Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы-этнограф, профессор: «Қостанайда киелі жер өте көп»

-Жамбыл Омарұлы, Сіз белгілі тарихшы-этнограф ретінде баспасөз беттерінде, телеарналарда халқымыздың әргі-бергі тарихы туралы құнды пікірлер білдіріп жүрсіз. Кезінде   «ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы» тақырыбында докторлық диссертация қорғадыңыз. Оның ішінде еліміздің солтүстік-орталығындағы қазақтардың ішкі мәселелерін терең зерттедіңіз. Нендей өзгерісті байқадыңыз?IMG_0528-Егер де дедуктивті жағынан қарасақ, бәлендей айырмашылық жоқ. Өйткені, кезінде барлығы да бір мемлекеттің құрамында болған. Қазақтың үш жүзі дегеніміз,  қазіргі тілмен айтсақ, үш әкімшілік территориялық бірлік. Бір жүйеге біріктірілген бір-бір облыс немесе губерниялар деп айтуға болады. Ал бұлардың бәрін біріктіретін туыстық идеология. 15-ші ғасырдың басына қарай қазақ хандығын құруға дайындықтың барысы кезінде бұлар сол туыстық жүйені алған, арқау есебінде. Ол үшін Алаша хан туралы аңызды пайдаланған.  Мәселен, Алаша ханның үлкен ұлы – Ұлы жүз, ортаншы ұлы – Орта жүз, кенжесі – Кіші жүз деген сияқты…
Шындығында Алаша хан деген –бұл әпсаналық заманның тұлғасы. Жалпы, шартты тұлға. Алаша хан деген сөздің ары жағында жылқы деген ұғым тұр.  Татар, башқұрт, чуваш халқы  жылқыны Алаша дейді. «Алашак», «олашак». Осыдан орыстың лошадь деген сөзі шығады. Үнді-еуропалықтардың  «пеги», «пегас» – қанатты ат ұғымы да осы  Алаша сөзімен  байланысты. Яғни, бұл жылқышылық дәуірден келе жатқан ұғымдардың бірі. Біз жылқышы елміз дегенді білдіреді. Алаш еліміз деген сөз. Біздің негізгі өркениетіміздің арқауы, негізгі қозғаушы күші жылқы болған. Тек қана қазақ өркениетінің емес, бүкіл еуро-азиялық ескі өркениеттің қозғаушы күші жылқы.  Әлі күнге дейін күштің бірлігін жылқы күшімен есептейміз. Мәселен, «бәлен деген машинада  екі жүз жылқының күші бар» немесе «Мерседес-600 -де» алты жүз жылқының күші бар» дейміз. Жылқы адамзат өркениетін сол энеолит дәуірінен  бастап, кешегі  15-ші ғасырға дейін алға сүйреді. Қазіргі күні біз Американы  кремний аймағы дейміз, не болмаса силикон жазығы дейміз, жаңа технологиялар жасалып жатыр ғой. Осы технология адамзатты қалай алға сүйресе, бес-алты мың жыл бұрын жылқы да адам баласын солай сүйреген. Біз сол өркениеттің соңғы тұяғымыз. Қазақ сол  өркениетті жиырмасыншы ғасырдың басына дейін жеткізген халық. Алаша идеясы – әлгі мен айтып отырған  өркениеттің негізгі символы.
– Алаша ханға үлкен кесене салған жоқ па еді?!
-Алаша хан ескерткіші сол Қасым хан уақытында салынған болуы керек, өйткені, алғашқы Керей-Жәнібек хандардың тұсында халқымыз өз тәуелсіздігі жолында күресті,  Одан қалды  оңтүстіктегі қалаларды қазақ хандығының құрамына енгізу  керек болды. Тек  Қасым ханның тұсында мемлекет орнықты. Оның миллиондай халқы болды. Осы  кезде мемлекеттіліктің символы ретінде «Алаша ханға» Ұлытауда кесенесі салынды. Бірақ, ол жерде ешкімде жерленген жоқ.
