Қауырсындай жеңіл, қырандай ұшқыр

Кез келген егін егетін шаруашылық үшін топырақтың құнарлылығы, болжаушылар хабарлаған ауа-райының дәлме-дәл келуі, арам шөп пен зиянкестерді жою, жанармайды барынша үнемдеу, күзде, қыста астықты бүлдірмей сақтап қалудан асқан қандай бақыт бар? Диқандар цифрландырудың қыр-сырын меңгеріп алатын болса, осы және өзге де толып жатқан машақаттан түбегейлі құтылар еді. Ал жаңашылдық бағытын Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары өз тәжірибелеріне енгізуді бастап та кетті. Енді соны рет-ретімен таратып берсек.IMG_8251
Елімізде цифрландыру бағдарламасын кеңінен жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысындағы А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Алматыдағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және біздің өңіріміздегі Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты дәлме-дәл сынақ полигонын енгізу жобасын қолға алып отыр.
Суреттегі ұшақ типтес аппарат пен ауа-райына арналған метеостанцияның Заречный елдімекеніндегі Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына келгеніне көп болған жоқ. Метеостанция күн райы жайындағы ақпаратты әрбір үш сағат сайын жаңартып беріп отырған прибор. Ал көбік аралас пластмассадан жасалған басқарушысыз ұшатын аппарат егістік алқаптарының үстін лезде айналып өтеді де, топырақ түсін, құнарлығын, арам шөптің бар жерін барлап, суретке түсіруге арналған құрал. Сол бойынша қай аумақты тыңайту, қай жерін улау керектігі жайында нақты ақпарат ала аласыз.
– Ауа-райының дәлдігіне келсек, біз Қазақстанның ғарыштағы жерсерігінен, Қазгидромет орталығынан өзімізге қарасты аумақтың ахуалына қатысты күнделікті деректі алып отырамыз. Бірақ ол ақпараттар жеткіліксіз. Гидромет орталығы облыстың немесе ауданның күн райын жалпылай береді. Айталық, белгілі бір егістікте бүгін жаңбыр немесе жел болмайды деген жалпы хабарлама алған шаруа егінге тыңайтқыш сеуіп тастады. Егер сол күні жауын жауып немесе жел көтерілсе, бар еңбегің зая кетті деген сөз – дәннің басындағы қымбат гербицидтер түгел ағып, шығын болады. Сол себепті біз өзімізге қарасты метеостанция орнаттық. Биыл осы австриялық Caipos құрылғысын 2 миллион теңгеге сатып алдық. Ол радиусы 10-12 шақырым аумақтағы жағдайды дәл жеткізіп отыр. Сонда ғарыш, гидромет және өзіміздің метеостанция арқылы үш рет тексеруден өткен болжам айна-қатесіз келеді. Ал метеостанцияның орталығы – Австрияда. Онда барлық деректі қорытатын бағдарлама бар. Қазір барлық мәліметті смартфондағы қосымша арқылы бақылап отыруға мүмкіндік алдық, – дейді Қостанай АШҒЗИ инновациялық технология бөлімінің басшысы Марат Ташмұхамедов.
Топыраққа химиялық сараптама жасау да егін шаруашылығы саласы ғалымдарының негізгі жұмысының бірі. Мәселен, бұрын белгілі бір алқапқа у шашқан кезде ол жердің өсімдігі бар ма, тақыр жер ме, орманы, ағашы бар ма, үстінен қосқанатпен ұшып өтіп, қаншама у ысырап болып, қажет емес жер уланып жататын. Ал ондаған мың гектар жері фермерлер қып-қызыл шығынға батады.
– Қазір жағдай басқа. Егістік танаптары ғарыштан түсіріледі. Ондағы фотосуреттерде алқаптағы топырақтың түсі жалпылай беріледі. Енді егістіктің үстінен жақындатып тұрып, нақты қай жерін улау, тыңайту керектігін білу қажет. Басқарушысыз ұшақ сол үшін сатып алынған. Тұмсығында камерасы бар құрылғы құс ұшатын биіктіктен айналып жүріп, әрбір шаршы аумақта кесінді-кесіндімен топотүсірілім жасайды. Суреттердің барлығы «НИТ KZ» зерттеу орталығына сараптамаға жіберіледі. Ондағы ақпараттар ғарыштан келетін мәліметке қосылады. Ғылыми дәлдік нақты болу үшін біз қосымша топыраққа бұрғылау жүргізіп, сынамалар аламыз. Айта кетейік, басқарушысыз ұшатын аппараттың көмегі зор болғалы тұр. Бұл тек барлаушы аппарат. Бұдан бөлек, алдағы уақытта арнайы у құйылған құтысы бар ұшатын құрылғылар сатып алу жоспарымызда бар. Ол алдын ала барлаудан алынған ақпарат бойынша егістіктегі нақты арам шөп бар жерді барып жеке-жеке улап кетеді. «Ақылды прибордың» көмегімен қыруар үнем болмақ, – деді М.Ташмұхамедов.
Шаруа үшін жанармай үнемдеу де үлкен проблема. Енді ол да шешімін тапты. Қазір әр техниканың қайда барған-келгенін, қанша шақырым жүргенін бақылап отыратын GPS құралы бар, ол көліктің жүріп өткен қашықтығына қарай жанармайдың да шығынын дәл есептеп береді. Бұл бір жағынан жанармай ұрлығына да үлкен тосқауыл болып отыр. Сонымен қатар, қырмандағы сақтау қоймалары да автоматты режимге көшкен. Ол астық температурасын, дән ылғал ма, қызып кеткен жоқ па, шіріп кетпей ме, соның бәрін реттеп, дабыл беріп отыратын «ақылды приборлармен» жабдықталып жатыр. Шаруашылықтарды цифрландыруға таптырмас мүмкіндіктің бірі де осы.IMG_8271_1
Үнем дегеннен шығады, биыл «Заречный тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС көктемгі егіс науқаны кезінде 3000 га жерге дәлме-дәл жұмыстарын жүргізіп, химиялық өңдеу, тұқым егу және жанармай шығынынан 5 миллион теңге үнемдепті.   
– Бүгінгі күні өңіріміздің агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру бағдарламасына сай біздің институттың 5 жылға жасаған жоспары бар. Облыста 5,2 млн га егістік алқап болса, біз 3,8 мың га жерімізге зерттеу жүргізіп жатырмыз. Алда зерттеу ауқымын 10 мың га жеткізуді жоспарлап қойдық. Кейін осы тәсілді басқа шаруашылықтарға енгізу де күн тәртібінде. Ол үшін семинарлар мен алқап күнін көбірек өткізіп, мамандар оқытуымыз керек. Компьютер, видео бақылау, көліктермен жарақтандырылған 70 адамға білім беру орталығын жасақтап, зертхана мамандарының біліктілігін арттыру жағын қолға алудамыз, – деді Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Ауылшаруашылығы ғылым академиясының академигі Нәбидолла Кикебаев.
Қазір институттың агрохимия және генетикалық зертханалары да заманауи құралдармен толығып жатыр. Мұның сыртында бір көлік ішіне орнатылған метеостанция, топырақ сынамасын алатын бұрғы, басқа да қажетті құралдары бар жылжымалы зертхана мен елімізде құрастырылып жатқан заманауи ауыл шаруашылық тракторларын алу да жоспарда бар екен. Ал бұл техникалық құралдар ғылыми-зерттеу институты жанынан сынақтан өтеді де, басқа серіктестік-шаруашылықтарға ұсынылатын болады.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