КӨРШІҢ СОҚЫР БОЛСА…
Жұмыр жерді жайлаған қаржы дағдарысы мен АҚШ, Еуроодақтың экономикалық бұғаулауы көрші елдің экономикасын бұлтартпай тастады. Салдарынан, Ресейдің экономикасы құлдырап, рублінің құны кетті. Өзгелермен салыстырғанда көрші мемлекетпен байланысымыз басымырақ болғандықтан, оның салқыны Қазақстанға да тиіп жатыр. Қаржылық шектеу жалғыз бізге емес, Еуразиялық одаққа да әсер етуде…
Қырымға көз тігемін деп, экономикасы қырын кеткен мемлекеттің маңайындағы елдердің де қаржылық өсімі жоғарыда келтірілген себептерге байланысты баяулаған болатын. Тығырықтан шығар жолды іздегендер өзге мемлекеттермен байланысын күшейтіп, жағдайын жақсартуға тырысып бақты. Қазақ елі де құр отырған жоқ. АҚШ-тың кәріне ұшырамаған елдермен қарым-қатынасын түзеп, елге инвестиция тартуға кірісті. Алыстан іздеудің қажеті болмады. Халық саны сағат сайын көбейіп жатқан Қытай мемлекеті ел экономикасына кірігуге ынта білдіріп, юанін қайда жіберерін білмей отырғандай, Қазақстанның әр саласына қаржысын құйып тастады.
Тек, Қостанай облысының өзінде ғана қытайлық инвесторлардың күшімен ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Қазірдің өзінде көлік, ауыр техника, электронды техника, ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласына миллиондаған АҚШ доллары салынуда. Дәл осындай жобалар еліміздің әр облысында қолға алынып жатыр. Жаһандағы инвестициялық тартымды мемлекеттердің қатарына кірігіп жатқан Қазақ елінің тынысы енді ашылуы тиіс еді. Әзірге, олай болмай тұр!
Кешелі бері АҚШ доллары айырбастау орындарында 375 теңгеден сатылуда. KASE-нің таңғы сауда-саттық алаңында АҚШ ақшасы 369,32 теңге болып бекітілді. Теңге осылайша, биылдыққа ең төменгі құлдырау шегіне жетті. Күндіз айырбастау пункттерінде доллар бағамы тіпті 373 теңгені көрсетіп тұрды. Белгілі экономист Айдархан Құсайынов ұлттық ақшамыздың кешелі бері арзандауына Ресей рублінің де, мұнай бағасының да, тіпті экономикалық санкциялардың да әсері жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, әлемнің дамушы елдерінің барлығында осындай жағдай қалыптасып отыр.
«Соңғы екі күнде әлемдік қаржы нарығында валютаның индексі дамушы елдерде тарихта болмаған шегіне жетті. Тіпті еуроға шаққандағы доллардың бағамы да біршама артты. Мұны халықаралық қаржы саудагерлері тиімді пайдаланып жатыр. Біздің банктерде отырған қаржы сарапшылары мен трейдерлер де мұндайда қарап қалмайды. Олар да сауда-саттықты күшейтіп, ұлттық валютаның құнсыздануына алғышарттар жасайтыны түсінікті. Ғаламда болып жатқан осындай жағдайдың әсерінен теңге де арзандады» – дейді ол.
Алдағы күндері АҚШ доллары тағы да нығаяды. Шетелдік валютаның әлсіреуі тек қазан, қараша айларында ғана байқалатын болады. Қаржы маманының болжауынша, күздің соңына қарай доллар 330-320 теңге деңгейіне қайтадан келеді. Оған жылдағыдай маусымдық факторлар әсер етеді, дейді экономист. Ал, Ұлттық банк төрағасы бұған күмәнмен қарап отырған сыңайлы. Kapital.kz порталына берген сұхбатында Данияр Ақышев: «Сыртқы факторлардың салдарынан және көрші мемлекеттегі қалыптасып отырған жағдайларға байланысты ел ішіндегі қазіргі тұрақтылықты сақтау қиынға соқпақ. Десек те, инфляция да, қымбатшылық та болмауы тиіс», – деген пікірін білдіріпті.
Сырт елдермен байланысы мығым, мұнайы жақсы бағамен өтіп жатқан Қазақ елінің қаржылық бұғаудан шыға алмай жатқаны – «көршің соқыр болса, көзіңді қыс» дегенді еріксіз еске түсіреді екен.