм емес, көркем туынды. Тарихи тұлғалардың өмірін бұрмалаған жоқпыз. Біз тек түрлі нұсқалардың бірін таңдадық. Батырдың бәрі бір біріне ұқсамайды ғой. Тарихшылардың айтуынша, Иман батырдың немересі мінезі шатақтау, ерке өскен. Дегенмен, кинода оның батырлығына ешқандай зиян келтірмедік. Мысалы, Кейкі барымташы, саудагер болған дейді. Ол да мүмкін. Оны фильмге де қостық. Сериалдың басында ол көпеске көмектесіп, кейін оның үш сиырын айдап алып кететін жері бар. Осындай оқиғаларды ала берсек, криминалды кино болып кетеді ғой. Сондықтан белгілі біл детальдарды пайдаландық. Кейбіреулер кинода Кейкіні саудагер қылдың деп ренжиді. Ол түсінген адамға саудагерлік емес. Түсінікті тілмен айтсақ, сол кездің бартері. Қолына түскенін көпестерге айырбастап, жетім-жесірге көмектесті. Қайткенде Кейкі адамдықтан айнымады. Амангелді мен Әбдіғапардың өліміне қатысты да сұрақтар туындап жатыр. Амангелдіні Əбдіғапар, Əбдіғапарды Бектепберген, Бектепбергенді Кейкінің інісі Шұбар өлтірді деген тарихи деректер бар. Бір тарихшының мәліметінде Амангелдіні басқа алашордалық атады. Тағы бірінде Амангелді алдымен Әбдіғапардың ауылын шауып кетеді. Ашынған Әбдіғапар Амангелдіні ұстап, өлтіртеді. Амангелді соңғы рет: «Сен жар едің, мен соның қасында жүгіріп жүрген лақ едім» деген сөзін айтып кеткен деседі.
Міржақып Дулатовқа қатысты оқиғаға да жұрттың күмәні бар. Біз «Тар заманды» түсірген кезде Міржақыптың КГБ архивінен шыққан материалын таптық. «Менің Амангелдінің өліміне қатысым жоқ» деп жазылған қолжазбасы сақталыпты. Бұған да объективті баға беру қажет. Жалпы, іздей берсек, кемшілік табылады. Сериалды көріп болған соң, менің де «әттеген-айларым» шықты. Бірақ, аз қаражатпен осындай сериал түсіріп шыққаныма өкінбеймін.
87bbf98b-c1dd-462e-8407-fbb184d56e0c
– Кейкінің нағыз мерген болғандығын дәлелдейтін әңгімелер ел ішінде көп. Дегенмен де Кейкі туралы жазылған әдеби кітаптарда оның мергендігі сырттай ғана сипатталады. Нақты іс-әрекеттің, оқиғаның көрінісі жоқ. Сіздер бұл олқылықтың орнын толтырған сияқтысыздар. Шапқан атты оқпен тоқтатқандығы туралы әңгімені ақын, журналист Абылай Мауданов жариялады ғой?
– Иә, дәл солай. Кейкі туралы жазылған әдеби шығармаларды, мақалаларды оқып шықтым. Кинодағы бұл фрагмент әлеуметтік желілер арқылы лезде тарап кетті. Қысқасы былай: бір ауылға қонаққа Кейкіге үй иесі жылқы сыйға тартпақ болады. Ол кезде жазғы жайлауға қамайтын қора жоқ, шу асау құрық салдыруға мүмкіндік бермей, қасына тақатпай біраз әурелейді. Ақыры, амалы құрыған Кейкі жігіттерге атты жылқыдан жеке бөліп шығаруын өтінеді. Жылқышылар айтқанын орындап, алдына жеке айдап келеді. Оңтайлы сәтті аңдып тұрған мерген үйірден бөліне берген атты мылтықпен атып жібереді. Жануар сол қалпы қалш-қалш етіп тұра қалады. Сөйтсе, Кейкі мергеннің оғы жүйріктің денесін жараламай, жалының түбі мен төс терісін жырып жіберіпті. Денесіне оқ тиген ат шошынып, орнынан қозғалмай қалған екен. Кейкі шу асауды осылайша ұстайды. Міне, батыр бабамыздың бір ерлігі осы. Жалпы киноның көркем әдеби шығармадан айырмашылығы біреу-ақ, ол – визуалды өнер. Сондықтан картина барынша қанық болуы тиіс. Сол тұрғыда Кейкінің мергендігі жайлы оқиғаны ұтымды пайдаландық.
4192e354-5b2e-4e81-a3a1-be32f18d12a2
– Қазақтың тағы бір батыр ұлы Боксшы Бекзат Саттарханов туралы ғұмырнамалық телесериал түсіріп жатқаныңызды естідік. Сөз соңында осы фильм туралы қысқаша айтып өтіңізші.
– Бекзат туралы сериал 2019 жылы жұрт назарына ұсынылады. Телехикая жасындай жарқ етіп, ерте сөнген Бекзат Саттархановтың санаулы ғұмырындағы биік жетістікке қол жеткізген рухты сәттерін өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтады. Сериалдың сюжеттік желісіне Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, бозбала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. Телехикаяның басым бөлігі былғары қолғап шеберінің туған жері Түркістан қаласында түсіріледі.
 
