Ұлттық киім отаншылдыққа үндейді

   «Sultan» сән  үйі қазақтың тарихымен, мәдениетімен байланыстырып, жаңаша үлгідегі қайталанбас мәнерде киім ұсынып келеді. Жиырма шақты жылдан бері киім тігумен айналысып келе жатқан бұл сән үйінде дизайнерлер, конструкторлар, киім пішушілер, тігіншілер және кесте тігушілер тер төгуде. IMG_5721
   "Біз әлі күнге дейін қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің әр түрлілігі мен әдемілігіне таңғалумен келеміз. Ұлттық өрнектердің көптеген техникасы мен мазмұны бар. Тіпті, ертеректегі ою-өрнекті алғаш шыққан күйінде қолдансақ та олар өздерінің маңыздылығын жойған емес. Ою-өрнектер өздерінің әр алуандығымен ғана қызық емес, сондай-ақ бір суреттің өзін түрлі техникамен, түстердің гаммасымен де пайдалануға болады. Ұлттық, этностық киімдер осынысымен де тартымды. Бүгінде жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу өзекті болып отыр. Ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи сұранысқа сай етіп тігу арқылы ұлттық рухты оятамыз деп білемін. Астанада өтетін «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қорының көрмесіне жылына бірнеше рет қатысамыз. Жақында ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен Алматы облысында өткен  «ЭТНО-FASHION» көрмесінде біз этностильдің көптеген топтамасын көрсеттік. Ондағы киімдер табиғи материалдардан тігілді, – дейді сән үйінің директоры Малика Ғалымжанқызы.
  Бір костюмді тігуге орта есеппен бір айдан астам уақыт кетеді екен. Оны тігуге 5-6 адам қатысады. Сондай-ақ, киім тігерде тапсырыс берушілердің кескін-келбетіне, қалауына да қарайды.
  "Қазақстандық этностық стильді тартымды, ең бастысы, қолжетімді етіп жасауға тырысамыз. Қазақ халқында «Инемен құдық қазғандай» деген сөз бар. Тіпті, тігу бизнесі де сондай – жақсы нәтижеге жету үшін үлкен еңбекті қажет етеді. Әрі бұл жұмыс рухани байлық пен шығармашылық шабыт сыйлайды",  – дейді сәнгер.
   Малика Ғалымжанқызы ұлттық нақышта тігілген киімдерді жастардың кигенін қалайды. Ұлттық киімді насихаттау арқылы жас ұрпақтың тарихымызға, қазақ халқына тән салт-санаға, әдет-ғұрыпқа деген құрмет сезімін оятуды көздейді. Бүгінде  «Sultan» сән  үйінде қоржын, қыздардың сәукелесі, кәдесыйлар да тігіледі. Жыл сайын бұл сән үйі түрлі көрмелерге қатысып келеді. Бұл олардың көпшілікке кеңінен танылуына мүмкіндік беруде.
 
  Әсел ҚИБАШ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