Федоров ауылына табиғи газ тартылды
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Федоров ауданының 90 жылдық мерекесіне орай ауданға іссапармен барып, Тұңғыш Президент күні қарсаңында табиғи газ желісін іске қосты.Федоров ауданындағы "Промбаза-7" ЖШС-і cалған майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты ағымдағы жылдың тамыз айында жұмысын бастаған. Аталмыш инвестициялық жобаның құны – 1 456,4 млн теңге. Өсімдік майын өндіру цехының жабдығы Германиядан, рафинация цехінің құрылғысы Италиядан, майды құю бөлімінің қажетті құралы Ресей мен Литвадан әкелінген. Зауыт жылына 7000 тонна май шығаруға қауқарлы. Өнімді қаптау және сатылымға әзірлеу жұмыстары жапон техникасымен автоматтандырылған.
Зауыт жұмысымен тегіс танысып шыққан өңір басшысы әлеуетті тұтынушы табу керектігін айтты.
-Мұндай ірі зауыттар өңірге керек. Жергілікті бюджетке қосар үлесі көп және ауыл азаматтары үшін тұрақты жұмыс орны болады. Ендігі мәселе – сатылымға шығу. Нарықта сұранысқа ие болу керек,-деді ол.
Бұдан соң облыс әкімі мереке қарсаңында аудан орталығына табиғи газ тарту рәсіміне қатысты. 2017-2019 жылдар аралығында Федоров ауылына газ құбырын тарту қолға алынған. Жоспар бойынша желінің ұзындығы – 133 шақырым. Жобаның болжамды бағасы – 1 688,876 млн теңге. Алғашқы кезеңнің өзінде 1259 үй табиғи отынға қол жеткізіп отыр.
-Ауданның тоқсан жылдық тойы қарсаңында тұрғындар үшін тамаша сый деп білеміз. Көгілдір отынның бағасы арзан, әрі қыруар машақаттан қол босайды. Әуелі мұндағы бизнесті жақсартуға сеп болмақ. Елбасының тапсырмасы аясында өңірлерге газ тарту жұмыстары жалғасатын болады,-деді облыс әкімі.
Салтанатты рәсімнен соң өңір басшысы Федоров ауданының 90 жылдық тойына арналған концерттік бағдарламаны тамашалады. Шара барысында ауданға еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады. Атап айтсақ, «Иволга Алтын» ЖШС-нің директоры Розинов Василий Самойлович пен Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай облысындағы филиалының директоры Төлегенова Райса Әміржанқызына Федоров ауданының "Құрметті азаматы" атағын тапсырды.