Шындығында, бұл мемлекеттіліктің Алаша идеясымен байланысты екендігін көрсететін ескерткіш. Сондықтан, Алаша ханнан тарағандықтан, идеология бір болғандықтан, әкімшілік-территориялық бірлік бір болғандықтан  қазақты бөліп-жарып қарауға болмайды. Бөліп-жару қашан басталды? Ол мемлекет ыдырағаннан  кейін басталды. Қазақ хандығы құлады. Яғни, алғашқы хандық жүйе ыдырады.  Бұл енді Ресейдің тарапынан болған әр түрлі айла-шарғының жемісі. Мәселен, қазақ хандығы тұсында біздің орталық астанамыз Түркістан қаласы болды. Хан ордасы сонда тігілді. Әлгі хан ордасын аталықтар басқарды. Аталықтар дегеніміз – ханның кеңесшілері, ханзадаларды тәрбиелейтін адам. Енді осы аталықтар жөнінде сіз не білесіз? Түкте білмейсіз.  Өйткені, кеңес заманында ол айтылған жоқ. Орталық билік құлағаннан кейін-ақ аталықтар жөнінде ақпарат та жойылды. Кеңестік цензура біздің оқулықтарымызға  аталықтар жөнінде бір ауыз сөз кіргізген жоқ.  Тіпті, Тәуке хан заманындағы архив құжаттарын қарағанда орыспен арадағы елшіліктегілер: «Бізді аталықтар  қарсы алды» дегенді айтады. Яки, хан ордасына кіргізеді, шығарып салады. Барлық келіссөздерге қатысып отырды.
Міне, сол архив құжаттарын пайдаланған уақытында «аталық»  деген сөзді алып тастап,  «аталық Барху батыр» дегеннің,  Барху батыр дегенін ғана қалдырады. Екіншіден,  хан ордасының қарапайым  қызметкерлері болады – Төлеңгіттер деп атаған. Бұлар орталық биліктің тапсырмасымен ойға,қырға жүреді, алым-салық жинайды, елшілердің бас амандығына жауап береді. Көпес керуендеріне жауап береді. Сосын ханның қорғаушылары қызметін атқарады. Бүкіл соғыс қимылдарына қатысады. Былай қарағанда, ханның гвардиясы сияқты ғой. Осы Төлеңгіттерді оқулықтарға нақтылап жазбағандықтан, біз оларды құл есебінде қабылдайтын болдық. Ал шын мәнінде, бұлар мемлекеттің кәдімгі қарапайым қызметкерлері болған.  Хандық билік құлағаннан кейін Төлеңгіттер жеке ру болып, болыстықтарға бөлініп кетті. Мұндай көрініс сол кездің өзінде-ақ  қазақ даласының әр қиырында кездесетін.
-Яғни, қазақ даласы қазіргідей аумақтық-әкімшілік бөлініске түскен жоқ қой.
-Әрине! Қазақ хандығының орталығы – Түркістан болғандықтан, сіздің аталарыңыз да жылына бір-екі мәрте сол жаққа  барып, түрлі кеңестерге қатысуға, қыстауға мәжбүр болған. Ақтабан шұбырындыдан кейін біз Түркістаннан айырылып қалдық.  Содан кейін ғана Үш жүздің қазағы өз беттерімен тіршілік жасауға көшті. Арадағы байланған жіп үзілді. Сөйтіп, өзіндік  ерекшеліктер пайда бола бастады. Неге десеңіз,  мемлекеттің құрамында болған ру-тайпалар енді өз бетінше өмір сүруі керек.  Олар амалдың жоқтығынан  өз көсемдерінің соңынан ерді, өздерінің батыр-билерін көтерді. Өйткені, орта звено ғана тіршілік жасады. Биліктің жоғары тобы жұмыс істемей қойды. Кейін Құнанбай, Мұса Шорман заманында әлгі орта звено билікпен жұмыс істеп тұрды да, кейінгі 1867-68-ші жылдардағы реформалардан соң ол жүйе де істен шығып,  ең төменгі шегі – болыстық деңгейге түсіп қалды. Болыстық дегеніміз,  көп болса, екі мың киіз үй.  Соны басқарады. Одан арғы қызметтік жол жабылды. Осыдан соң халық ұсақталды.
Біздің  фольклорлық деректердегі  Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би жөніндегі әңгімелерді қарасаңыз, арасына өңкей  бір ұсақ әңгімелер кіріп кеткен.  Мәселен, бір аттың еріне байланысты дауласып жатады. Түсіндіңіз бе,  жаңағы мен айтқан  ірі тұлғалардың өзін ұсақтатып жіберген.  Өйткені, қарапайым өмір сүрген, бір болыстықтың қарамағында жүрген адам үшін мемлекеттілікті көзге елестету өте қиын. «Мынадай мемлекет болған екен, оны басқарушы мынадай қайраткерлер болған екен ғой»,- деген түсінік болған емес оларда. Сосын барып,  өздері көрген болыс-билердің деңгейінде ғана топтасады. Осыған байланысты аймақтардың арасында  ерекшеліктер көбейіп кетті.
-Ол қандай ерекшеліктер?
