“KEIKI MERGEN»: түсірілім аяқталды
Өткен жылы Астана қаласындағы тарихи әскери мұражайдағы Халықаралық конференцияда жерлесіміз, белгілі қолөнер шебері, тарихшы Шөптібай Байділдиннің «Кейкі батыр» кітабының тұсаукесері болып, әскерилер Кейкі батырды «ХХ ғасырдың хас батыры» деп таныды. Тарихшылар да Кейкі бабамызды «ХХ ғасырдағы теңдесіз хас батыр» деп ерекшеледі. Биыл осы шараның негізінде «Қазақстан-1» телеарнасы "Кейкі батыр" кітабының желісімен кино түсіруді қолға алған болатын.
– Кейікіні қазір ғалымдар жоғары деңгейдегі батырлармен теңестіруде. Шындап келгенде, Кейкі батыр енді зерттеліп жатыр. Батыр сүйегінің туған топырағына оралғанына, басына кесене тұрғызылғанына да бір жылдың жүзі таяп қалды. Кейкі батырдың мемлекеттік деңгейде ұлықталып жатқаны елге зор рух беруде. Кино Қызылжарда, Қордайда, Отырарда, Шәуілдірде, Сығанақта түсірілген. Қазір 16 сериалы фильмнің монтаждау жұмыстары қолға алынды. Жақында Жанкелдин, Аманкелді аудандарының 90 жылдығы аталып өтеді. Маған: "Елге хабарлап, сүйіншілей берсеңіз болады деді",- дейді Шөптібай ағамыз.
"Кейкі мерген" киносы алдағы тәуелсіздік күні қарсаңында жарыққа шығады деп күтілуде.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.