АРМАН БЕРДАЛИН: “Мақсат – жемқорлық жолын кесу”
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин Тобыл өңірінде жұмыс сапарымен болып, Қостанай, Рудный қалаларын және бірнеше ауданды аралап жұртшылықпен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілер үшін сынамалы тәртіпте еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды үлгіге ауыстыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қызметшілердің әдеп қағидаларын сақтау мәселелері әңгіме болды.
– Агенттіктің жанынан республикалық арнайы мониторингтік бақылау тобы құрылған болатын. Бұл топта кезінде оппозицияда болған Зәуреш Баталова, Қазақстан блогерлер альянсының президенті Ғалым Байтұқ, Мұрат Әбенов сияқты 20-дан астам қоғам белсендісі бар. Бірақ бұлардың біреуі де мемлекеттік қызметші емес. Кемшілікті жасырмай, тіліп тұрып айта алатын азаматтар. Мұндағы ойымыз – мемлекеттік қызмет саласында кездесетін кемшіліктерді осы кісілердің көзімен көре біліп, оны түзету. Осы мақсатта жыл басында Қазақстанның барлық өңірлерін аралап өттік. Бұл екінші рет шығуымыз. Кеше Қарағанды облысынан бастадық. Одан Ақмола облысы, үшінші, міне, Қостанайға келіп отырмыз. Біз тек облыс орталығымен ғана шектеліп жатқан жоқпыз, 500 шақырым шалғай жатқан елді мекендерге барып, халықпен кездесіп жатырмыз.
– Тек халықпен ғана кездесесіздер ме? Мемлекеттік органдарға да бас сұғатын шығарсыз?
– Әрине. Агенттіктің бүгінгі таңда атқарып жатқан басты жұмысы бұл – Елбасы айтқан кәсіби мемлекеттік аппаратты құру. Бұл бағытта мемлекеттік қызметшілердің ең алдымен әдебі бақылауға алынып отыр. Егер әкесіндей адамға әкіреңдеп сөйлейтін болса, алдына келген адамның қағазына қол қоймай ары-бері сенделтіп қойса, ондай адамға мемлекеттік қызметте орын жоқ. Соның бәрін ескертіп жатырмыз.
– Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жағы қалай? Жұмысқа жаңа кірген мемлекеттік қызметшінің айлығы шайлығына жетпей жатады.
– Бүгінде факторлық-балдық шкалаға сүйенген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін жүзеге асырып жатырымыз. Кеше ғана Елбасы жолдауында айтылды, бұл қазір сынамадан өткізу мақсатында Қазақстанда төрт жерде, біздің агенттікте, Әділет министрлігінде, Астана қаласы мен маңғыстау облысының әкімдігінде іске асырылып жатыр. Бұрын мынау 20-30 жыл жұмыс істейді екен деп, еңбек өтіліне қарай еңбекақы алып келсе, жаңа жүйе бойынша әр мемлекеттік қызметші негізгі міндетінен бөлек бір жылдық жеке жұмыс жоспарын құрады. Оған жыл соңында баға беріледі де, қызметші ең кемі 4 айлық немесе 10 айлық бонус алады. Осыған сәйкес оған еңбекақы төленетін болады. Айлық еңбекақы өз алдына екіден екі жарым есеге дейін көтеріледі.
– Енді осы мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсету жайлы айта кетсеңіз.
– Қазір елімізде 741 мемлекеттік қызмет көрсетіледі екен. Оның 60%-тен астамы электронды қолжетімді болып отыр. Бұрын шалғай ауылдардың тұрғындары бір жапырақ қағазға бола аудан орталығына келетін. Мысалы, мен кеше Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданында болдым. Қазақстандағы ең үлкен аудан. Бұл өңірде аудан орталығынан 500 шақырым қашық жатқан елді мекендер бар. Бір мөрлі қағаз үшін қысты күні келіп кетудің өзі мұң ғой, мың шақырым жол арлы-берлі. Мұндай күрделі мәселелердің шешілуіне электронды қызмет жол ашады. Бүгінде 741-дің 279-ы қағаз жүзінде, 462-сі, 62,3%-і электронды қолжетімді болып отыр. Бірақ біз енді ғана байқап жатырмыз. Көп жерлерде насихат жұмыстары әлсіз. Қарапайым халық үйден шықпай-ақ өзіне қажет құжатқа қол жеткізе алатынын әлі күнге дейін білмейді. Біз қазір халықтың алдына бал қойып қасық бермегенмен бірдей болып отырмыз. Сондықтан бұл сапарымызда жергілікті әкімдерге халыққа осыны насихаттау, түсіндіру жұмысын күшейтуді міндеттеп жатырмыз.
