Қала күніне тарту
Рудныйдың басты көшелерінде жылқы, түйе, арқар, тауешкі, барыс пен арыстанның мүсіндері пайда бола бастады.
Әкімдіктің тұрғын-үй шаруашылығы бөлімінің басшысы Әнуар Ескатовтың айтуынша, кіші архитектуралық пішіндерді орнату туралы шешім өткен жылдың аяғында пайда болған. Ол үшін бюджеттен 19,5 миллион теңге қаражат бөлініп, оның эскизін халық қалаулылары, зиялық қауым, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерінен құрылған арнайы комиссия бекіткен. Бүгін болса, Қостанай және Лисаковтан кіреберіс қақпада, мұз айдыны, «Горняк» жастар спорттық кешенінің стадионы, «Планета» сауда үйі мен мешіттің маңында орнатылған 13 мүсін қаланың көркі мен сәулетіне сән қосып тұр.
– Мердігер компанияға айтар өкпеміз жоқ. Барлық жұмысты келісілген уақытта аяқтады. Дегенмен қала тұрғындары мен қонақтарына айтар өтінішім бар. Фигуралар шыны талшықтан жасалғандықтан өте нәзік. Сондықтан мүсіндердің үстіне мінбеуін өтінемін. Барлығы халық үшін жасалғандықтан аумақты қоршаған жоқпыз. Түсіністік танытыңыздар, – дейді Әнуар Қорғанбекұлы.
Шынымен, бұл сөздің жаны бар. Өйткені, Рудныйдың 55 жылдығында ашылған «Достық» саябағындағы мүсіндердің түгел дерлігін бұзақылар сындырып тастаған. Ал оларды құрықтау қиынның қиыны дейді тәртіп сақшылары.
Айта кетейік, Рудныйдың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында Ленин көшесінің аллеясы мен он шақты үйдің қасбетін жарықтандыру жұмысы аяқталмақ. Сонымен қатар бірнеше жеке кәсіпорындардың демеушілігімен басқа да игі жұмыстар қолға алынатын болады.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