Боксит бітуге таяу

Арқалықты тұралатпаудың жолы қайсы?
 
  Алдағы екі – үш жыл көлемінде кен қорының аяқталуына байланысты қалақұраушы өндіріс орыны саналатын  «Қазақстан Алюмині» АҚ қарасты ТБКБ –да жұмысын тоқтататыны жайлы айтылып келеді. Расымен де, жапандағы Қызылқозыны бүгінгідей Арқалық дәрежесіне жеткізген пайдалы қазбаларымыз таусылса қаламыздың жағдайы мүшкіл халге түсіп қалуы бек мүмкін. Себебі, кен басқармасы қала қазынасына қомақты салығын төлеп қана қоймай,  800-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.АХ_IMG_ 075
 Расымен де Арқалықтың өмірге келуіне негіз болған басты пайдалы қазбамыз – боксит таусылса қаламыз үшін салдары салмақты болғалы тұр. 700 – 800 -ге тарта адамға жұмыс беріп, салығымен қала қазынасын толықтырып келген өндіріс ошағын алмастыра алатындай ірі кәсіпорын жоқ. ТБКБ –да еңбек етіп келген осынша адам жұмыстан қысқарып, екі қолға бір күрек таба алмай қалса, сөйтіп қаламыздан үдере көшсе (әр отбасында кемі 4 адамнан бар деп есептегеннің өзінде) демографиямызға да кері әсерін тигізері анық. Ондай жағдайға душар болмауымыз үшін қиыншылықтың алдын алуымыз керек. Дүйсенбілік әкімдік жиынында қала басшысы Эльдар КҮЗЕНБАЕВ осы мәселені ортаға салды. Әкім айтқандай Мәжіліс депутаты Альберт РАУ мырза екі жылдан кейін Арқалықтағы ТБКБ қорының бітетінін айтып, бұл жайында үкіметтің не ойлайтынын білмекке сауал жолдаған.АХ_IMG_ 077
–Бұл сұраққа орай  ҚР Премьер – министрінің орынбасары Ерболат ДОСАЕВ  жылдың соңына дейін Арқалықтың даму бағдарламасы әзірленетінін айтты. Бүгінгі жиынға қатысушы қаламыздың активі, барлығыңыз осы бағдарламаға атсалысуларыңыз керек. Тек қана кәсіпкерлік немесе ауылшаруашылық бөлімі ғана емес,баршаңыз инвестор тартуға үлес қосыңыздар. Жеке өзім биылғы жылы сүт өнімдерін дайындайтын цех ашатын кәсіпкер тартамын. Оған арнайы нысан іздеу керек. Қаламыздан шыққан кәсіпкер азаматтар бар. Соларды шақыруымыз қажет. Бір адамға не болмаса он адамға болсын жұмыс орыны ашылуы керек. Алдағы екі жылда осы бағытта белсенді жұмыс жасайық, – деген Эльдар ҚОНЫСБАЙҰЛЫ болашағы бар бизнеспен айналысам дегендер болса өзі бас болып оған қолдау білдіретінін де жеткізді.
   – Өткен жылы Қостанай облысының әкімдігі мен ERG арасындағы меморандум негізінде бөлінуі тиіс ақша абаттандыру саласына жұмсалса, қазір ондай мақсат жоқ. Ол қаражаттарды алдағы екі жылда  несие мен грантқа бөлеміз. Жақсы бизнес жоспар болса  қолдау білдіремін. Мен бұл жерде дүкен немесе асхана ашу жайлы айтып отырған жоқпын. Мұндай бизнес түрлері  қазіргі уақытта айтарлықтай пайдасын әкелмейді. Бізге шағын өндіріс орындарын ашу керек. Кәсіпкерлік бөлімі мен ауылшаруашылық бөлімінің басшылары ізденіңіздер, басқа бөлімдермен жұмыс жасаңыздар, маған нақты шағын өндіріс орынын ашу жөнінде ұсыныс беріңіздер. Біз алдағы екі немесе бес жылымызды ойлап жұмыс істемесек 700 жұмыс орынын тауып бере алмаймыз (Боксит қоры таусылғанда ТБКБ-нан босайтын адамдарға. авт: Д. А.),- деп қала әкімі мәселенің қаншалықты маңызды екенін білдірді.
  Иә, әкімнің меңзегені дүкен мен асхананы көбейте бергенмен, халықты жұмыссыздық жайласа, ол жерлердің тұтынушылары да азаяды. Ал, шағын да болса өндіріс орындары ашылса, ол жерлерден тұрғындар жұмыс табар еді. Бұл жайында Қостанай облысының әкімі Архимед БЕГЕЖАНҰЛЫ да қаламызға жұмыс сапарымен келген сайын қайталап айтып келеді. Архимед МҰХАМБЕТОВ ТБКБ –нан босаған тұрғындарды толықтай жұмыспен қамту үшін жаңадан ашылғалы отырған «Торғай – Ет» ЖШС немесе «Агроинтерқұс» ЖШС сынды кемінде тағы 7 – 8 ірі инвестжоба іске қосылуы керек деген болатын.
  Қаламыздың күнделікті тынысына қатысты шаруалар да бар. Олар да назардан тыс қалмайды. Әйтсе де, жаңа кәсіпкерлік көздерін ашып, кен басқармасы жабылған шақта қаламызды тұралап қалудан сақтау жолындағы жұмыстар бірінші кезекте тұруы керек. Қала әкімі осыны қадап тапсырды. 
– Орталық – Шығыс көлік жолы сынды ауқымды жобалар облыс әкімдігі, үкімет деңгейінде жүзеге асады. Ш. Жәнібек көшесіндегі 107 үй де жөнделеді. Мұндай жұмыстар жасалады. Дегенмен, біз сіздермен бірлесе тәулігіне 24 сағат жаңа жобаларды ашу жайын ойлауымыз керек. Ағымдағы мәселелермен айналыса береміз, бірақ басты бағытымыз жаңа жұмыс орындарын ашу болады,- деді Эльдар ҚОНЫСБАЙҰЛЫ әкімдік жиынында.
                                                                                                      Дархан АМАНТАЙҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