-Мәселен, қазақтың рушылдығы әр жерде әртүрлі көрініс тапқан. Бұл міне орталық билік жойылғаннан кейін пайда болған «ауру». Бұрын ол болмаған. Жұрттың бәрі де оның туыстық жүйенің арқауы екенін білетін. Шарттық туыстықты қамтамасыз ететін. Қазіргі заманда қарапайымданғанымыз сондай, біз мысалы Найман деген руды адам деп есептейді. Содан тарадық дейді. Шын мәнінде Найман – сегіз тайпаның одағы дегенді білдіреді немесе Арғынды кісінің аты екен деп ойлайды…
Арғын конфедерациясының құрамына  кіретін ру-тайпалар көп. Жоғары, төменгі  шекті болып бөлінеді. Кезінде олар жеті момын одағына кірген. Жоғары шекті, төменгі  шекті дегеніміз, енді  әкімшілік бірлік қой. Осындағы  Шекті атауының арғы тегі Кіші жүздегі Шектілермен байланысы болуы мүмкін. Менің  болжамым солай дейді.  Таңбалануы да бір. Ол Кіші жүздің шектісінде де бар. Соған қарап, бұлар кезінде үлкен бір одақ болып, кейін ыдыраған соң, бір бөлігі Арғындарға сіңісіп кетуі мүмкін ғой деген ой туады. Өйткені, Арғын конфедерациясының өзінде қазан төңкерісіне дейін миллионнан аса адам болған.  Бұлардың ішінде Мейрам балаларының беске бөлінеді.  Одан қалды жеті момын деген жеті үлкен тайпаның одағы бар. Осылардың ішінде ең алғаш Арғын болған Қуандық пен Сүйіндік пе деп ойлаймын. Кейін Бегендік пен Шегендік қосылуы бек-мүмкін. Үшінші эшелонда, Қарлұқ заманында Қаракесек кірген ғой деймін. Осылайша кезең-кезеңмен қосылып отырды. Көрдіңіз бе,  конфедерация ақырын-ақырын ұлғайып, барлығы да Арғын деп аталған.  Туыстық жүйеге сүйенгендіктен мемлекет  жақсы жұмыс істеп отырады. Әсіресе,  бұл соғыс уақытында өзді-өзді қорғануға өте тиімді еді. Жүйеге кірмесеңіз сіз өмір сүре алмайсыз.IMG_0197
-Сіз кешегі баспасөз мәслихатының барысында қазақ тілінің шетел тілдерімен өзара үндестігі туралы ой айтып қалдыңыз. Осы бір пікіріңізді тарқатып айтыңызшы. Әлемдік тілдердің қазақ өркениетінен бастау алады дегеніңізді ғылыми түрде дәлелдей алдыңыз ба?
-Бұл әзірге, менің хоббиім ғана. Қазақ тарихы бойынша жазба деректер онша көп деп айта алмаймын. Біздің аталарымыз жазба деректермен онша көп әуестене қоймаған. Тіпті, әлі күнге  қазақ хандарының архивін тапқанымыз жоқ. Түркістанда болған архивтің  қайда қалғанын білмейміз. Мемлекет болған соң, оның қай кезде де хаттары сақталатын орны болуы заңды. Бұқар жырау: «Ежелгі дос жау болмас, шірнеуіште уәде берген хаты бар»,-дейді. Шірнеуіш деп жаңағы хаттар сақталатын ыдысты айтады. Қазіргіше архив есепті.
Біз орталық билікті жоғалтқаннан кейін көп нәрсеге ие бола алмай қалдық. Отарлауда болған елдің жағдайы белгілі. Керісінше, ауызша деректер бірнеше есе көбейіп кетті. Көбіне біздің сүйенетініміз ауызша деректер. Екіншіден, тіл. Тілде өте көп тарихи қазына бар. Тек қана ауызша деректі де,  тілді де дұрыс тәпсірлеп, одан керегіңді алып шығу керек. Мен осы екі бағытта да жұмыс істеп жатырмын. Ауызша деректерді пайдаланып, қазақ тарихының бірсыпыра дүиелерін жаздым. Кезең-кезеңімен. Қазір де айналысып жүрмін.  «Қазақ шежіресі», «18-ші ғасырдағы ерлік дәуірі» деген кітабым бар. Барлығы да ауызша деректерге негізделген. Бірақ, оларға сыни көзбен қараймын. Былайша айтқанда, ішіндегі дәнін алып, қауызын тастап  пайдаланып жүрмін.
