БАЙЛАНЫС АЯСЫНДА БОЛЫҢЫЗ!
Ұялы телефон адам баласының "он үшінші" мүшесіне айналғалы қашан. Жасыратыны жоқ, қазір онысыз тіршілік тоқтап, тұрмыс тоқырап қалатындай. Онысыз әлденені, әлдекімді іздеу, табу, табысу мүмкін еместей көреміз. Бір сөзбен, қалтаңыздағы "жалғыз көзді" ғажабыңыз кәдімгі бір өмір сүрудің салтына айналып алды. Күннен-күнге оны тұтынудың өз заңдылықтары, ережелері бекіп орнап, мән-маңызы уақыт санап арта бастады. Сонымен, "қалтафонның" мүмкіндіктері жайлы не білуіміз керек? Сымсыз байланыс туралы соңғы жаңалықтар не дейді? Алда-жалда байланыс аясынан тыс қалып қоймау үшін қандай ақпарат қаперде жүруі шарт? Көз жүгіртіп көрелік…
IMEI-кодтың барын біл…
"Күндердің күні болғанда, жер-жаһан тарының қауызына сыяды" деген ықылымның сәуегейлігі, жаңа заман қисынымен қарасақ, осы ұялы телефонды меңзегендей көрінеді. Ғалам алақаныңызда. "Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу", кезінде күйбеңмен атқарылар шаруаны үйден шықпай, саусақ басын қимылдатып-ақ кез келген мемлекеттік қызметке қол жеткізу ақыры осы ұялы телефоныңыздың арқасында мүмкінге айналды. Бұның, әсіресе, мемлекет цифрландыруға екпін салғалы мән-маңызы арта түсті. Ұялы байланыс туралы заңнама бекітіліп, ол жаппай насихатталып, елдегі барлық ұялы телефон тіркеуге алына бастады.
Қазіргі кездің өзінде ұялы телефондардың 70 пайызға жуығы IMEI-коды бойынша тіркеуден өтіпті. Бұл туралы таяда Парламент Мәжілісінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына арналған Үкімет сағатында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім еткен болатын. Жалпы, бұл науқан қолданыстағы ұялы байланыстарды ретке келтіру үшін қажет екені белгілі. Министрліктің халықтан талап қылып отырғандары да сол – меншігіндегі "қалтафонның" IMEI-кодын заңды түрде тіркету, сол арқылы мобильді байланыс операторлары туралы мәліметтер базасын құру. Ол, біріншіден, жеке мүліктің қауіпсіздігі үшін, екіншіден, операторлардан кедергісіз қызмет алу үшін қажет. Оның үстіне, бұл талапқа немқұрайдылық танытқан жағдайда абонент тұтыныс аясынан тыс қалуы әбден мүмкін.
«Әрине, адамдар бұл мәселені уайымдап жүр, алайда құрылығыларын тіркеуден өткізуге асықпайды. Бүгінде мобильді байланыс абоненттер деңгейі халық санынан асып түскен. Егер де бізде 26 млн пайдаланушы болса, халық саны – 18 миллионнан астам. Яғни кейбір адамдар бірнеше телефон ұстайды, 3-4 телефонды қатарынан пайдаланатындар бар. Қазіргі кезде 70 пайызға жуығы ғана тіркеуден өтті», – деген еді бұл жөнінде министр Д. Абаев.
Тоқ етерін айтқанда, 2019 жылдан бастап IMEI-кодын тіркемеген абоненттерге ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді. Яғни, жоғалған телефондарды іздеу жұмыстарын жеңілдету, сонымен қатар қылмыстарды тергеуге көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстан тұрғындары өздерінің ұялы құрылғыларын ЖСН-іне тіркеуі шарт. Гаджетіңіз ұялы байланыс қызметінен оқшауланбауы үшін бүгіннен бастап қам жасағаныңыз жөн.
