Сақтансаң сақтайды
Рудныйда жыл сайынғы тұмауға қарсы вакцина егу науқаны аяқталып келеді. Биылғы эпидемиологиялық маусым үшін бюджет қаржысына ресейлік «Гриппол плюс» авцинасының 6000 дозасы сатып алынған болатын. Осы уақытқа дейін оның 5500-і егілді. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының бөлім басшысы Алима Тасқымбаева мәлімдеді. Ол емханаларда алдымен созылмалы ауруға шалдыққан балаларға, медицина қызметкерлеріне, жүкті әйелдерге, балалар мен қарттар үйінінің қамқорлығындағы жандарға тегін екпе салынғанын алға тартты.
– Өкінішке орай Рудный ақылы екпе жасайтын медициналық кабинеттер жоқ. Сол себепті тұрғындар өз денсаулықтарын ойласа облыс орталығындағы клиникаларға баруы тиіс. Екпенің және одан кейінгі бақылаулардың құны 5000 теңгенің шамасында. Вакцинаны жай ғана дәріханадан сатып алып, егуге болмайды. Оның ерекше талаптары бар. «Гриппол плюс» вакцинасының антигендік құрамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары бойынша өзгертіліп отырады. Осыған орай биыл Қазақстанда тұмаудың үш: А (H1N1) Мичиган, А (H3N2) Сингапур, В – Колорадо штаммы жұмыс істейді. Осы топтардың ішінде А типі ең қауіптісі, себебі ол үнемі мутацияланады. А типіндегі Сингапур сияқты типіне тәжірибе жүзінде иммунитет жоқ, сол себепті вакцина салдырту керек, – дейді маман.
Әзірге қаламызда тұмаудың белгілері тіркелген жоқ. Алайда «сақтанғанды Құдайдың өзі сақтайды» демей ме. Сол себепті өмір мәні мен сәнін толық сезінуге мүмкіндік беретін денсаулықты күтіп жүрейік, ағайын.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