Ал енді жаңағы тіл мәселесіне жақында кірісім. Бұл әзірше әуесқойлық деңгейде жүріп жатыр. Қазақтың тіл байлығы деген өте үлкен. Мұны ақырындап салыстырып көрсем, қазақтың көп сөзінің түп-төркінінің бір шеті үнді-еуропалық, иран халықтарынан бастау алады. Соған қарағанда, біздің қазақ халқының арғы тегі мен  герман, ағылшын халықтарының негізі бір.  Жаңағы Алаша ханның заманынан кейінгі екінші-үшінші мыңжылдықтарда үнді-еуропалықтардың көшу-қону заманы  ажырап, бөлек-бөлек кеткен. Содан бірталай сөздеріміз оларға ауысқан. Олардың бірталай сөзі бізге кірікті. Мәселен, ағылшындар жақсы дегенді «Гут» дейді, бұл бізде құт. «Құт» деген сөз бізде де «жақсы» деген мағынада қолданылады. Мәселен,  «Құтты болсын!» дейміз, жақсы бір тілек айтқымыз келсе, «құт» деген сөзді қосып отырамыз. Құт – жақсылықтың мағынасы. Яғни, қазақтың «Құты» менен ағылшынның «гуты», немесе немістің «гудының» арасында мағыналық жағынан да, сыртқы түрі жағынан да жақындық бар екендігі сөзсіз. Немесе құдай сөзін алайық.  Бұл біздің қазақтың ескі сөзі. Сахалықтар да , ирандықтар да «құдай» дейді. Яғни, құдай сөзі біздің жерімізден шыққан. Бұл исламға дейінгі бар сөздердің бірі. Ағылшындар «гот», «О,маин гот» дейді. Сахалар да, иранда да құдай сөзі бір мағыналас сөз болып шығады. Тағы бір мысал: бізде жиі қолданылатын сөздің біреуі «жаман». Оның ағылшынша баламасы «бэт». Біреуді жақтыртпағанда «бедірейіп тұр екен» дейміз ғой, иә болмаса «бетпақ дала» дегенді алыңыз. Жаман, қорқынышты дала дегенді білдіреді. Немесе «бетпақ әйел» деген тіркес бар. Мұның бәрі жаман деген мағынада қолданылып отыр. Яғни, бұл сөздер ағылшындардың аталарымен біздің аталарымыз бір-бірімен ажырамай тұрғандағы ескі қорда болған. Сонда біз бір тілде сөйлеген боп тұрмыз ғой.
Қазақ халқының антропологиясының өзі қызық. Біз таза монголоид халық емеспіз. Таза еуропид та емеспіз. Біздің түріміздің 65-70 % монголоид -дағы, 30 % еуропидпіз. Біздің тілімізде де 25-30%  еуропалықтардың  сөздері жүр. Мәселен, қазақта «жүдеу-жадау» деген қос сөз бар. Оның «жүдеуін» білеміз, «жадау» дегеннің мағынасы белгісіз. «Жадау» ағылшын тілінде «көлеңке» деген мағынаны білдіреді. Халқымыз: «Мынаның көлеңкесі ғана қалған екен» деп айтады. Міне, бұл да көнеден қалып қойған сөз боп шығады.IMG_0248
-Жамбыл Омарұлы, білуімше Сіз бұған дейін де Тобыл өңіріне ат басын бұрғансыз. Қазақтың қай қиырында да қойнауына талай сырды бүккен тарихи жерлер көп. Қостанай жеріне де сондай қызығушылық болған-ау, сірә?
-Мені, этнограф ретінде Қостанайдың  тарихи жағы қатты қызықтарады. Сіздерде киелі жерлер, тарихи ескерткіштер өте көп. Ана бір жылдары өлкетанушы Аманжол Күзембайұлы, Қуаныш Орманов ағаларыммен бірге Арқайымға бардым. Бұл ертеде қазақ хандығының құрамында болған жер. Қарап отырсаңыз, мына Челябінің маңындағы көптеген жер атауларының бәрі бізге келеді. Мәселен, Арқайым орналасқан жерді Қарасу немесе Сутимес өзені дейді. Сосын мені қызықтыратын тағы бір тақырып, ол Кенесарының 1843-44 жылдары осы Арқайым үшін жүргізген күресі. Ол кезде орыстар «Новая линия» деп атаған. Кенесарының Екатеринск станицасын шабуы, орыстарды «Новая линиядан» ығыстырып жіберуі, оған біздің Арқаның жігіттерінің қатысуы әлі де терең зерттеуді қажет ететін шаруа.  Осы жерге келіп, жаумен соғысу, кеудесін оққа төсеу   Сарыарқаның төсінде жүрген қазақтың азаматтары үшін қаншалықты қажет болды? Осындай көп сұрақтың шешімі Қостанай өңірінен табылады. Бұл жақта тарихи-этнографиялық жұмыстарды жақсылап жүргізу керек. Мен әр келген сайын бір мәлімет алып кетемін. Болашақта қарым-қатынасымыз бұдан әрі жақсара түсетініне сенімім зор.
-Рахмет сұхбатыңызға!
 
Айбек КӘДІРҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