Көштің басын Торғайға бұрды
Жанкелдин ауданында жоғары білімді дәрігерлер жетіспейді. Шалғай өңірде бұл мәселе өзге облыстардан көшіп келушілер мен аудан әкімінің гранты арқылы оқып жатқан жас мамандармен толықтыру арқылы шешімін таппақ.
Бұл туралы өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму қорытындыларына арналған брифингте Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов мәлімдеді.
Жалпы, ауданда бір орталық аурухана, екі ФАП, он жеті дәрігерлік пункт тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оларда барлығы 14 дәрігер, 114 орта буынды медицина мамандары еңбек етеді.
-Ауданымызда дәрігер мамандармен қамтамасыз ету көрсеткіші 76%-ке тең. Өңірге ең қажетті мамандар – акушер-гинеколог, офтальмолог, невропатолог, инфексионист, фтизиатор тәрізді білікті мамандар жетіспейді. Бірақ, бұл мәселе көп ұзамай шешімін таппақ. Мәселен, үстіміздегі жылы сырттан екі тәжірибелі дәрігер жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, аудан әкімінің гранты арқылы үш студент жоғары оқу орындарында оқып жатыр,-дейді аудан басшысы Шота Оспанов.
Айтпақшы, биыл Торғайға Алматы облысының Қарасай ауданынан бір отбасы (бес адам), Қызылорда облысының Іңкәр дария ауылынан бір отбасы (жеті адам) және Түркістан облысы, Бәйдібек ауданынан бір отбасы (төрт адам) көшіп келді. Олардың ішінде жоғары білімді, еңбекке жарамдылары тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрғын үй берілген.
Аудан әкімінің айтуынша, бұл жұмыс келесі жылы да қолға алынатын болады. Өйткені, еліміздің оңтүстік облыстарында Торғайға қоныс аударуға ниет білдіріп отырған отбасылар бар көрінеді.
Ал, аудандағы «Сыма-К» шаруа қожалығы келер жылы Түркістан облысынан екі отбасыны көшіріп әкелуді жоспарлап отыр.
-Биыл Көлқамыста екі үйді пайдалануға бердік. Келесі жылы тағы екі үй саламыз. Оны сырттан көшіп келушілерге бермекпіз. Қазір істеймін деген адамға ауылда да жұмыс жетеді. Ал еңбеккерлерге лайықты жағдай жасау біздің міндетіміз. Қоғамның ең басты құндылығы – адам капиталына ерекше мән беруіміз қажет. Маңайымызға білікті мамандарды топтастыру арқылы біз ауылшаруашылығын дамытуға, ауылды көркейтуге жол ашамыз, – дейді «Сыма-К» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Манат Кәрбозов.
Үстіміздегі жылдың он айында Жанкелдин ауданында 114 тұравқты жаңа жұмыс орны ашылып, барлығы 403 адам еңбекпен қамтылған. Осылайша, шалғай өңірде жұмыссыздық деңгейі 1,9%-ке төмендепті.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.