Кісі өліміне себепші – мас жүргізуші
Науырзым аудандық соты ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағында қарастырылған қылмыс жасаған жүргізушіні айыптау бойынша қылмыстық істі қарады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. 2017 жылдың 2 қарашасында күдікті достарымен Қарамеңді ауылында алкогольдік ішімдік ішеді. Олар мас күйінде Әулиекөл бағытындағы тас жолға көлікпен шығады. Рөлде айыпталушы болған. Ол тізгінге ие бола алмай қалып, көлік қарсы жолаққа қарай аударылып кеткен. Салдарынан 21 жастағы қыз оқиға орнында қаза болды.
"Сот талқылауы барысында прокурор мен айыпталушы арасында кінәні мойындау туралы шарт түріндегі процессуалды келісім жасалды. Яғни күдікті айыбын толық мойындап, алға тартылған деректерді растап, қылмыспен жасалған залалдың орнын толық толтыруға көнді", – делінген хабарламада.
Науырзым аудандық соты жүргізушіні кінәлі деп тапты және 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Айыпкер ҚР КҚ 63-бабына сәйкес бас еркінен айыру жазасы шартты түрде белгіленіп, пробациялық бақылауға алынады.