Қостанайда Қытай тракторы құрастырылады
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған делегация жұмыс сапарымен Қытайдың Бейжің қаласында жүр.

Құрамында «Allur Group» АҚ, «Айтей Групп» холдингітік компаниясы және «ҚазАзот» АҚ өкілдері бар қостанайлық делегация қытайлық әріптестерімен болашақ инвестициялық жобалар бойынша бірқатар кездесу өткізді.
Қазіргі уақытта қытайлық СМС (China National Machinery Imp. & Exp. Corp.) мемлекеттік компаниясының «Allur Group» АҚ-ның капитал үлесіне ие болу мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі. Архимед Мұхамбетов аталған компания жетекшісімен СМС-дің таяу арада "Allur Group" құрамына кіру жоспары туралы келіссөздер жүргізді. Істің түбегейлі аяқталуы биылғы қазан айына жоспарланып отыр.
«Allur Group» еншілес компаниясы «Агромашхолдинг KZ» АҚ-ның басшылығы қытайлық YTO Group Corporation жетекшілерімен жүздесті. Компания Қостанай қаласында ТМД нарығына бағытталған жаңа трактор зауытын салуға ниетті.

YTO Group Corporation – негізі 1955 жылы қаланған «Sinomach» корпорациясының еншілес кәсіпорыны. ҚХР және әлемдегі машина құрастыру, тракторлар өндірісі, ауылшаруашылығы мен құрылыс техникаларын шығаратын ең ірі компанияның бірі. Осы жылдың 6-9 шілде аралығында Бейжің қаласында өткен қазақ-қытай іскерлік кеңесі кезінде «Агромашхолдинг KZ» АҚ Қазақстанда «YTO» таркторларын құрастыру бойынша әріптестік меморандумына қол қойған болатын. Компания өкілдері осы мәселе жөнінде таяу арада Қазақстанға келіп қайтпақ.
Қытайлық тарап Қостанай облысында машина құрастыру саласынан басқа жан-жақты астық өңдеу жобалары бойынша да мол қызығушылық танытып отыр.
Соның бірі бүгінде қазақстандық «BioGrain» ЖШС мен қытайлық әріптес-компаниялар Myande Group Co., Ltd. және Beijing Municipal Construction Group Co., Ltd. арасында бірлескен жобалар төңірегінде белсенді жұмыстар атқарылып жтарыр. Компания басшылары жақын арада Қостанайдағы Индустриялық аймақта жүзеге асатын мега жобаның құны 300 млн. АҚШ доллары екенін алға тартуда.




Қостанайлық делегацияның Қытайдағы жұмыс сапары апта соңына дейін жалғасады. Бейжіңде SANY GROUP Co. Ltd., SINOTRUK Limited International және Hanteng Auto Co. Ltd. компанияларының басшылығымен кездесулер жоспарланған. Сондай-ақ қазақстандық тарап Аньхой провинциясының Хэфэй қаласында теледидар өндірісімен танымал HKC Corporation Limited компаниясының зауытына барады.Еске салсақ, HKC Corporation Limited компаниясының өкілдері Қостанай облысында теледидар өндірісін қолға алу мақсатымен биылғы тамыз айының басында Индустриялық аймақты арнайы көріп қайтқан болатын.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі