NIS түлектері сүйікті мектептерінде
23 желтоқсанында Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Түлектер қауымдастығының қолдауымен «Samgau» атты түлектер форумы өтті.
Түлектер жан-жаққа қанат қағып ұшып, өмірден өз орындарын тапты. Бірақ олардың ешқайсысы өз мектебін, ұстаздарын, сүйікті сыныбын ұмытқан жоқ. Әр жылғы түлектер бір жерде бас қосып, мамандық пен университет таңдаудағы тәжірибелерімен бөлісіп, NIS оқушыларының кәсіби дамуына үлес қосты. Олардың презентациялары TEDx форматында өтті.
Түлектер қауымдастығы (Alumni NIS) – NIS түлектерін бір-бірімен және мектеппен байланыстыру үшін құрылған. Alumni NIS қауымдастығы 2018 жылдан бастап түрлі іс-шаралар мен жобалар арқылы түлектерді біріктіріп келеді.
– Мектеп әрбір түлек үшін үлкен мүмкіндіктер ашады, олар құнды біліммен қатар нағыз достарға ие болады. Адалдық, Отанға деген сүйіспеншілік, толеранттылық, меритократия сияқты ортақ құндылықтарды ұстанады. Уақыт өте келе олардың бойында шынайы алғыс сезімі пайда болады, олар мектептен алғандарын шынайы бағалай бастайды. Бұл алған білімдерімен, өз тәжірибелерімен, әрине, саналы түрде және тегін бөлісуге деген шексіз құлшыныс тудырады, – дейді Alumni NIS елшісі Қымбат Хаумбетова.
Түлектердің арасында спортшылар да, оқу озаттары да, болашағы үшін ғана емес, ел игілігі үшін өсемін деп сенетіндер де баршылық. Анель Касымова өз сөзінде биохимияның дамуына тек Ұлыбритания қауымдастығы үшін ғана емес, мектебі мен елі үшін үлес қосуға үміттенетінін айтады.
– Мектебіміздің дамуына, көркеюіне және көбірек адал түлектерді шығаруға және біз сияқты тамаша студент болуға көмектесу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын және ризамын. Сонымен қатар, менің мектебім маған қазір қажет және болашақта өте пайдалы болатын дағдыларды үйреткенін және бергенін атап өткім келеді, – дейді 2021 жылғы түлегі, Бристоль университетінің студенті (Ұлыбритания) Анель.
Форум бағдарламасына Қостанай NIS оқушыларының түрлі республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған ғылыми жобалары да енгізілді. Мектеп оқушылары шақырылған түлектерге ғылыми жобаларын ұсынып, «кері байланыс» алды.
Форум соңында шақырылған түлектер 10-11-сынып оқушыларымен кездесіп, балалардың болашақ мамандығын таңдауына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Диалог алаңында қалыптасқан бейресми және достық атмосфера оқушыларға болашақта оқуға түсуге қатысты әртүрлі тақырыптарды талқылауға мүмкіндік берді.
Түлектер Қазақстанның және шетелдердің жоғары оқу орындарында қалай білім алып жатқандары туралы айтып берді. Мысалы, 2021 жылдың түлегі Асқар Гайсин Назарбаев Университетіндегі студент өмірін егжей-тегжейлі сипаттаса, Ксения Тушинская мен Дарья Мамратова (2022 жылғы түлектер) АҚШ-та оқудың қыр-сырымен бөлісті.