Өңірде өзгеріс көп
Үстіміздегі жылдың он айында Қарабалық ауданының макроэкономикалық көрсеткіштері қомақты. Яғни, барлық салада өсім бар. Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Өтегенов БАҚ өкілдерімен болған дәстүрлі баспасөз мәслихатында баяндап берді.
Оның айтуынша, қаңтар-қараша айларында 23 млрд 48 млн теңгенің өнімдері өндірілген. Мұның 15% -% – өнеркәсіп саласына тиесілі болса, 85%-і ауылшаруашылығының еншісінде.
Қарабалықта ет пен сүт өндірісі артқан. Жалпы, аудан мал шаруашылығын дамытуда облыста алдыңғы сапта тұрған өңірлердің бірі.
-Біз мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып отырмыз. Бүгінгі таңда ауданда «Терра» ЖШС-нің бірінші деңгейлі мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Онда бір мезгілде сегіз мың қара мал семіртіледі. Алдағы уақытта оның қуаттылығын жиырма мың басқа дейін ұлғайтамыз. Ол үшін қосымша базаның құрылыс-монтаж жұмыстарын бастадық. Сәтін салса, алдағы жылдың басында пайдалануға бермекпіз,-дейді аудан әкімі Нұржан Өтегенов.
Өткен он айда серіктестік 12 068 ірі қара сатып алған. Бұл биылғы жылы ет экспортын 98 тонадан 621 тоннаға дейін ұлғайтуға септігін тигізді. Яғни, өткен жылғымен салыстырғанда экспорт 6,3 есеге артқан. Орайы келгенде айта кету керек, облыс бойынша ет экспортының 80%-і осы Қарабалық ауданына тиесілі.
2018 жылы аудан кәсіпкерлері құны 75 млн теңге көлеміндегі жеті жобаны жүзеге асырды.Осылайша, қырық екі жаңа жұмыс орны ашылған. Қазіргі таңда тағы үш жоба дайын тұр.
Өңірде жыл басынан бері 1 643 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 102,0%-ке тең. Есепті кезеңде аудан экономикасына 2 794 млн теңге инвестиция тартылған.
Әлібек ЫБЫРАЙ