Әскери борыш өтеуге аттанды
Қорғаныс департаментінің өкілдері болашақ сарбаздардың кезекті легін салтанатты түрде әскерге шығарып салды. Осы жолы Қазақстан армиясының қатарын іріктеуден өткен 15 қостанайлық бозбала толықтыратын болды. Бұл – Республикалық күзгі әскер қатарына алу науқаны басталғалы іске асырылған алғашқы да, соңғы да шара емес.
Оларды шығарып салу салтанаты қаладағы Жеңіс паркінде өтті. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев арнайы қатысып, сарбаздарға сәттілік тіледі.

-Бұл бозбалалардың алдында үлкен міндет тұр. Олар сол парызды абыройлы өтейтініндеріне біз сенімдіміз. Өйткені, бұл сарбаздардың бойында даңқты жерлес батыр бабаларының тағылымы бар. Мәселен, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қостанайлық майдангерлер аз емес. Сондықтан жастарымыздың Отан алдындағы азаматтық борышын ақтауға ынтамен аттанғалы отырғаны шүбәсіз. Құрметті сарбаздар, сіздерге сәттілік тілеймін!-деді ол өз сөзінде.






Ж.Жүсіпбек