Жас отбасының жетістігі
Елбасының 2013 жылғы Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні деп бекітілген. Атаулы мерекенің қарсаңында Қостанайда «Ең үздік отбасы» облыстық байқауы өтті.
Сайыстың алғашқы кезеңінде 35 жасқа дейінгі, ресми некеде тұрған жас отбасылардың арасында іріктеу жүргізілген еді. Соның нәтижесінде Арқалық, Қостанай қаласы және Федоров, Қостанай аудандарынан 18 отбасы таңдап алынды. Қатысушылар «Мен және менің спортшы отбасым» сайысында күш сынасып, «Отбасы құндылығы» семинарында және «Жас отбасы» шеберлік-сыныбында өздерін жан-жақты көрсете білді. Аталмыш сынақтардан сүрінбей өткен жеті жанұя қорытынды кезеңге жолдама алды. Олар Қостанай қаласындағы «Мирас» мәдениет үйінде болған соңғы кезеңде аянып қалмады. Бұл кезеңде әр отбасы мүшелерінің жетістіктерін бейнеролик арқылы көрсетіп, өнерлерін ортаға салды. Алдын ала берілген үй тапсырмасын да тап-тұйнақтай орындаған. Облысымызға белгілі азаматтар – Жанділдә Мақанов, Римма Ғайсенова, Бибігүл Аққожина, Майра және Қадыр Қаржауовтар, Раушан Байсарина жас отбасылардың өнерін бағалап, үздігін анықтады. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі облыстық басқарманың басшысы Марат Жұрқабаев осы іс-шарада бой көрсетіп, жастарға сәттілік тілеген болатын.
-Қазіргі уақыттағы ең маңызды мәселенің бірі – отбасы құндылықтарын сақтау. Тату тәтті жанұяларды кейінгі жастарға насхаттау мақсатында республика бойынша «Мерейлі отбасы» байқауының өтіп отыратынын білесіздер. Бүгінгі байқауда бақ сынаған жас отаулар еліміздің ең үздік, үлгілі отбасылары болады деп сенеміз. Үздік шыққан жастар болашақта «Мерейлі отбасы» республикалық байқауында біздің облысымыздың атын шығарады деп үміт артамыз,- Марат Жұрқабаев өз сөзінде.
Қорытынды сайыста сахнаға шыққан жеті отбасының арасынан Бертағыұлы жанұясы ерекше көзге түсіп, 1-орынға ие болды. Жеңімпаз жұпқа 60 мың теңгелік қаржылай сыйақы берілді. Басқа қатысушылар әр аталым бойынша марапатталды. Милушкиндер отбасына «Спортшы отбасы», Жерелевич отбасына «Ең тату отбасы», Мырзатаевтарға «Ең шығармашыл отбасы», Колосковтарға «Өмір ағашы» аталымы, Михайличенко отбасына «Ең жас отбасы», Бутановтарға «Жаңашыл» аталымдарының марапаттары табысталды.
Байқаудың жеңімпазы Ғалым Бертағыұлы мен Гүлден Зейноллаеваның шаңырақ көтергендеріне төрт жылдан асыпты. Жастар Айлан есімді қыздарын тәрбиелеуде. Отағасы Ғалым би өнері мамандығы бойынша жұмыс істейде, ал жұбайы Гүлден – мұғалім.
-Келіншегім Гүлден – жас маман, мұғалім. Өзінің бойындағы білімін шәкірттеріне барынша үйретуде. Мен би өнерінің мамандығы бойынша еңбеп етіп жатырмын. Жұбайым өте ақкөңіл, жарқын жүзді, керемет жан. Адам өз өмірінде екі түрлі нәрсені таңдаудан қателеспеу керек деп айтады ғой. Соның бірі – жар таңдау, екіншісі – мамандық. Мен отбасыммен бірге алаңсыз демаламын, жұмысымда табысқа жетудемін. Ендеше, екі түрлі таңдауда қадамымды қалт баспағаным ғой,-деді Ғалым Бертағыұлы.