– Біраз елді мекендерде интернет жоқ. Болғанның өзінде, қуаты әлсіз…
– Барлық әкімдіктерде өзіне-өзі қызмет ету бұрыштары бар. Барлық ауылда әкімдіктер спутникпен болса да, міндетті түрде интернетпен қамтылған. Азаматтың үйінде интернет болмауы мүмкін. Бірақ ол аудан орталығына емес, ауыл әкіміне барып, қажет құжатты сол жердегі компьютер арқылы интернеттен алады да шығады, болды. Электрондық-цифрлы қолтаңба бәрінде бар қазір. Осыны халыққа үйрету мақсатында біздің агенттіктің бастамасымен Қазақстанда 5 мыңға тарта информатика мұғалімі оқытылды. Олар өз кезегінде мектепте балаларға үйретеді. Мысалы, үйде отырған қарт кісі мұндай жағдайда баласын немесе немересін қасына шақырып алады ғой. Баласы компьютерге отырып, қажет анықтаманы лезде-ақ алып бере салады. Сол мақсатта жүріп жатқан жұмыстар бұл.
– Қазір мемлекеттік қызмет саласындағы жұмыс қаншалықты сапалы жүріп жатыр?
– Сұрағыңыз өте орынды. Біздің іссапарымыздың басты мақсаты да жұмыс сапасын анықтау. Соңғы сегіз ай ішінде көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызмет бойынша 511 тексеріс жұмыстары жүргізілді. 100 мыңнан астам кемшілік анықталды. Мұның ішінде жиі кездесетіндері – бизнес процесстерін тежеу, мемлекеттік қызметтің көрсетілу мерзімін кешіктіру, т.б. Өткен жылы анықталған кемшілік саны 230 мың еді. Биыл мұның екі есеге азайғанын көріп отырмыз. Мұны мен біздің мониторингтік топ жұмысының тікелей ықпалымен қол жеткізген нәтиже деп білемін. Агенттік Қазақстандағы барлық кәсіпкерлерге, отандық, шетелдік инвесторларға қолдау білдіріп, қанатының астына алып жатыр. Мемлекеттік органдар тарапынан қызмет көрсету мерзімін созбаққа салу сияқты кез-келген бюрократиялық әдіс-тәсілдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа қайшы әрекет болып бағаланады. Яғни, мемлекеттік қызметші алдына келген адамның құжат қағазына негізсіз, қасақана қол қоймай, әуіреге салатын болса, бұл жемқорлыққа алып баратын факт деп есептеледі. Қазірдің өзінде біз 151 инвестжобаға сүйемел жасап отырмыз. Бізде әрбір өңірде жобалық кеңсе жұмыс істейді. Бұл кеңселер қыруар жұмыс жасап жатыр. Мәселен, жуырда ғана осы Қостанай облысында «Заря» АҚ-ның құқығы қорғалды. Жергілікті әкім аталған шаруашылықпен жасалған жайылым жерді пайдалану туралы меморандум күшін негізсіз тоқтатқан. Агенттіктің Қостанай облыстық департаменті қызметтік тергеу жүргізіп, әкімнің заңсыз әрекетке барғанын анықтады. Шенеунік тәртіптік жазаға тартылып, лауазымынан шеттетілді.
– Қазір сіздерде «Қоғамдық бақылау картасы» деген жоба бар. Осы жоба туралы айтып берсеңіз.
