Батыр ескерткіші қиратылды (БЕЙНЕ)
Қарабалық ауданында батыр ескерткіші құлатылды. Ол 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығына орай орнатылған еді. Мұндай келеңсіз көріністі @oralbekov_17 есімді фейсбук желісінің тұтынушысы өз парақшасына бөліскен.
"Өте өкінішті көрінісі бар бейнетаспа what’s app желісі арқылы келді. Бұл батырдың орнына басқасын тұрғызады-мыс (сондай-ақ, мұны қалпына келтіріп, ауданның бір селолық оругіне орнатуға уәде беріліпті). Алайда, толғантатын сұрақ – бұл ескерткіш кімге кедергі жасады екен?! Әуел баста осы жобаны жүзеге асыру үшін қазір жарық дүниеде жоқ менің атам Өтешов Асылбек Ғаппазұлы басын тауға да, тасқа да соғып демеуші іздеп, биліктен қаржыландыру көмегін сұрап сабылып еді. Енді мына жағдайды көріп тұрып жүрегім ауырады. Басқа айтар сөзім жоқ!" – деп өкпе білдіреді автор.
Оның айтуынша, Қарабалықта осы уақытқа дейін ұлттық колоритті әспеттеп тұрар мұндай үлгідегі ескерткіш ешқашан болмаған. "Тұрпаты көрген жанға бабалар рухын сездіретін мүсін аудан орталығындағы бірегей рухани белгі еді", – деп кейиді ол. Бұл ескерткіш қайырымды жандардан жиналған қаржыға тұрғызылған болатын. Авторы – скульптор Ертуған Шаймағамбетов.
Расында да, басқа батырдың ескерткішін салу үшін өзге жердің табылмағаны ақылға сыймайды екен! Азаттық жолында, ұрпақтың қамы үшін арпалысып өткен баһадүр бабалардың әрқайсысына бір-бір тұғыр арнасақ, бір жеріміз кеміп қалар ма еді?! Бір кем дүние…
Кейінірек Қарабалық ауылының әкімдігімен байланыс орнатып, осы жайт туралы ресми ақпарат сұраған болатынбыз. Сұрағымызға селолық округ әкімі Асан Шектібаев жауап берді.
"Бұрынғы ескерткіш сынайын деп тұрды. Өйткені ол цементтен жасалған болатын. Кез келген уақытта құлауы мүмкін еді. Сондықтан, жергілікті ардагерлер кеңесімен ақылдаса келе, орнына басқа ескерткіш қоюды ұйғардық. Жаңа нысан таза қоладан жасалады және бұрынғы ескерткіштен 50-70 сантиметрге биік болады. Ол үшін Алматы қаласына тапсырыс берілді. Қазан айының алғашқы онкүндігінде әкелінеді. Айта кетейік, бұл мүсін "Қарабалық – батыр" қоры қаржысына әзірленіп жатыр" , – деді ол.