 «Ой-отауда» сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов

You may also like...

4 Responses

  1. Амандық айтты:

    Сонда да Торғай топырағынан бірнеше кадр көрсетуге болар еді. Қазіргі заманда ондай болмайды дегенге сенбеймін. Жалпы, жауаптары ұғынықты. Бюджеті Томиристен көп шығар деп ойласақ, басқаша екен ғой. 

  2. Қаратай айтты:

    Дер кезінде жазылған сұхбат болды. Енді бәрі түсінікті. Мұрат баурымызға алғыс қана айтамыз. 

  3. ӘБДІҚАДЫР ӘБДІРАЙЫМұлы ӘБІЛТАЕВ айтты:

     

    ҚАСҚЫРБАЙ!  "КЕЙКІ МЕРГЕН" телесериалының бас режиссерімен  сұқбатыңды  республика көремендері — жалпы халық  оқып-танысатындай  іс-қимыл жаса!  Ең бастысы — Сұрмерген-батыр бабамыз жазушы Ақан Нұрманов ағамыздың арқасында "ҚҰЛАННЫҢ  АЖАЛЫ" болып, жарық дүниеге алғаш шығып еді,  енді не де болса — ЕЛ тарихын білгісі келетін, тарихты білуге ынтасы бар  келешек  ҰРПАҚ үшін осы телесериал арқылы жатталатын болар…?!

          Өз сұқбатыңды  Хамитбек Мұсабаевтың  "АМАНКЕЛДІ АРАЙЫндағы"  (21.12.2018 ж, № 45 "КЕЙКІ МЕРГЕН" СЕРИАЛЫ: ЖЕТІСТІК  ПЕН  ӘТТЕГЕН-АЙЛАР") тырнақалды талдауымен салыстырып  көрші?!…

  4. Қожбан айтты:

    Қадірлі Торғай жұртының сыншы қауымы !  Біріншден. Сұхбат объективті жазылған. Еш қоспабояу жоқ. Екіншіден. Социалдық желілерде қызу тақырыпқа айналды. Бұл дұрыс шығар. Сұрақтарыңыз бен сындарыңызды неге Торғайды жатқа білетін Шөптібай әкеміз бен Берік ағаға қоймайсыздар? Сіздер көрсеткен сынға солар жауап беруі тиіс. Кеңесші болып бекер таңдалған жоқ. Торғайлық ақсақалдардың реніш хатына біз де ренжуліміз. Осы уақытқа дейін бюджеттеріңіз көп, Қазақфильмге шыға аласыздар. Неге өздеріңіз сауатты түсірмедіңіздер. Сондай нашар фильм емес біз түсірген фильм. Киноның иісі мұрынға баратын адам болған соң айтып отырмыз. Жалпы, еш бұрмалаусыз, нақты берген облыстық газеттің сайтына рахмет! Көп сұрақтың жауабы осында.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