– Бұл жоба жемқорлыққа қарсы күресті жалпыхалықтық сипат алып, бұқаралық деңгейге көтеруді көздейді. Тұрғындар өздері кездескен немесе куә болған жемқорлық фактісі туралы агенттікке «1424» деген жедел желі арқылы, «Қамқор» деген мобильдік қосымша арқылы, сосын республикалық және облыстық мониторингтік топтар арқылы хабарлай алады. Бұл кез-келген азаматтың қаперінде жүрсе игі. Қазірдің өзінде агенттіке күніне жүздеп хабарлама түсіп жатыр. Нәтижесінде қаншама шектен шыққан шенеунік жазаланып, қаншама қолды болған дүние қайтып келіп жатыр. Елдің, жеке басының, ұрпағының болашағына немқұрайлы қарамайтын азамат бұған барынша жауапты қарап, белсенді ат салысуы керек. Мұндағы басты мақсат заң бұзған мемлекеттік қызметшіні ұстап, жазалау емес. Жалпы сыбайлас жемқорлықтың себеп-салдарларын жойып, қоғамдық дерттің алдын алу. «Тәрбие тал бесіктен басталады». Біз бұны балабақша, мектептерден бастап жатырмыз. Қазақстанның барлық мектептерінде «Адал ұрпақ» деп аталатын еріктілер клубы жұмыс істейді. Бұл балаларға үнемі тәрбие жұмыстарын жүргізіп отыратын орталық болуы керек. Біреулер ойлауы мүмкін, бесіктен белі шықпай жатып балаларға жемқорлықты айтудың қажеті бар ма деп. Қазірден бастап парталасының қаламын қалтасына салып алған бала, ертең қазынаның қаржысына да қол салады. Оны қазірден бастап тиып тастау қажет, ертең кеш болады. Бүгінде еліміздегі 113 жоғарғы оқу орны агенттікпен тығыз байланыс орнатқан. Студенттердің «Саналы ұрпақ» атты жобасы бар. Енді қарап отырсаңыз біздің агенттік кіріспеген нәрсе қалмады. Жуырда «Қазақстан темір жолдарында» кешенді тексеру жұмыстарын жүргізіп, онда да жобалық кеңсе құрып қойдық. Сол жерден іштен бақылайтын болдық. Халыққа да айтып жатырмыз, темір жол билеттері дұрыс сатылмай жатыр ма, қолыд болып жатыр ма, ақша қосылып сатылып жатыр ма, бірден бізге хабарласыңыздар, – деп. Менің өзіме жұмысқа тұру үшін пара сұрап жатыр деп қаншама жолсерік хабарласты. Яғни бұл салада да қыруар жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Агенттік ширақ қимылдап, қатаң саясат ұстанғалы елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейі де біршама төмендеген сияқты.
– Transparency International деген әлемдік ұйым бар. Штаб-пәтері шетелде орналасқан. Ол әлемдегі 180-нен астам мемлекетке бақылау жүргізеді. Қай елде жемқорлық деңгейі төмен немесе басым деген сияқты сараптама жүргізіп отырады. Сол ұйым жасаған сараптама бойынша Қазақстан 2016 жылдың өзінде 131 орында тұрғанбыз. Соңғы бір жылдың жұмыс қорытындысы бойынша біз тоғыз сатыға көтеріліп, 122 орынға тұрақтадық. Ендігі мақсат – жыл соңына дейін қалайда жүздіктің қатарына кіру.
– Осы халықаралық сарапшы ұйымдардың бағасы не үшін керек?
– Алпауыт компаниялар қандай да бір мемлекетке қаржысын құймас бұрын, осындай ұйымдардың сараптамасына жүгінеді. Мәселен, Қазақстанға инвестиция салайын деп жатырмын. Оларға сенім білдіруге бола ма? Әлде кім-көрінгеннің қалтасында талан-таражға түсіп кете ме? – деп. Елге инвестиция тарту – қазір Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан бізге мұндай ұйымдардың бағасы ауадай қажет.
Сұхбаттасқан Н. Құлабаев