Бауыржанның көмегі
Эмир Азаматов – 5-сынып оқушысы. Ойын баласы былтыр ойда жоқта ауыр науқасқа ұшырады. Дәрігерлер жүйе атрофиясы деген диагноз қойған болатын. Алдағы уақытта жақындары Эмирді Израиль мемлекетіне барып емдетпек.
Ағасы Дамир Сепаровтың айтуынша, арнайы мүгедек арбасының жоқтығынан Эмирге үй ішінде қозғалып, далаға шығу қиынға соқты. Дегенмен, оқушының жағдайын естіген "Тобыл" футбол клубының ойыншысы Бауыржан Тұрысбек (суретте) ойланбастан оған мүгедек арбасын сыйлады. Арба құны – 129 мың теңге. Заманауи арба Швециядан арнайы тапсырыспен әкелінді.
«Қуанышымызда шек жоқ. Біздің қиналғанымызды мүмкіндігі шектеулі балаға қарап отырған ата-ана ғана түсініп, сезіне алады. Баламыздың тағдырына бейжай қарамай, қол ұшын созған футболшыға алғысымыз шексіз. Енді ол далаға шығып қана қоймай, қалағанынша қозғалып, ойнай алады», – дейді ағасы Дамир Сепаров.
Эмир Азаматов 2-сыныптан бастап футбол үйірмесіне жазылған-ды. Егер дертінен айығып кетсе, міндетті түрде сүйікті спортынмен айналысуды қайта жалғастырады дейді ағасы.
«Біз "Тобылдың" әр ойынын қалдырмай көреміз. Бауыржан Тұрысбектің голдарының бейнежазбалары телефонымда бар. Эмирге Баурдың (футболшыны солай атайды) "Ордабасыға" соққан голы қатты ұнайды», – дейді Дамир Сепаров.
Ескерту: Отбасының өтініші бойынша Эмир Азаматовтың фотосуреттері жарияланбады