Заңға сүйенсек…
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі кезде қалта телефонына ермексіп немкетті қараған жөн емес. Абонент ретіндегі жауапкершілігіңіз бар. Ол ҚР "Байланыс туралы" Заңында атап көрсетіледі. Биыл аталмыш Заңға, нақтырақ айтқанда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді жаңа жылға дейін мобильдік құрылғыңызды жаңа ережеге сай тіркетудің тетіктерін сіздермен бөліселік.
Ең әуелі айтарымыз, кез келген азаматтың абоненттік құрылғысы, яғни телефонын тіркеу ақысыз, автоматты түрде іске асады. Оның жеке сипаттамасы мен мәліметтері сәйкестендіру кодтарының дерекқорына жіберіледі. Тіркеуге Қазақстан аумағында жасалған, еліміздің ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін, ҚР аумағындағы роумингте тұрған құрылғылар ғана жарамды саналады.
Телефоныңызды заңды тізімге іліктіру үшін ЖСН, құрылғының сәйкестендіру кодын, пайдаланылатын абоненттік нөмірлер туралы мәліметтерді көрсетсеңіз болғаны. 14-18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандардың абоненттік құрылғылары олардың заңды өкілдерінің келісімі бойынша тіркеледі. Егер дерекқордағы "соткаңыздың" мәліметі сіздің ақпараттарыңызбен сәйкес келмеген жағдайда ұялы байланыс қызметтерін көрсетуге тыйым салынады. Демек, тіркеуде болмасаңыз немесе құрылғыңыздың базалық дерекке сәйкес келмеуі сізді байланыс аясынан тыс қалдырады.
Сіз қай оператордансыз?
Әр абоненттің тиімді санап жүгінетін өз операторы болатыны белгілі. Бірі жеңілдік, үнемділік мүмкіндіктеріне орай, енді бірі қызметі барысындағы тиімділік үшін таңдау жасайды. Тиісінше, әр оператор абоненттерін тіркеуге алу тетіктері әр алуан. ҚР "Байланыс туралы" Заңында бұл да егжей-тегжейлі көрсетілген.
Мәселен, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Теле2 және Алтел) абоненттері мынадай әдістер арқылы тіркеледі:
– абонент ЖСН-ін көрсетіп, 6914 нөміріне смс жіберу арқылы өз еркімен;
– *6914# USSD-командасын теру және ЖСН-ін енгізу арқылы өздігімен;
– қажетті ақпаратты сату және қызмет көрсету кеңселеріне беру арқылы;
– http://imei.altel.kz немесе http://imei.tele2.kz интернет-ресурсына ЖСН-ін теру арқылы өздігімен;
– абоненттік құрылғының дұрыс тіркелгендігін *835# командасы немесе Жеке кабинет арқылы тексеруге болады. Тіркелу немесе тіркеуден шығу туралы қосымша ақпарат алу үшін Теле2 және Алтел байланыс кеңселеріне жүгінсеңіз болады.
"Кар-Тел" ЖШС (Билайн) операторының абоненттері де жоғарыдағы бастапқы екі команданы орындау арқылы өздігімен тіркеле алады. Яғни мұнда да 6914 нөміріне хабарлассаңыз жеткілікті. Ерекшелігі – мұнда "Мой Beeline" мобильді қосымшасы, QIWI төлем терминалдары, сондай-ақ "Қазпочта" АҚ бөлімдері және www.beeline.kz ресми сайты арқылы бұл шаруаны оңай шешу мүмкіндігі бар.
Ал "Kcелл" АҚ (Актив және Кселл) тұтынушылары ЖСН-дерін көрсетіп, 6006 нөміріне смс-хабарлама жіберу арқылы, *660# USSD-командасын теру арқылы өздігінен тікелей тіркеле алады.
Ұялы телефонның "тілін" еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін меңгерген өркениетті заманда біз атап-түстеп отырған тіркелу амалдарының еш қиындық туғызбайтыны шүбәсіз. Мұның бәрі электронды жүйені жүйткіте түскен жаһандық үдерістің талабы. Сіз де, ағайын, жаңашылдықтан қарыс қадам қалмағайсыз. Байланыс аясында болыңыз!
Суреттер интернеттен алынды