Бард әндерінің фестивалі
«Қостанайлық аккорд-20l4» бард әндерінің III фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күндік шара барысында Қостанай, Алматы, Астана, Мәскеу және Германиядан келген қонақтар өз өнерлерін ортаға салды.
Бард әндерінің фестивалін Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен "Жастар бастама-ларының орталығы" ұйымдастырды. Шараның мақсаты-жеке орындаушылар мен музыкалық ұжымдардың шығармашылығын дамытуға және тәжірибе алмасуына жол ашу.
Биылғы фестиваль 29-30 тамыз аралығында қала сыртындағы «Золотой фазан» қонақ үй ауласында өтті. Былтырғы жылмен салыстырғанда, қатысушылардың қатары әжептәуір артқан. Олардың өнерлерін көріп тәнті боласыз. Шығармашыл жандар гитараға қосыла шырқағанда әнге елітіп кеткеніңізді байқамай да қаласыз.
Фестивальдің қатысушылары екі күн бойы табиғат аясында гитарамен ән шырқап, таза ауамен тыныстады. Олар "Авторлық әндер", "Гитарада ән орындау", "Дуэттер мен ансамбльдер" сияқты үш номинацияда бақ сынасты. Кеш қонақтары Романа Ланкина және Жеңіс Ысқақовтың қатысуымен өткен шеберлік сыныптары көптің көңілінен шыққан сөзсіз. Спорттық ойындар мен «Поэтикалық ринг» сайысы да көпшілікті бір серпілтіп тастады. Іс-шараның екінші күні, кешкі сағат l9.00-де ашық аспан астында гала-концерт болды. Оған облыс әкімі Н.Садуақасов арнайы қатысып, фестивальдің Гран-при иегері атанған астаналық Дмитрий Двинскихті өз қолымен марапаттады.
–Бард фестивалі қостанайлықтар үшін дәстүрлі шараға айналды. Бұл дәстүр осы қалпынан танбай жалғасын тапса игі. Қатысушылар республикамыздың әр қаласынан және көршілес елдерден арнайы келіп, тәжірибелерімен бөлісіп жатқанына қуаныштымыз. Мұндай басқосу Қостанайдың қонақжайлығын және еліміздің алыс-жақын шетелмен достық қарым-қатынасын айқындай түседі,-деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Гала-концертке жиналғандар қас қарайғанша қыбыр етпестен ән тыңдап, концерттік бағдарламаны тамашалады. Қостанайдағы үшінші бард әндерінің фестивалі отшашумен аяқталды.
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай